Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ
ҮЙСІННАМА (3)
ЕЖЕЛГІ ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТАРИХЫ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҮЙСІННІҢ ТЕГІ МЕН ОҒАН
ТЕКТЕСТЕР
1. ҮЙСІНДЕР – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ТУМАСЫ
Жуыққа шейін адамзаттың төркіні туралы пікір екі ұдай еді.
Өткен ғасырдың 70 жылдарынан басталған “Һауа болжалы” 1980 жылдардағы әр құрлық адамдарының DNA сына жүргізілген зерделеулер арқылы күшейді. Талай археологтардың, генетиктердің, молекулалық биологтардың зерттеулері арқылы расталды. Сонымен жуықта, Комбриж университетінің генетика факультетіндегі антрополог, профессор Франсис Барокс сияқты ғалымдар, африкалықтардың өзге құрлықтағыларға қарағанда гендік жағынан өте көптүрлілігіне және өзге құрлықтағылардың Эфиопиядан алыстаған сайын ол көптүрліліктен арыла түсетініне қарай отырып, зерттеу қорытындыларын: “Адамзаттың этногенезі жайлы талас толастады. - дей келе, - Осызаман адамзатының тұқияны Африкадан келген, сосын жаһанды иелеген дейтін фактіге күмандану қиын” деп тұжырды.
Барокстардың пікірінше мөлшермен 70-80 мың жылдың алдында солтүстік-шығыс африкалықтардың (Эфиопиялықтардың) дене бітімі осызамандық адамдар деңгейіне толық жеткен. Сосын тез өсіп-өнген олардың көбі, өз жұртынан әлемге аттанып, әр тұстағы алғашқы жерліктердің (олар белгісіз себептен не осы ата-бабаларымыздың қолынан құрыған сықылды) орнын басып, дүниені иелеуге кіріскен. Бұдан 10 мың жыл бұрын бұл зор көлемді жабал көшке айналған. Қызыл теңіз бен Араб түбегі арқылы Иран үстіртіне жеткенде адамзат өркениеті тағы да дами түскен. Әрине көш жолында қоныстап қалып отырғандар да аз болмаған.
Шаңхайда, 1998 жылы өткен Жұңхуа (хән, хань) ұлты генетикалық тобының құрылымы мен функциясы жайлы жиында “шығарылған қорытынды - Жұңгоның оңтүстігі мен солтүстігіндегі адамдар тобында генетикалық айырмашылық расында да бар, алайда мұндағы генетикалық байланыс күрделілеу. Бүгінгі Азияның генетикалық қоры негізінен Африкалық этногенезге ие қазіргідей адамдардан бастау алған. Бұл һомо еректустан (түрегелген адамнан) кроманьондарға (қазіргі адамға) үздіксіз эволюциялану барысы шығыс Азияда болған деген тұспалды аударып тастады” [ ] делініпті.
Демек, бүгінгі ғылыми зерттеулердің нәтижесі арғы замандағы Ұлы Даладағы қалың тайпалардың арғы аталарының өңшең Африкадан көшіп келген саф қара нәсілділер екенінде дау жоқ деп отыр. Олар бертін келе ішіп-жем мен сыртқы ортаның ықпалынан өңшең саф ақ нәсілдіге өзгерген. Бұл олар үшін екінші кезең есепті еді. Үйсіндердің тегі - ең алдымен осы ақтар. Ал, ата-бабаларымыздың үшінші кезеңі - ақ пен сарының араласбасына (метистенуіне) өзгеруі бертінде басталған. Осыны білмеу кей адамдарды археологиялық табыстардан шыққан ақ нәсілді сүйектерді, бүгінгілерге жолатпай, қателесуге, тіке қазіргі еуропалықтарға итеруге апарып жүр.
Сонымен, адамзат дүниеге келуден бұрын жер шары бар болғаны сықылды, шығыстың Сыма Чяны мен батыстың Гередоты Ұлы Далалықтарды білуден бұрын, бұл Ұлы Дала тұрғындарға толы болатын және олар едәуір биік өрелі өркениетке ие еді.
Әрине ғасырлардың Ұлы Дала тұрғындарына әкелген өзгерісі көп. Бірақ ғалымдар ондағы әшкере де жиі өзгерісті үстем жіктегі ауысулар, ал бейайқын да баяу құбылуды эволюция деп біледі. Билік (үстем жіктік) өзгерістерге ере орда шаңырақтарының аты да өзгеріп отырған. Бірақ ол шаңырақ астындағы тұрғындардың заты оншама тез құбылмаған. Тек демографиялық ауыс-түйістер мен табиғаттық ықпалдар салдарынан тұрғындардың бет бейнесінде жоғарыда айтылғандай эволюциялық баяу өзгерістер ғана туыла берген. Ежелгі Үйсіндердің ұрпағы да, әлбетте, сол баяу өзгеріспен бүгінге жеткен. Бұл ұзақ тарихта сан көшулер де болғаны рас. Кеткендер де, келгендер де болды. Алайда кеткендер түбінен қопарыла, ұрық қалтырмай жоғалған емес. “Жылқы аунаған жерде де түк қалады”. Ол қалған ұрық та өнеді, өседі.
Жұңгоның ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясы тарих институтының директоры Тян Уейжяң ұлттардың тегі мен қалыптасуы жөнінде, ең әуелі методикалық жақтан бірлікке келіп алуды дәріптей келе, былай дейді: “Ұлттардың тегі мен қалыптасуы - шым-шытырық күрделі мәселе және сан құбылған кинетикалық процес. ... Бұрын бұл мәселеге бейстандарттық немесе ғылыми қамтымы кем тәсілдерді қолданып, тарих, тіл, тіпті әдебиет сықылды тек бір ілім аумағымен ғана кәсіби ізденіс жасау кезікті. Нәтижеде ол, ішінара жақтарынан кей жетістікке немесе тармақтық мәселеге қаратылған жауапқа қол жеткізгенімен, мәселенің тұтастай шешілуін ілгерілетуге көмектесе, өзгені иландырарлық ғылыми салдарды шығара алмады. ... Біз ұлттардың төркіні мен қалыптасу процесінің өте күрделі, көп тамырлы екенін, оны зерделеу ісжүзінде көлемі ұлан-қайыр универсал жүйелік инженерия екенін мойындауға тиіспіз. Сондықтан төркін мен қалыптасу мәселелерін тек универсал ғылыми зерттеу тәсілімен ғана жүргізген дұрыс. Бұған байланысты ілім өңірі мен зерделеу өрісінің өте кең болуға тиістілігі табиғи. Ірі теореялық қаңқа кем болса әрине болмайды, бірақ кейде бірер ұсақ мәселені шешу бүкіл тұлғалық нәтижені жарық еткізе алуы да ықтимал. Сондықтан микролық зерттеуге де баса мән беру қажет. Бұл арада, бұрынғы дәуірді үзбелеп зерттейтін тарихи әдістемені қолдана беруге болмайды, ал тек қана лингвистикалық әдістемеге арқа сүйеудің де олқлықтары бар. ... Лингвистикалық деректерді ұлт төркінін іздеуге істеткенде сақ болған жөн. Тіл - ұлт қалыптасуындағы басты шарт. Тілдің ұлттың өмір сүруімен өзара арқа сүйейтін тығыз байланысы бар. Ұлттың толып жатқан белгілері іс жүзінде тіл арқылы білдіріледі, аңыс етіледі. Алайда тіл мен ұлт парықты. Олардың әр бірінің өз ерекшелігі мен даму заңдылығы бар. Бұл екеуі бірге пайда болмаған ғана емес, даму процесі де адымдас емес. Тілі ортақ заты бөлек ұлттар да бар, бір ұлт тұрып әр тілде сөйлейтіндер де бар. ... Сондықтан мұны зерттеп қузағанда әдебиет (материал), антропология, археология, дінтану, этнография, т.б. көп ілміи теореялық әдістемеге және көп ілімнің қатысты нәтижелеріне сүйенген жөн... Нәсіл немесе тұқым - іс жүзінде адамдарды дене ерекшелігіне қарай айыратын биологиялық класификация. Ұлт - тарихи қалыптасқан тілдік мәдениет, экономикалық ерекшелік және тұрмыс салт белгілерімен құралған ортақ тұлға, түп мәнінен алған социологиялық класпикация...” [ ] дейді (мына сурет - 2006 жылдың 20-қыркүйегінде Эфиопиядан табылған, 3 миллион 300 мың жылдың алдындағы, тастанған, ежелгі адамның бас сүйегі).
Демек расында да, Адамзаттың этногенезі жайлы талас толастады. Осызаман адамзатының тұқияны Африкадан келген, сосын жаһанды иелеген дейтін фактіге күмандану қиын. Бұл саф қара нәсілді ата-бабаларымыз бертін келе өңшең саф ақ нәсілдіге өзгерген. Үйсіндердің әлгі қаралардан кейінгі тегі - ең алдымен осы ақтар. Ал, ата-бабаларымыздың одан кейінгі кезеңі - ақ пен (шығыстан келген) сарының араласбасына (метистенуіне) өзгеруі бертінде басталған.
(А) САҚТАР САН ТАЙПА БОЛАТЫН
Ұлы Дала кіндігіндегі қазiргi Қазақ Даласын ежелгi адамзат (ісжүзінде кейін келе құрып не сіңіп кеткен әлгі адам тәрізділер) бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекендеген. Мұны Қаратау, Маңғыстау өңiрлерiнен табылған дүниелер дәлелдейдi. Ал, ерте палеолиттiк (содан б.з.д. 150 — 130 мыңжылдықтарға дейiнгі) ескерткiштер Тәңіртау, Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертiс,... алабынан табылып отыр. Орта палеолитке (мустье) жататын (содан б.з.д. 35 — 30 мыңжылдықтарға дейiнгі, қазіргідей адамдарға тән) ескерткiштер де бұл өңiрлерде көп. Кейiнгi палеолит (одан б.з.д. 12 — 10 мыңжылдықтарға дейiнгі) дәуiрiнде адамзат бұл өңірдiң барша аймақтарына тараған.
Африкалықтардың көшінен Ұлы Даланы келіп жайлағандардың бізге аты келіп жеткендерінің ең алғашқысы - еуразиялық сақтар. Сақ (Скиф) - Ұлы Даладағы туыстас тайпалардың ортақ аты. Сақтар - ерте темір дәуірінде Ұлы Даланы мекендеген тайпаларға байланысты жалпылама атау. Бұл атауды бізге жеткізген ең көне жазба деректер кемінде үшеу:
1. Грек авторларынан Геродот (б.з.д. Ⅴ-ғасыр), Ксенофонт, Птоломей (б.з.д. Ⅱ ғасыр) сияқтылардың жазба деректері.
2. Б.з.д. І- ғсыр басында тамамдалған «Тарихи жазбалар» мен одан сәл кейінгі «Хәннама» сықылды хән жылнамалары.
3.Көне парсы кезінен қалған Бехистон сына жазулары.
Ұлы Даланы кіндік еткен өңірдің сақтарын әркім өзінше атапты. Гректер Ескитай (Scythians, Σκύθαι), Ескутәй (Skutai, Skuthoi)десе, ертедегі парсылар мен үнділер сактар (Saka) деп хаттапты. Жұңгоның жылнамаларында Сақ (Сай, Сәйжоң, Сек ) делініпті.
Көне парсы деректері сақтардың үш үлкен тобы барлығын айтқан. Бұл үш үлкен топ ғылымда кең қолданылып келеді:
1. Хаума варга (Хаммоварга, хаома ішімдігін пайдаланатын) сақтар.
2. Тигра хауда (шошақ бөрікті), геродотша ортокарбион сақтар.
3. Тяй - парадрая (теңіз артындағы) сақтар.
Орта Азия мен соның маңында өмір сүргендерді байқаған “Ертедегі Грек тарихшылары сақтардың массагет, яксарт, абий, дай, корат, комар, аскатаг, исседон, асси, аримасеп, сармат, каспи, т.б. толып жатқан тайпаларын хаттаған екен” [ ]. Бұл деректі беріп отырған кітапта бұл тайпалардың атамзаманнан бері қазақ тайпалары тіршілік еткен - Арал, Сыр, Талас, Қаратау, Келес, Шыршық, Андрон, Тәңіртау, Шу, Іле, Тарбағатай, Алтай, Жем және Каспийдің айналасы сықылды сулы-таулы жерлерде өмір сүргенін нақтап жазыпты. Әрине ол тарихшылардың аяғы жетпеген жер де, байқамаған, естісе де хатқа түспеген тайпалар да толып жатыр.
Әйтеуір, “... Б.з.д. І- мың жылдықтың денінде, Қара теңіздің солтүстігі мен Қазақ даласында Скитай (Скит) немесе Сақ атты күшті көшпелі тайпалар одағы жатты... Скитайлардың шығысында тағы бір көшпенді массагет (Massagetae) дейтін ұлт болды. Массагеттер мен скитайлардың жуықтығы бар. Бірақ айырмашылығы да өте анық. Оларды скитайларға ұқсамайтын өзге бір ұлт деуге болады... Массагеттерді Ұлы жүздермен теңестірудің шабыт берер жағы бар. Massa - арий диалектінше үлкен (ең дұрысы Шадыман Ахметұлының талдауы - ‘Мас’ деген ертегі түрікше ‘Бас’. - С.Ж.) деген сөз. Getae дегенді Нүкіске (Жүзге) телуге болады” [ ].
Б.з.д. Ⅶ-ғасырдың соңын ала бір зор аласапырандылық болған екен. Сонда Исседон (Issedone - тохарлар мен арийлердің араласбасы деу бар), Искитай, Циммериян (Cimmerian), Аримаспи (Arimaspea - Геродотша айтқанда “жалғыз көзділер”, түрік аңыздарындағы төбегөздер, «Жоу Мууаңның ғұмырнамасы» делінетін ханзуша кітапта айтылатын думурін - жалғызкөзді) тайпалары бірін бірі қуып, ығыстырып, недәуір зор ұлттар көшін тудырған (Жоғарыдағы сурет http: //imgsrc. baidu. com/baike/ торсайтынан алынған парсы қабырға суретіндегі шошақ бөрікті сақтар).
Бұл кезең туралы Жақып Мырзахановтың мына баянының да қисыны бар. Ол: “Сақтар жөніндегі Геродоттың «Тарих» атты, Мырнандырдың «Грек тарихының фрагменттері» атты шығармаларындағы деректерге сай және Жұңгоның «Жоу патшалығы тарихы» мен «Таң патшалығы тарихындағы» түріктердің ата-бабасы туралы аңыздарға сай, қазір еліміздегі және шетелдердегі көптеген зерттеушілер б.з.д. Ⅶ-Ⅲ ғасырларда көркейіп-гүлденген сақ тайпаларының бір бөлегі б.з.д. Ⅵ ғасырындағы Иран патшасы Даридың, Ⅳ ғасырындағы Грек патшасы Александр Македонскидің (Ескендір Зұлқарнайдың) шапқыншылықтары салдарынан, б.з.д. Ⅳ-Ⅲ ғасырларында батыстан шығысқа көшкен деп қарайды. Б.з.д. Ⅱ- ғасырда сақтар шығыста Орта Жазықтың (хәнзулардың) шекарасына дейін барған... Батыстан шығысқа ауған сақтардың тиграхауда (шошақ бөрікті) сақтар екені, олардың аты кейін еліміздің тарихи жазбаларына Хауда (Худат, Хоуже - С. Ж.) деген дыбыстық аударумен түскені туралы жорамалдың өзіндік ғылыми құны бар деп қарауға болады. Өйткені хәнзу дыбыстауымен жазылғанда “тигра” қалып, “хауда” ғана алынып, қысқартылып жазылған болуы әбден мүмкін. Көптеген зерттеушілер хоже (худат) ертедегі қыпшақтардың аты деп қарайды. Ендеше жүздер мен сақтар осы хуже ұрпақтары болады. Худат әсіліндегі тиграхауда сақтары делінсе, онда олардың бұрынғы мекендері қазіргі қазақ даласындағы үйсін, қаңлы, аландардың ежелгі жұрты болып шығады, яғни олар - гректер ‘массагеттер’, ирандықтар ‘сақтар’ деп атаған халықтардың тіке ұрпағы. Анығырақ айтқанда, олар - б.з.д. Ⅶ-Ⅲ ғасырларда Каспий теңізі мен Арал теңізі өңірінде жасаған сақтардың ұрпағы” [ ]. Жақыптың бұл талдауын «Солтүстік әулеттер тарихы. 99-бума. 87-баян. Түрік, Батыс Түрік, Телек» дегендегі: “Түріктің арғы аталары Батыс теңіздің [ ] оң жағын мекендеп, өз алдына ұлыс құрған. Олар ғұндардың бір тармағы болса керек. Тегі - Ашына...” делінуі мен Лин Ганның “Шюе Зұңжың... мақаласында ‘Түріктің ұйтқы тегі - Ашинаның арғы төркіні Каспийлік Сақ [ ]. Шығыстағы Шөл солтүстігіне ауғасынғы Хуже (Хагат, Қыпшақ), Худы (Қыпшақ)... Алтайға келгесін Түрік (Тужюе) атана бастады. Алтайда телылер (бұлар да түріктер. - С. Ж.) көп болатын. Ашиналар қалың Телы этносының ішіне кіргесін, көп ұзамай бір-ақ телілесіп кетті’ деп жазады... Демек, б.з. Ⅵ-Ⅷ ғасырларындағы... Түрік қағандығы - іс жүзінде телілескен (түріктенген, демек өзіне қандас, тілдес өзге диалекттегі тайпаларына бірігіп ұлыланған - С. Ж.) сақтар құрған мемлекет” [ ] деуі тіптен мықтай түседі. Демек, үйсіндер - гректер “массагеттер”, ирандықтар “сақтар” деп атаған шошақ бөрікті сақтардың тіке ұрпағы.
Бұл арада мынаны ескерту артық бола қоймас. Бұл ежелгі дерек көздерін хаттаушылардың (мейлі Сыма Чян бол, мейлі Геродот бол, мейлі басқа бол) әркімі өзі тұрған елге таяу өңірдің немесе өз аяғы жеткен тұстың дерегін жиған және оған құлағы шалғаннан сенгенін қыстырған. Бұларды ғылыми ой елегінен өткізіп, тарихи шындыққа таяу күйге апарып, қисынды құрау - бүгінгілердің міндеті.
Төмендегі картадағы - сақтардың тайпалары мен олардың жайласу ахуалы. Жасылда: жоғарыда Орал тайпалары. Оңда жүздер. Астыда Үнді хандығы, оның сол тарапында арабдар, Рим империясы. Сарғышта: кесек жазу - скитайлар (сақтар). Оның ішіндегі сол жақтағы сарматтар. Оң жақтағы түрік тайпалары. Астыдағы хоразмдықтар, соғдылар, бактриялықтар, үнді сақтары. Қызылда Парфия (Арсак). Оң жақтағы картада Ұлы Дала батысына ығысқан сақтардың б.з.д. Ⅶ-Ⅳ ғасырлардағы батысқа ауу маршруты.
Әрине бұл сақтардың сан тайпа екені белгілі. Доктор Зардыхан Қинаятұлы айтқандай, “Сонау моңғол құмынан бастап Қара теңізге дейінгі аралықта біркелкі түрік, не біркелкі үнді-еуропалық елдер болды деген тарихи шындыққа сай келмейді. Алып далада әртүрлі көшпелі халықтар мекен етті” [ ]. Сол тайпалардан бүгінгі алуан ұлт өсіп-өнген деу қисынды да, бүгінгі Ұлы Дала жұртының тегін осы сақтардан өзгеден іздеу қисынсыз. Егер http: //imgsrc. baidu. com/baike/ дегі мәліметке зер салсақ, онда оның ана (Жоғарыдағы) картасының сақтарға берген орны өте тар, түрік тілді сақтарға арнағаны одан да тар екенін байқайсыз. Іс жүзінде еуразиялық сақтар шығыстағы Татар бұғазынан батыстағы Қара теңізге шейінгі өңірді бірақ жайлаған. Бұл сайтда: “... Гередоттың «Тарих» дейтін кітабында, ‘Сақтар бір түрлі биік бөрік киеді. Бөріктері әрі тік, әрі қатты. Төбежағы үшкір. Олар шалбар да киеді. Өз елінде жасалған садағын, жебесін ала жүреді. Бұдан сырт өздері сақаарыс деп атайтын айбалталары да болады’ деп жазылыпты. Сақтар, кейін келе әлсіреп, толып жатқан тайпаларға бөлініп кетті. Б.з. Ⅴ- Ⅳ ғасырлардағы ұлттық ұлы мұһажират (ауу) кезінде Ғұн тәңірқұтына ілесіп еуропаға кеткен (Жоғарыдағы картаға қараңыз. Бұл Ұлы Даланың бір бөлік сақтарының б.з.д. Ⅶ-Ⅳ ғасырлардағы батысқа ауу маршруты) аландардың бір бөлігі де - солар. Кең мағынадағы сақтар Орта Азияда, Батыс Сібірде һәм Алтай аясында көшпей қалған тайпаларды да қамтиды. Бұлардың мәдениеті, өнері және тұрмыс салты Оңтүстік Ресей мен Иран сақтарына өте ұқсас. Сақтардың тұлғасы биік те шымыр, көк көзді, тұмсықты, сақалды келеді. (Жоғарыдағы екі кісілік сурет Күшардағы будда қабырғасуреті. Сол жақтағы ердің көккөз, жирен сақал, тұмсықты екеніне назар аударыңыз. Ⅸ ғасыр)) Нәсіл жағынан сарматтарға, массагеттерге таяу. Тілі, әлеуметтік тұрмысы, мәдени дәстүрі мен діні де негізінін ұқсас” делінген. Зардыхан Қинаятұлы: “Біз сақ мемлекетін шығыс сақтармен, шығыс массагеттері, тиграхауда, каспий сақтары, хаммобарга сақтары, аргиппейлер сияқты қазіргі өз даламызда өмір сүрген сақтарды бүгінгі қазақ мемлекеттігімен тікелей байланыстырып қараймыз” деп өте дұрыс айтады.
Тарихшы Су Бейхай Кеңестер Одағының Осипов дейтін ғалымының “ Б.з.д. 140 жылы Скитай тайпасы Жұңгоның батыс бөлігінен келген, Жұңго тарихнамалары Йөжы деп атайтын өзге Скитай тайпасы жағынан қуылып, Аму дәриясы бойындағы жайылымынан айрылып Бактрияға таяды ” дегенін ауызға алады. Демек “сақтар, скитайлар, скифтер” деген - шығыстағы Жүз сықылды талай тайпаны да қамтыған, Ұлы Даладағылардың ортақ аты.
«Тайланд мемлекетінің тарихи деректеріне қарасақ, скифтер-сақтар Тайландқа дейін барған» дейді профессор Еренғайып Сәліпұлы Омаров
Демек сақтардың (скитайлардың) тараған регионы өте кең. Кей әдебиеттер бұларды: Нәсілдік жағынан бір болғанымен, ұқсамаған региондағы аты да әр келкі. Тарихшылар әдетте батыстағы сақтарды скитайлар деседі. Каспийдің солтүстік-батысындағыларды сарматтар, солтүстік-шығысғында- ғыларды аорсылар (aбзойлар, кейінірек аландар) деп атады. Енді оңтүстік-шығыстағыларын - Аралдан Іленің аяғына шейінгілерді сақтар, массагеттер десті... деп те жазады.
Жақып Мырзаханов айтқандай, “Бехистон жазбасында суреттелген шошақ бөрік киетін сақтар мекендеген өңірдің орталығы қазіргі Жетісу алқабы еді. Шошақ бөрікті сақтардың бір бөлігі бастабында Батыс теңіздің батысын мекендеген”[ ]. Әрине мұндағы әр үлкен топтың өзі де сан тайпа болуға тиісті. Соның ішіндегі Шошақ бөрікті (жоғарыдағы Гередот айтқан) сақтар Орқон өзенінен тартып Алтайдан Сырға дейінгі өңірді мекендепті. Талай ғалымдар бұларды сақтардың түрік тайпасына (turkic tribes) жатқызады. Іс жүзінде оларды Байқалдан Сырға шейінгі өңірді қоныстанған деу жөн. Өйткені кейінгі тарихи шындық (мысалы бүкіл Моңғолия даласын алып жатқан түрік тілді тас бітіктер мен талай жылнамалардағы деректер) соны құптайды. Бұл өңір Үйсін ұлысына қараған аумақты да қамтыған. Өзге сақтардан аргиппейлер мен исседондар Сарыарқадан Еділге қарайғы өңірді, аримаспылар шығыс жақты, сарматтар Кавказдың солтүстігін мекендеген көрінеді. Үнді-еуропа сақтары қазіргі Пәкістан мен Ауған жақта тұрыпты. Бұлардың кейін жоғарыда көрсетілген картадан таба алмайсыз. Ол картада Сарыөзеннің (Хуаңхының) аяғына шейін ат ізін салған тохарлар тіпті жоқ.
Орта Азия тарихының білгірі Уаң Жылай: “Ол кезде Қазақстанға таралған тайпалар сақтар қауымының солтүстіктегі тобы еді. Олар түрік тілінде сөйлесетін... Алтай районы - түрік ұлтының атамекені” [ ] дейді.
Ұлы Даладағы бүгінгі түріктердің ата-бабаларын қамтыған бұл сақтар, Ұлы Даладағылар түгіл, одан аулақтағы талай халықпен де мейлінше араласқан. Бұл сөзімізге де мысал ала кетейік.
Жан саны бүгінгі ханьдерден (Жұңгодағы басты ұлттан) қалысбайтын үнділер де сан этностан құралған. Мысалы, “ол жердің аборигендері (ең ежелгі тұрғындары. - С. Ж.) саналатын, тектестері сонау Спания, Морокко сықылды елдерде де жүрген негриттерден (Negrito), бүгінгі австралия аборигендеріне ұқсайтын алғашқы австралиялықтардан (Proto Austaloid), жерортатеңіздік кавказдықтар аталған медиттерандардан (мediterranean), үнділік арийлардан (ариандардан), моңғолоидтардан (мongoloid), т.б. дан құралған. Б.з.д. І-ғасырдың басында, Ұлы Даланың оңтүстік жағындағы сақтар Парфияның (Арсак) қысымынан Үнді дариясының құярына басып кіріп, біртіндеп күшейеді де, бүкіл батыс Үндіні иелейді. Кейін әлде неше ұлысқа бөлініп кетіп, ұлысбасыларын кісатрапа десетін болады. Артынан бұларды Кушан империясы бағындырды... 395 жылы соңғы Сақ билеушісі мерт болады. Сақтар үстемдігінің Үндінің ертедегі тарихына едәуір ықпалы бар” [ ].
2. Түрік тілді халықтар түгіл, өздерін “ұлудан (айдағардан) тарағанбыз” дейтін, бүгінде мүлде моңғолоидтарға жататын хань ұлты ғалымдары да “түп-тұқиянымыз хауашя этносы тап-таза ақ нәсілді екен” дейтін көзқарасты дәлелдеп шығыпты [ ]. Ланжоу университеті тіршіліктану институтының профессоры Шие Шяудұң DNA лық зерттеулерге сүйене отырып, “Саф нәсілді хань ұлты жоқ болып шықты... Тағы бір қызықты жері, жұңголықтар әдетте өздерін Ян мен Хуаң екеуінің ұрпағымыз деседі. Бірақ зерттеулерге қарағанда, Хуаң (Хуаңди – Хуаң патша) бүгінгі Ганьсу өлкесінің Тяншуйы маңынан, Ян (Янди – Ян патша) Шәншидің сары топырақты үстіртінен шыққан. Бұл өңірдің бәрі Тұниязыға (ертедегі Жұңгоға, Орта Жазыққа) жатпайды. Бұл жерлер ежелден Солтүстік дилер (тиектер) мекені делініп келген. Сондықтан хән ұлты деген - тек белгілі бір кезеңдегі аумақтық бөлу ғана. Бұл ұлт айрықша анықтамаға ие емес. Әншейін маңайдағылардан парықтау үшін ғана тұрғызылған ұғым” дейді. Жөн сөз. Бірден, бұл ұлт та - қырық темірдің қылауы. Екіден, хань деген ат оған Хань әулетінде болғаны үшін ғана тағылған. Үшіншіден, Хань әулетінің аты оны құрған Лю Баңның тек патшалық таққа шығар алдында Ханьжұң аумағын билегені үшін ғана қойылған. Бұл Лю Баңның не ата - тегі, не тайпасы емес.
Сондықтан ханьдердің “түп-тұқиянымыз хауашя этносы тап-таза ақ нәсілді екен” дейтін көзқарасына да сенуге әбден болады. Б.з.д. Ⅸ-Ⅷ ғасырлада сақтар Хуаңхының солтүстігіне дейін барған және оларды Жұңгоның жылнамалары кейде “Юншиң нұмдары” (Үйсіннің нұмдары) деп те хаттаған [ ]. Өйткені олар үйсіндерге (демек түріктерге) қандас жұрт бопты. Бәлкім жоғарыдағы картада тұрған түркі тайпаларының шығыстағы бірі шығар. Әуелі, Таң әулетінің 750 жылдарына таман келгенде Сарыөзен аяғының солтүстігіндегі (қазіргі Хыбей, Шандоң, Шанши мен оның төңерегіндегі) елді әліге шейін түріктігін сақтап, толық хандесе қоймаған деу де бар .
Сақ тайпалары мен Ортажазық ұлысы ара байланыс та, тіпті қақтығыс та ерте басталған. Мысалы, “Өзен (Хуаңхы дариясын айтып тұр. - С. Ж.) батысындағы “көшпенді тайпалардың сұғанақтығын түбегейлі жою үшін”, б.з.д. 623 жылы Нұм ханына әскери соққы беріліп, көшпенділердің толып жатқан жері тартып алынды. Мұның арты жеңілген бұл тайпалардың Ұлы Даладағы солтүстік пен батысқа көшуіне барып соқты. Бұлардың ішінде Юншиң Нұм, Бактрия, Нүкіс, Сака, т.б. тайпалар бар-ды. Б.з.д. Ⅶ ғасырдың соңында бұл тайпалар Іле, Шу өзендерінің өңірінен көрінетін болды”[ ] делінген дерек бар. Одан сырт Хань жылнамаларында (мысалы «Ижиң» деген кітапта) батыстағы “Гуйфаң” дейтін бір ұлтпен жыл он екі ай соғысқанының естелігі тұр. Ғалымдар «Жаңа таңнама. Батыс өңір баяны» сықылды кітаптар мен хань тіл-жазуындағы ежелгі ерекшеліктерге негізделе отырып оны тохарлармен байланыстырады. Неміс ғалымы Маркод сықылдылар Тохар деген Бактрия (Дашя)[ ] деп жүр. Мұны қолдайтындар да барған сайын көбеюде. Ғәйрат Абдырахман да: “Тохар деген Грек географтарының Ұлы жүзге қойған аты. Іс жүзінде Ұлы жүз - Тохар жүйесіндегі ұлттардың ең тебінділерінің бірі ғана... Тәйшя мен ежелгі Грек қаламгерлері көтерген, Орта Азияның шығысындағы дала тайпасы Тохар дегендер оқылым жағынан таяу болғандықтан, зерттермендердің бәрі Алғы Чин жазбаларындағы Дашя дегенді Таң әулеті жазбаларындағы Тохар деп біледі” [ ] дейді. Әйгілі тарихшы Шюй Жұңшу Дашя (Бактрия) деген – Шя ұлты деп біледі. Ендеше бұлардың пікірінше, Дашя (Тохар) - Даюй[ ] құрған Шя әулеті болып шықпай ма. Олар және бір соғыста күйрей жеңілген шялар Ұлы юежылармен (ұлыжүздермен, ұлы нүкістермен) бірге батысқа ауып кеткен деседі.
Осы айтылғандардан мыналарды аңғаруға болады:
1. Орта Жазықтағы жан санының артуы оны ірге кеңейтуге ерте итермелеген.
2. Сақ тайпаларының бір бөлігінің (мысалы жоғарыда аталған Юншиң Нұм, Бактрия, Нүкіс, Сака, т.б.лардың) шығыстағы етегі сонау Хуаңхының солтүстігіне дейін барғаны рас.
3. Хуаңхы өзенінің оңтүстігіндегі хань тектестердің (көбі сары нәсілді болуға тиісті) күшеюі салдарынан, бұл сақ тайпаларының бір бөлігі оларға бағынып, сіңіп кеткен, болашақ хань ұлтын құрауға қатысқан. Енді бір бөлігі еріксіз солтүстікке не батысқа ауған. Болашақ Ғұн қағанатындағыларға келіп қосылған.
Бүгінде, бұлар және бұлардың тіршілік өресі, олардың бүгінгілермен байланысы туралы дұрыс пен бұрыс тұжырымдардың бәрін де кезіктіруге болады.
Мысалы,... хань тілінде жазылған жылнамаларда да кейде дұрысқа, кейде бұрысқа шалқу барлығын жасырудың қажеті жоқ. Мыңдаған жылдың алдындағы олар түгіл, информация техникасы ұша дамыған бүгінгі күннің өзінде де ауыс-ағат кететіндер аз емес екенін көріп жүрміз. Мысалы, ол жылнамалардың Ұлы Далада жатқанның бәрі сақтар не солардың ұрпағы екенін аңғара алмаған соң, тек үйсіндер барудан бұрынғы Ілеліктерді ғана сақтар деп жаңылысқан жері бар. Бұл жаңылысуды біз әлгі бүгінгі ҚХР ШҰАР ындағы алтайлықтарды Керей, Ілеліктерді Қызай деп, бәрінің де қазақ екенін аңғара алмаған беті, хаттай салушыға ұқсатамыз. Дегенмен бұл жылнамалардың сол кездегі Іледегі Үйсін туралы сөйлеп келе жатып, “Үйсіндер ішінде сақтар, ұлы жүздер (Даюешы, Ұлы нүкіс, Дароужы - С. Ж.) де бар” [ ] деп шындыққа таяй түсетін кезі де жоқ емес. Бұл жылнамалардағы олқылықты бүгінгілер толықтауға тырысуда. Мысалы, “Тарихи деректерге қарағанда, 3000 жылдың алдында, сақтар Памирде, Тәңіртауда және Шынжаңның солтүстігіндегі кең регионда жүрген екен. Толып жатқан көшпенді ұлттар секілді, олар негізінен жайылым қуып, малға ере жылжыған, кен қорытып, темір қарулар өндірген. Б.з.д. Ⅲ-ғасырдың соңында, таптық қоғамға өтіп, мемлекеттік билікті тұрғызған. Сақ патшасы ең жоғарғы билеуші болған” деп жазысу да бар [ ]. Дегенмен мұнда да сақтар қонысын аумақ жағынан тарылту мен оны өз ұрпағынан, мұрагерлерінен бөле қарау байқалады.
Демек,... сақтар - талай тайпа. Олардың Орта Азиядағы бір бөлігінің б.з.д. Ⅵ-Ⅴ ғасырларда парсылардың Ахемен әулетіне бағынып тұрғаны да, кейінірек парсы патшалары Кир мен Дарийдың тәуелсіз болып кеткен олармен әскери одақ құрғаны да, артынан уәдеде тұрмай бұл сақтарға қарсы жорық жасағаны да - ғылымдағы айқын ақиқат. Шошақ бөрікті сақ [ ] патшаайымы Томирис (Тұмар ханым) бастаған сақтар Кир армиясымен қатты айқасып, оларды жеңеді. Бұдан кейін (б.з.д. 518 жылы) Дари І де бұл сақтарға шабуыл жасап, оларды бағындыра алмапты. А. Македонский (Ескендір Зұлқарнай) әскерімен аяусыз күрескен сақ қаһарманы Спитамен туралы жазбалар да бар[ ]. Демек Сақтардың кемінде бір бөлігінің ол кездегі ирандықтармен, туыстығы мен татулығынан гөрі, жауласқан жағы көбірек болған. Ол заманның этностар ара байланысын талдағанда мұны да ескерген жөн.
(Ә) САҚТАР ӘР ТҮРЛІ ТАЙПАЛЫҚ ТІЛМЕН СӨЙЛЕСКЕН
Алдымен ол замандағы тайпалық тілді тәп бүгінгі қатты дамыған, сол барыста бір бірінен алыстаған тілдер кейпінде елестеткен қисынға қона кетпейді. Доктор Зардыхан Қинаятұлы айтқандай: “Сақ мемлекеті бір орталыққа бағынған мемлекет болған жоқ. Оның 20 страпы (бөлімі) болды. Әр түрлі тілде сөйледі. Геродот ‘сақтар аргипейлерге келгенде 8 тілде тілмаш арқылы сөйлесті’ деп жазды. Сондықтан сақтарды тек үнді-еуропалықтар немесе тек түрік тектестер,... деуге келе бермейді. Ал, сақтардың шығыс бөлімінің негізгі тобын қаңлы, үйсіндер құрады. Страбонның шығыс сақтар дегеніміз - қаңлылар деген сөзі бар” [ ]. “Сақтар ұлттық құрамы жағынан көп этностық, саяси құрылымы жағынан конфедеральдық қауым болды. Олардың батыс тобы тіл мәдениеті жағынан үнді-европалықтарға, шығыс бөлімі түріктерге жақын болды”, “Жалпы сақ атанған жұрт – еуропаның туындысы емес. Геродоттың айтуынша, мысалы, қара теңіз сақтары “Азиядан ауып келгендер” болып табылады....Сақтардың батыс және орталық бөлімдері үнді-иран (тохар) тілдес, Жетісу-Алтай тобы түркі тілдес жұрт” . Доктор Нәбижан Мұхаметханұлынша айтқанда, “Біздің этногенезіміз сақтардың шығыс бөлігінен бастау алады. Ол сақ деген - таза үнді-еуропалық емес, көптеген тайпалардың құрамы. Шығыс бөлікте түріктік элементтер көп” болатын. Ал, енді доктор Мәмбет Қойгелдінің де сақ дәуірін зерттеп жүрген италиялық ғалымның: “Сақ дәуірі мәдениеттің, тілдің әлі толық қалыптасып бітпеген, балаң дәуірі. Сондықтан мен тек мына тілде сөйледі дегенге қарсымын. Сақтар тілінде ол кезде иран да, түрік те сөйледі, екеуіне бірдей ортақ тіл болды” дегенін айтқаны, сосын “Мен де осы тұжырымды қостаймын. Біз бүгінгі күннің өлшемімен ежелгі ғұн дәуірін зерттеуге барамыз. Осынымыз қате. Ол кезде моңғол тілі әлі қалыптаспаған, түрік тілі де қалыптасу жағдайында болатын. Тілдер мен мәдениеттер үшін өтпелі кезең болған тұс еді” дегені бар [ ].
Міне тарихты, әсіресе арғы тарихты осылайша талдау керек. Пәлен тайпа қай тілде сөйледі дегенге келгенде, түген тілде деп берген жауабымыз салыстырмалы сөз екенін, ол тулен тілдің өзіне аттас бүгінгі тілмен мүлде ұқсас болуы мүмкін емесін, арада мыңдаған жылдық тіл тарихы мен тіл эволюциясы жатқанын, өзгені қойып, мың-ақ жылдың алдындағы түрік тас бітіктеріндегі тілдің бүгінгі түрік тілдерінен көп парыққа ие екенін ескере отырып сөйлегеніміз дұрыс. Мысалға ежелгі түрік тілі мен ежелгі шығыс иран тілін алсақ, ол заманда бұл екеуінің бірінде екіншісі болған. Бүгінгідей алшақтап кетпеген, бірінде түрік тілінің, екіншісінде иран тілінің элементтері басым болған. Тілдік айрмашылық болса да, ерекше не тым ресми салттық жағдайды былай қоя тұрғанда, бірінікін бірі ептеп түсінетін күй кешкен.
Тілгерлердің бір тобы, сақтардың көп тайпалы екенін мойындай тұра, оларды тек бір ғана тіл жүйесінде, яғни иран (үнді-еуропа) тілді болар деп санауының, тұрмыс салт (етік, шалбар киетіні, үзеңгі істететіні, ат үстінен жақ тартатыны, т.б.) жағынан сақтардың өз мұрагері ғұндарға (түрік, моңғол тілділерге) мүлде ұқсастығын ескермеуінің, Ұлы Далалықтарда тілдік айрмашылық болғанымен, бірінікін бірі түсінетін күй кешкенін қаперге алмауының қателігі осы арада.
Бұл сақтармен ерте араласқан хәндердің жылнамаларында сақтар туралы мәліметтер едәуір бар. Ол заманның хань тілді жылнамалары, кейде: “Сақтар бытыранды, қашанда көп мемлекет. Шәліктің (Шулының - С. Ж.) солтүстік-батысынан Хузұң (Шюшүн- С. Ж.), Жюанду қарамағына шейінгінің бәрі сақтар” [ ] деп өте дұрыс айтады. Демек көп мемлекет - көп тайпалық одақ. Ондайда жалпы тайпалар саны да (айырмасы тым зор болмағанымен), олардың тілі де, тілдік диалекті де тіпті көп дей беріңіз. Ендеше сақтарда алтай (соның ішінде түрік) тілділер де көп болған. Ежелгі жылнамаларды мұның бәрін айшықтап, түгел атап бере алмағаны үшін сөгуден гөрі, ой тұспалымен қисынды талдау арқылы олардағы олқылықты ғылыми түрде толтыра алмаған бүгінгі өзімізді сөккеніміз дұрыс.
1980 жылы ШҰАР Археология Институты Лобнор көлінің солтүстігіндегі Көнші өзенінің аяғынан, қазба жұмыстары барысында тапқан жирен шашты, шүңірек көзді, биік мұрынды, бұдан 3880 жыл бұрын өмір сүрген, ғалымдар тохар әйелі деп санаған “Кроран сұлуы” аумаған еуропеоид болып шықты. Кроранның кезінде ғұндардың көз-құлағы[ ] болғаны тарихқа мәлім. Сол маңнан табылған, бұдан 6400 жыл бұрынғыға жататын және бұдан 10000-7000 жыл бұрынғыға есепті мәйіттер де тәп сондай екен. Демек ол замандағы бұл Ұлы Дала тұрғындарының еуропеоидтығында дау жоқ. Нақтылай айтқанда, бүгінгі ШҰАР дағы Күшар, Қарашәр, Тұрпан, Құмыл, Гансудағы Дүнхуаң, т.б. регионды да, Ұлы Даланың өзге тұсындағы сықылды, сол кездің сақтар (мысалы тохар) мәдениеті көлеміне кіргізуге болады. Қателік тек олардың ішінде, әсіресе олардан осы даладағы жұртта қалғандарының ішінде өзге (мысалы түрік) тілділер жоқ, бәрі де шымқай үнді-еуропа тілділер деп қарауда. Әсіресе, бүгінгі түрік тілділердің арғы (сақ аталған тұстағы) ата-бабаларының ақ нәсілді (еуропойдтар) екенін білмеуде. Тохар тілі мүлде жойылған бастапқы үнді-еуропа тілдерінің бірі делініп жүр. Ал, сақтар ішінде алтай тіл жүйесіндегілер де бар ма? дегенді ойлаушылар аз еді. Бұған бар деп жауап қайырушылар ғылым дами түскен бертінде ғана төбе көрсете бастап көбеюде.
Венгір тілгері Освалд Сземерени иранша төрт ұлт атын - Scythian, Skudra, Sogdian, Saka дегендерді зерделей келе, Скитай деген ат жайгер (садақшы) мағыналы сөзден шыққан деп біледі. Сақтар көбінше ұзыны 80 см келетін құрама садақ тұтқан [ ]. Ендеше Сақ дегеннің садақ (ғалым Шадыман Ахметұлы : “түрік-моңғол тілдерінде сағдақ, сайдақ болып та айтылады” [ ] дейді) ұстағанның бәріне қаратылған ат, бірер ата не тайпа аты емес деген тұспалға сенуге де болады. Сондықтан оларды бір тілде ғана сөйлеспеген деуге тіпті ақылымыз. Ұлан-қайыр Ұлы Далада бүгіннің өзінде бірлікке келе алмаған тілдің ол заманда бірлікке келе кетуі де қисынсыздау.
Ұлы Дала, жоғарыда аталған екінші сатыға тән ежелде, ақ нәсілділердің мекені болатын дедік. Бүгінгі мұндағы абориген - автохтон саналатын ұлттардың тілі солардан қалған. Өткен ғасырдың 50 жылдарында неміс ғалымы Марижа Гумбутас үнді-еуропа тілділердің атажұрты Оңтүстік Ресей деген көзқарасын көтерді. 1990 жылы АҚШ ғалымы А. К. Нарайн оған ұқсамаған пікір білдіріп, үнді-еуропа тілділер ежелгі Жұңгоның батыс өңірі мен соның маңындағы кең даладан шыққан дегенді алға тартты. Бұл пікір барған сайын көп ғалымның қолдауына ие болуда. Дегенмен олардың бұл өңірді тек үнді-еуропа тілділерге ғана меншіктей салатыны - жаңсақтық демеген күнде де, еуроцентристік пиғылдың нышаны.
Сақтар ішінде сол арғы заманан бастап түрік тайпалары болмаса, бергі (б.з. алды-артындағы) түрік тілді ұлыстар мен қағандықтар да болмас еді. Түрік қағандығы күшейгеннен соңғы талай өзге тілділердің жабал түріктенуі де мүмкін емес еді. Аналар айтқан үнді-еуропа тілді сақ тайпалары да сан құбылған. Мысалы, дерек көздерінің айтуынша, б.з.д. 3500 жылдары, ат әбзелдері мен атарбаның жасалуы жебегендіктен, осы Ұлы Даладағы арий-ариан сықылды алғашқы үнді-еуропа тілін қолданатын тайпалардың кейібір бөлігі, өз тобынан бөлініп, Шынжаң мен Қазақстанның түрік тілді тұрғындарына тіптен араласқан. Оның ішінде солтүстік және оңтүстік иран тілділер де болыпты. Оның арты бұлардың Орал нәсілді, Жерорта теңізі нәсілді және моңғолоид нәсілділерге араласуына соғып, дене бітімі жағынан көп өзгеріске ұшырапты. Осы барыста тілдік өзгеріске де ұшырайтыны сөзсіз, әрине. Олардың түріктенуі біз алда айтқалы отырған Түрік, Түргеш қағанаттары кезінде тіпті күшейді дей беріңіз.
Археологиялық қазбалардан табылған соғды тілі, сака тілі (Хотаннан жазбасы табылған), тохар А мен тохар Б тілдерімен (Қарашәр мен Күчар, Тұрпаннан [ ] шыққан) ғана шектелуге болмайды. Өйткені ол кезде жазуы жоқ, жазуы болса да сақталмаған, сондықтан бүгін қазбадан шыға қоймайтын талай тіл барлығын ескеру керек. Ал түрік тілінің ол кезде (б.з.д. 2500 жылдары), бар ғана емес, жазуға да ие екенін археологиялық табыстар (алда айтқалы отырған, Алматы қасындағы Есіктен шыққан тостағандағы ежелгі түрік жазуы мен түрік тілді мәтін сықылдылар) дәлелдеп отыр. Ⅶ- ғасырдан бұрын қолданыстағы көне түрік жазуы да тәп сол ғасырда ғана аяқ астынан дүниеге келе салмаған, әрине.
Осыларды біле тұрып, сақтарды шымқай бір ғана этнос не тайпаға жатқыза салып, оларды бір ғана тілді санап, сосын оны бүгінгі үнді-еуропа тіл жүйесіндегі бір ұлтқа ғана итере қою әрине ойламды ғалымдарды иландыра алмайды. Мен сақтар да қырық темірдің қылауы дей келе, соның бір бөлігі - шошақ бөрікті сақтар. Түрік тілі аяқ астынан пайда болғаны жоқ. Алғаш келген африкалық қаралардан бастап негізі бар. Ұлы Даланы мекендеген сақтар ішінде ол бір топтың кәдімгідей тілдік негізі болып дамуға кіріскен. Бір қыдыру деректерді қорыта келгенде, шошақ бөрікті сақтар түрік тілді болған. Бұлар - кейінгі түрік этностарына, соның ішінде үйсіндерге де тұқиян. Тек осы тұрғыдан алғанда шошақ бөрікті сақтар мен үйсіндер - “бір мәдениеттің екі сатысы” деп қараймын. Кеңестер Одағындағы Литвинский мен Су Бейхай сияқты ғалымдар “Сақ пен үйсін - бір ұлт” [ ] - деп бекер айтпаған.
Меніңше азиялық сақтардың бұл өңірде шаңырақ көтеріп дәурендегенін де, әр түрлі (алтай, үнді-еуропа, т.б.жүйедегі) тілдерімен сөйлесетін тайпалар екенін де, соңынан бір бөлігінің еуропаға ауа көшкенін де, олардың бір бөлігінің қайта оралғанын да (жоғарыдағы карталарға қараңыз), көшіп кеткендер артында (мысалы Ғұн қағанатының қоластына бағынған 26 баудың ішінде) сол сақтардың мол тобы қалғанын да, олардың сол кездегі тілінің шыбарлау (бүгінгідей емес, араласпа тіл екенін де) мойындаған дұрыс. Бертінгі тарихта сахнаға көтерілгендер (мейлі Ғұн қағанатындағылар болсын, одан бөлініп шыққан үйсіндер немесе қаңлылар, ұлы жүздер, аландар, т.б. болсын, тіпті бүгінгі өзге ұлы далалықтар болсын) - сол Ұлы Далалық ежелгі сақтардың ұрпағы. Бүгінгі Ұлы Дала тұрғындары көктен түскен де, жерден шыққан да емес. Өмір қисыны мен жоғарыдағы деректер бізді осыған әкеледі.
(Б) САҚТАР НЕДӘУІР ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ ЖАСАҒАН
Қола дәуiрiндік тайпалар бiрлестiгi және сол негiзде ертедегi көшпелiлер мәдениетi қалыптаса бастаған болатын. Б.з.д. 1-мыңжылдықтың басында мұндағы далалар мен таулы жерлерде көшпелi, жартылай көшпелi (төрт маусымдық жұрты орнықты да меншікті) және отырықшы малшылық негізгі кәсіп болды. Б.з.д. Ⅶ- ғасырының басына (ерте темiр дәуiрiне) келгенде еңбек өнiмдiлігі арта түстi. Жылқы кеңiнен пайдаланылды. Темiрден ер-тұрман, қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлерi жасалды. Киiз үй, арба, күйме кеңiнен қолданылды. Малға және жерге отбасылық меншiк нығайды. Ерте темiр дәуiрiнде (б.з.д. 1 — мыңжылдықтың ортасы) сол заманға сай мемлекеттер - тайпалық одақтар қалыптасты. Шинжияңдағы Алтайдан тартып Үйсін тауына шейінгі өңірлердегі ескерткіштер, Тұрфан жақтағы жас арудың сүйегі жерленген Алғой қорымы, батыс Ярғол қорымы сықылды жерлерден шыққан асыл дүниелер, Қазақстандық оңтүстік өңiрлердегi Бесшатыр, Есiк обасы, Түгiскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткiштерi - сақтардың мәдениетi мен өнер жетiстiктерiнiң бiрегей туындылары...
Қазақстандық археолог ғалым Ынтымақ Сағымбектің: “Республикамыз бойынша тізімге ілінген сақ қорғандарының саны 1800 болса, соның ішіндегі ең үлкені- Бесшатыр. Мұнда 31 қорған бар, оның 18 іне бұған дейін қазба жұмыстары жүргізілген. Бұл қорған Алматыдан 160 шақырым қашықтықтағы, Жонғар алатауының оңтүстік бауырындағы ‘Алтын Емел’ Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында орналасқан. Бесшатырда біздің заманымыздан бұрынғы 7-5 ғасырларда өмір сүрген Тиграхауда (шошақ бөрікті - С. Ж.) сақтарының патша қабірлері жатыр. Зираттар үшке бөлінеді; үлкенінде әскер көсемдері, орташасында қолбасшылар және кішісінде ержүрек жауынгерлер жерленген” дегені бұған дәлел. Бұл елде бұдан сырт Боралдай қорғаны, Есік қорғаны, т.б.лар да тұр.
Өткен ғасырдың 60 жылдарында Кемал Ақышевтың Есік қорғанынан сақ ханзадасының мүрдесін (бірінші алтын адамды) табуы тарих ғылымын дүр сілкіндірген болатын. Былтыр Қазақстанның шығысында жатқан Зайсан ауданының Шілікті даласынан тағы бір алтын адам шықты. Мұндағы 200 ге тарта сақ қорғандарының құпиясын ашуға тарихшылар көптен ұмтылып келеді екен. Мәселен, ол ескерткіштерді 1910 жылдардың шамасында Семейлік гидротехник Бокий алғашқы болып зерттесе, сол ғасырдың 40-70 жылдары аралығында профессор Черников жұмыс істеген көрінеді. Ал, қазақ тарихшылары зерттей бастағалы да талай жыл болыпты. Шығыстағы Берел қорымынан жақсы сақталған жылқы қаңқалары, екі адамның мүрдесі табылғаннан кейін елді елең еткізген осы Шіліктідегі Бәйгетөбе атты обадан шыққан алтын киімді билеушінің сүйегі. Шілікті алтын адамы - Қазақстан жерінен табылып отырған үшінші алтын адам. Шіліктіден табылған алтын адамның жанынан асқан шеберлікпен жасалған алтын әшекей бұйымдар табылыпты. Арқар, самұрық, бұғы, бес жұлдыз түріндегі әшекейлер саф алтыннан құйылған. Оның ішіндегі ең ірісі арқар. Ал бес жұлдыз, ғалымдардың айтуынша Сақ тарихында бұрын сонды болмаған әшекей. Бұл әшекей бұйымдар киімге тағылған. Әр әшекейдің артында ілмек бар. Бір қызығы тарыдай ұсақ моншақ ерекше әдіспен құйылған. Ол моншақтын ерекшелігі бір біріне дәнекерленген.
Жуықта «New York Tіmes» газеті мынадай хабар таратты: “Ғылыми үлкен сенсация (ғажайып. – С.Ж.): Әлемде жылқының алғаш рет қазіргі Қазақстанның солтүстігінде қолға үйретілгені және қымыздың пайда болғанына үш жарым мың жыл толғандығы турасында сенімді дәлел табылды. Археологтар біршама жылқы сүйектері мен басқа да қазбаларды тапқан. Оларды зерттеу барысында, бұл жылқыларды Қазақстанның солтүстігінде, б.з.д. 3600 жылдан бастап 600 - жыл арасында үйреткені туралы бір-бірінен тәуелсіз үш түрлі дәлелдер тобы нақтыланған. Біріншіден, ғалымдар төрт жерден табылған жылқы қаңқаларының түрі мен өлшемін талдаған. Оларды осы өңірлерде, осы кезеңдерде өмір сүрген жабайы жылқылардың, бұдан жүздеген жылдар кейінірек қола дәуіріндегі қолға үйретілген жылқылардың және моңғолдың қолға үйретілген жылқыларының сүйектерімен салыстырған. Зерттеушілер, сүйегі ірі, жабайы жылқыларға қарағанда, Ботай жылқыларының “сымбаттырақ” болғандығын және қолға үйретілген жылқыларға жақындау екендігін айтады. Дәлелдердің екінші тобы жылқының тістеріндегі іздер мен қаңқа талшықтарының бұзылуына байланысты. Зерттеушілер оны жұмысқа пайдаланған жылқыны басқару үшін кигізілген жүген мен ауыздықтың, жауырдың салдары деп есептейді. Тістегі мұндай кетіктерді археологтар бұрыннан бері қолға үйретудің дәлелі деп есептеп келеді. Жылқының қолға үйретілуіне қатысты дәлелдер осының алдында, Ботай мекенінде, Көкшетау университетінің ғалымы Виктор Зайберт жүргізген қазбалардың нәтижесінде табылған. Карнеги жаратылыстану мұражайының қызметкері, америкалық Сандра Олсенмен бірге олар жылқы қаңқаларынан жауырдың іздерін тапқан. Бұл Ботай жылқыларының жұмысқа және мініске пайдаланылғаны туралы болжам жасауға негіз болды. Іnfox. ru сайтының жазуынша, қазақ ғалымдары да және қазақ даласын жылқы өсірудің алғашқы отаны деп есептейді. Себебі кезекті зерттеу кезінде олар Қаратауда Андрон мәдениетіне жататын тастағы таңбаларды байқаған. Алматы археология институтының қызметкері, тарих ғылымының докторы Алексей Марьяшев журналистерге берген сұхбатында, Арпаөзен шатқалында археологтар қола дәуіріне жататын арбалы аттармен аң аулау сәті бейнеленген суреттер тапқанын айтыпты. Андрон мәдениетінің адамдары Қазақстан аумағында 4-3 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар Қаратау жартастарына ұрыс қимылдарын, толықтай жарақтанған жауынгерлердің табыну көріністерін салған. Жылқының түп-төркінін қазақты құраған ежелгі тайпаларға теңеуге аса ықылас танытып отырған ғалымның айтуынша, Қазақстандағы ескерткіштердің саны ғана емес, сапасы да өзгеше. “Мұндағы материалдар өте бай және олар жекелеген стилдерді, бұл өнердің туындауы, оның гүлденуі мен біртіндеп сөнуінің кезеңдерін бөліп алып, қайта електен өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақстанда жаңартылған суреттер де көптеп кездеседі. Салт атты жауынгерлер түріктерге ұқсайды. Анықтап қарасаң, жауынгерлер кейінірек салынған. Ал, жылқылар қола дәуіріне жатады. Осыдан барып бұл өнердің сабақтастығы, оның дамуы мен біртіндеп сөнуі анықталады”, - дейді Марьяшев. Бұл сенсациялық жаңалық басқа да көптеген БАҚ-тардың (БаспасөзбАқпарат Құралдарының) назарын аударған. Мәселен, немістің Кожабеков Қуаныштың "Қазақ" Халықаралық Интернет Газетінде жариялауынша, «Sueddeutsche Zeіtung» газеті “Әлемнің алғашқы салт аттылары” деген мақаласында, қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай мәдениетінің өкілдері осыдан 5500 жыл бұрын жылқыларды қолға үйреткен. Яғни, бұл оқиға Европадағы алғашқы қолға үйретілген жылқылар пайда болғаннан 2000 жыл бұрын болған деп атап көрсеткен” .
Нұрбек ӘМИША Қызылорда обылысынан жазған хабарында былай делініпті: Қазақстанның Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында “Шірік Рабат” археологиялық экспедициясы патшалар мекенінің ірі өркениет орталықтарымен байланыста болғанын дәлелдейтін құнды жәдігерлерді тапты. Жақында облыстық мәдениет басқармасы көне қалада болып, тарихи орында конференция ұйымдастырды. Шірік Рабат - Қармақшы ауданынан 190 шақырым жерде орналасқан көне қала. Онда екі үлкен қорған және қабырғалары биік үш қоршау сақталған. Ежелден-ақ шаһардың стратегиялық маңызы зор болған. Шірік Рабат - Орта Азияны мекен еткен сақ билеушілері мен ақсүйектерінің астанасы, алғаш рет 1946 жылы Толстов басқарған Хорезм экспедициясы кезінде белгілі болған тарихи орындардың бірі. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экспедиция биыл мұнда үлкен жеті нысанды ашты. Археологтар патшалар жерленген бірнеше оба мен ғибадат орнын, ондаған кіші мавзолейді тапқан. Оба сақ дәуіріне жататын жерлеу орны екен. Мұнда үлкен-үлкен алты обаға сақ патшалары жерленіпті. Обалар, сыртынан ор қазылып, берік қабырғалармен қоршалған. Қазу барысында үш мәйіт бүтін шығыпты. Бүтін шыққан көнектің (фляг) сыртында жазу бар екен. Ол жазу Шірік Рабаттағы алғашқы жазу болып тарихымызға енді деп айтуға болады. Ғалымдар бұл көне жазуды Есік қаласынан табылған сақ жауынгерінің күміс ожауындағы жазуға ұқсас депті. Құмыраларда грек әріптерінің кездесуі оның сырт елден әкелінгенін көрсетеді. Бұл патшалар мекенінің өркениет орталықтарымен байланысы болғанын дәлелдейді, - дейді ғалымдар. Бұл дүниелер б.з.б. Ⅷ-Ⅱ ғасырларға тән екен.
Б.з.д. Ⅶ-ғасыр маңайында, Ұлы Дала кіндігіндегі көкалқаптарда (oasis), көшпелі тайпалар егіншілерінің бастапқы коммуналық түзімі ыдырай бастап, ең ертедегі мемлекет формасы біртіндей қалыптасқан. Жұңго жылнамаларындағы Сақ ханы (“Сайуаң”) дегендер сол сақтар құрған, рулық, тайпалық, тайпалар одағындық ұйымын сақтаған, құлдық мемлекеттің патшалары болатын. Сақтар төрт тарабын әлде неше аймаққа бөліп, әр аймағын тайпа көсемдері арқылы мұрагерлік жолмен басқарды. Сақ патшасы осы көсемдер ішінен көтерілді және шексіз жоғары билік ұстады. Патша өлгенде жерлеу салтын салтанатты өткізеді екен. Мәйітті күнжіт майымен майлап, арнайы жасалған арбаға салып, тайпаларды қыдыртатын көрінеді. Мәйіт барған жердегі тайпа адамдары оған ауыр аза білдірісетін (өзін жаралайтын, бетін тырнайтын, болмағанда бірер тал шашын жұлатын, жылайтын). Қыдыртып болғасын кең де тіктөртбұрышты қабіріне апарып, киізбен орап қоятын. Сақ патшасының қабіріне бір патшаайымы, аспазы, күтушісі, аты қоса көмілетін. Жерлеп болғасын қабір үстіне биік те кең оба үйілетін. Жыл асына 50 жылқы сойылып, 50 құлы көміледі деген де сөз бар.
Сақтар негізінен көшпенді, аз сандысы бидай, тары сықылды дақылдарды егетін диқан еді. Ақыл-парасаттың жемісі саналған, көшуге ыңғайлы киіз үйлерде отыратын. Оны көшкенде қос, төрт, тіпті алты доңғалақты, екі үш көлік (өгіз, түйе, ат) жеккен арбаларына тігіп те алатын. Олардың қысқы баспаналары тамүйлер мен ағашүйлер болды.
Сақтар сауыт, қалқан, айбалта, найза, ақинақ, жақ пайдаланған. Сауыттары теріден дайындалып, бетіне сүйек не тұяқ қабыршақтары мықтап жапсырылады екен. Кейін келе оның орнын қола мен темір басыпты. Атын да сауыттапты. Қолы жеткендері ат әбзелдерін мыстайды, тіпті алтындайды да екен. Олар алтынға да қасиетті санап табынған. Жұңгоның батысы мен Қазақстаннан археологтар тапқан дүниелерге қарағанда, сақтардың алтын өңдеу инженериясы мен ат үстінен жақ ату техникасы өте жоғары екен.
Сақтар өз заманына салыстырғанда жоғары өркениетке және өз салтына деген биік құрметке ие болған. Ол туралы Геродоттың («Қазақ тарихы». Алматы, 2004. 108-бет.) былай дегені бар: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эл¬линдер дәстүрінен барынша қаш¬қақ¬тайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Ана¬харсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түс¬ті. Қайтар жолда ол Геллеспонт (Дарданел бұғазы деседі. - С. Ж.) арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың (Мүмкін Ұмай ана шығар. - С. Ж.) құрметіне салтанат¬ты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құр¬ме¬тіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мере¬ке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң, Анахарсис құпия түрде Гилеяға (мұны қазіргі Полесие, Дне¬стр¬¬дің бойы деу де бар. - С. Ж.) барып (Бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Ки¬зикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды... Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жет¬¬кізеді. Осы жерге келіп, Анахар¬сис¬тің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтіреді... Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнур¬дың, (Лукиянша айтқанда Даукеттің - С. Ж.) ұлы, Ликтің немересі, Спар¬гапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені, Иданфирс Сав¬лийдің ұлы, ал Анахарсисті Савлий өлтірген” .
«Қазақ тарихы» (Лукиан «Таңдамалы» кітабынан. Алматы, 2004. 133 б) бойынша айтқанда, «Скиф немесе жат жердегі дос» атты шығармасында Лукиан былай депті: “Скифиядан Афиныға Эллин мәдениетін аңсап келген алғашқы адам Анахарсис емес, одан бұрын келген Токсарид ақылды әрі әдемі¬лікті ұнататын, ең жақсы мінез-құ¬лық пен әдеп-ғұрыпты үйренуге құштар жан болатын. Өз отанында Токсарид, киіз қалпақты “мұрақ¬тылар” атты патша руынан емес, қарапайым халықтан, яғни екі өгізі мен киіз үйі ғана бар адамдар қатарынан шыққан. Бұл Токсарид аяғында Скифияға қайтып орала алмай, Афиныда өлді” .
Ал Диоген Лаэртский «Атақты философтардың өмірі, ілімдері мен нақыл сөздері туралы» кітабының “Анахарсис” деген тарауында (“Қазақ тарихынан”. 168 б) былай депті: “Анахарсис - скиф, Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадуидің бауыры, анасы жағынан эллин, сон¬дықтан екі тілді біледі. Ол скиф¬тер мен эллиндердің қарапайым тұрмыстағы және соғыс кезіндегі салты туралы 800 жол өлең жазған. Жат жерді кезген Анахарсис скиф-терге оралды, туғандарын эллинше өмір сүруге үйретпек боп,... алайда дегеніне жете алмай, қауырсын же¬беден ажал тауып, өзі өлсе де, сөзі қалды мәңгілік” [ ].
Ол заман міне осындай-ды. Қысқа қайырғанда және Ұлы Дала кіндігі Орта Азияны мысалға алғанда, Профессор Су Бейхай айтқандай: “Кей батыс ғалымдары Орта Азияны тұйық, мешеу регион деп қарайды. Әсіресе буржуазия нәсілшілдері Ұлы Даланың түпкілікті тұрғындарын мешеу ұлттар санайды. Іс жүзінде бұл - тарихи фактіге қайшы сыңаржақты көзқарас. Таяудағы археологиялық қазбалардан шыққан толып жатқан мәдени мұралар Орта Азияның адамзат бесіктерінің бірі екенін, мұнда көне тас дәуірінен бастап-ақ адамзат әрекет еткенін растап отыр. Чех ғалымы Хрознидың ‘Орта Азия адамзат бесігі” дегені, Е. Вон Еикстадтің анағұрлым айқын түрде: “Орталық Азия регионында, өте ерте кездің өзінде адамдар тұрған ғана емес, тұрғын адамдар жоғары мәдениетті де болған” деген тұжырым шындыққа жарасады.