Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған басылымның тұсаукесері өтеді
АСТАНА. 6 мамыр. BAQ.KZ - 11 мамыр күні Алматыда Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай жарық көрген басылымдардың тұсаукесер рәсімі өтеді. Бұл туралы Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігі мәлім етті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұсаукесер RIXOS-Almaty қонақ үйінің конференция залында өтпек. Атап айтқанда, мұнда XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысында қол бастаған қаһарман қазақ батырларының бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлы туралы «Ер Жәнібек - 300 жыл» анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағының, Моңғолиядағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романының, сондай-ақ «Керейде батыр Жәнібек» аудиобейне жинағының тұсауы кесілмек.
Конференцияға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия қатыспақ. Сондай-ақ конференцияда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын-жыршы Баянғали Әлімжан, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері Базарбек Атығай және басқа да қонақтар болады деп күтілуде.