Ж.БҰЛҒАҚОВ: Біз туралы айтыс көрмейтіндер пікір айтатын сияқты...
Айтыскерлердің кейінгі толқынының ішінде құбылыс деп атасақ, мақтауы асып түсетін, ешкімнің сөзінен ықпайтын шоқтығы биік десек, мақтауы кем боп қалатын ақынымыз бар. Ол – Жандарбек. Айтақынның Жандарбегі. Былтырғы жылдың қорытындысындай болған «Жырың боп төгілемін, елім!» айтысында бас жүлдені, оған қоса «Алтын домбыраны» алып отырғаны тағы бар.
МӘДЕНИЕТ / Бүгін, 10:52 / 205 / 6
- «Жүлдеңіз құтты болсын!» деген тілектен бастасам, «қабылдау мерзімі өтіп кеткен» жоқ па?
- Тілекке тарылыппыз ба? Мархабат! Мен үшін бұл жүлденің ыстық-суығы басылып та үлгерді. Кезекті жеңіс дегім де келмейді. Бірақ алқынып-желпінетіндей соншалықты Зұлпыхардың қылышын алу емес қой. Әсіресе, кейінгі бір айдың көлемінде тілші ағайын тек «Алтын домбыраны» айналдырып сұраудан бастайды. «Алтын домбыраға» дейін де 9 жыл айтыскер болып келдім емес пе?
- Жақсы! Қазіргі айтыстың көркемдік сапасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген секілді көрінеді бізге. Импровизация да, сөз мәйегі де, саясат та – бар компоненті тұнып тұр. Осы пікіріме келісесіз бе?
- Өкінішке қарай, бүгінгі таңда айтыстың тек шоулық сипаты артып барады. Сондықтан, бір қараған адамға айтыс өте қарқынды дамып жатқан секілді көрінуі ғажап емес. Ал, менің пікірімді сұрасаңыз, ақындардың сөздік қоры жұтаң тартып бара жатқандай көрінеді. Оған дәлел – кешегі Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков, Оразәлі Досбосынов, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты ойларын кестелі образдармен жеткізетін ақындардың азайып бара жатқандығы. Себебі, бүгінде жеңіл ән, құнсыз әзіл халықтың санасын шырмап алғаны соншалық, ағайынның талғам-талабын осы бір тақырып төңірегіне қалыптап қойғандай. Технология тілімен айтсақ, «қайта форматтап тастады». «Көшпенділер» фильмін көрсең болды, Есенберлиннің кітабын оқымау қазір ешқандай әбестік емес боп кетті ғой. Бүгін оқығаның ертең ескіретін заман. Алқын-жұлқын ақпарат, мозайкалық мәдениет, монтаждық ойлау, клиптік қабылдау қарқын алды... Сондықтан да, қазақтың құнарлы сөзі көпшілік санасына бірден сіңе жөнелмегендіктен, көрерменді ойлантпайтын, «шайнап берілетін» тіркестерге ақындар үйірсектеп кеткендей. Бұл – терең ізденуді азайтатыны айтпаса да түсінікті. Ендеше, «айтыс жаңа деңгейге көтерілді» дегеніңізге қанша ішім жылып-ақ отырғанымен, «шынында сондай» деп қосыла кеткім келмес
- Айтыста шырқыраған шыңдық, арқыраған ақиқат айтылмай кетті деп өкпесін жеткізіп жататын бауырлар бар. Бұған не дейсіз? Сіз қандай шындық айтып жүрсіз?
- Бірден айтайын, «айтыста шындық азайды» деген пікірмен мүлде келіспеймін. Негізінде, эфирге шығардан бұрын монтаждалуына байланысты халыққа көп сөзіміз жете бермейді. Сондықтан да айтысты залға келіп көрмеген адам «ештеңе де айтылмады» деп ойлап қалса, оны түсінемін. Ал өзім көзім жеткен дәлелді ақиқаттарды ретін келтіріп, сәтін туралап айтуға тырысамын.
- Мысалы?
- Осылай сұрарыңызды біліп едім. Мысал керек болса, кейінгі «Алтын домбыра» айтысында:
«...Бірақ та көп әкімнің ұлт дегенде,
Көзі соқыр, құлағы керең боп тұр.
Шыршаның биіктігін жарыстыру,
Әкімдер арасында өнер боп тұр.
Мысалы үшін әкімі Павлодардың,
Жаңа жылды тойлауды бедел деп тұр.
Детдомға да қимайтын долларларын,
Дед Морозға аямай төгем деп тұр.
Биылғы жаңа жылдың өтуіне,
Жүз отыз сегіз миллион бөлем деп тұр...
...Ағашы жылдан-жылға өскен сайын,
Санасы күннен-күнге төмендеп тұр» деп шыршаға сонша шығын жұмсамақ болған өңір басшылығын сынға алдым. Осы айтыстан кейін бұл жағдаймен қаржы полициясы айналысып, Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов «кінәлілерді анықтаймыз» деп мәлімдеме жасады. Бұл шамасы, шындық болар?
«...Қаланың іші әдемі болғанымен,
Сыртында қасіретпен табысасың.
Он жеті километр ұзап шықсаң,
Он жетінші ғасырмен қауышасың» деп ару Астанамыздың маңайындағы ауылдардың ахуалын да осымен бірнеше рет жырладым.
- Айтыс мақтау-мадаққа айналып кетті деушілер де жеткілікті.
- Интернет парақшалардағы айтысқа байланысты жарияланымдарды реті келгенде қарап тұруға тырысамын. Байқағаным, айтысқа байланысты сыни пікір айтатындардың дені – айтысты сарайда түгілі, теледидардан да көрмеген сияқты. Мақтау көп деп жатады. Рас, ішінара осы күнгі жетістіктеріміз де айтылады. Тәуелсіздіктің арқасында арқамыз кеңіп отырып, азат мемлекетіміздің Елордасына келіп тұрып, көк тудың астында бірігіп отырып қол жеткізген табыстарымызды да жырға қоспасақ, ақын деген атымызға сын емес пе? Әлде айтыскер ақындар тек қана негатив төгіп, сақалдан алып, шағыстырып, шаптан түртіп отыруы қажет пе екен?
Ал бұрынғы айтысты сағынған адамдарға 1987 жылдан бастап «Дастан» студиясы арқылы шыққан айтыстарды көруге кеңес беремін.
- Әкеңіз Айтақын да кезінде айтулы айтыскер болған азамат. Әлбетте, сіздің айтыскер болып қалыптасуыңызға бірінші әсер еткен сол кісі шығар?
- «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді ғой. Кез-келген өнер иесіне, өнер иесіне ғана емес-ау, жалпы ізденем деген барлық қазақ баласына білікті бапкер, тәжірибелі ұстаз қажет. Қаншама бұлақтар көзін ашатын адам табылмағандықтан, дарияға жетпей, сарқылып, суалып қалғанына куәмін. Менің ақын, азамат ретінде қалыптасуыма әкемнің еңбегі зор болғаны даусыз. Бірақ мен өмірде жолымыз түйіскен көптеген адамдардың ізгі қасиеттерін бойыма сіңіруге тырысамын.
- Айтыс сізді қалай өзгертті? Сіз айтысқа нендей жаңалық әкелдіңіз?
- Айтыстың маған берген пайдасы зор, халыққа қызмет етуде әзірге шамамыз келіп тұрған амал осы. Азды-көпті атымыз да шықты. Ал мен айтысқа нендей жаңалық әкелді деген сұрақты айтыссүйер ағайынға қойған дұрыс шығар.
- Айтыста сіз жеңбеген қарсылас қалды ма?
- Айтыста «осы ақынды міндетті түрде жеңуім керек» деп біреуге тіс қайрап, мақсат тұтпаппын. Тұтпайтын да шығармын. Өнер болған соң жеңілу де, жеңу де заңдылық қой. Бүгін жеңсең, ертең жеңілесің. Дүние – кезек.
- Айтыс кезінде сыртқы кейпіңіз суық көрінеді. Ақындарда сахналық образ деген бола ма өзі?
- Сахнаның сыртында бөлек образ, сахнаға шыққанда бөлек образ жасайтындай әртіс емеспін.Табиғи қалпым қандай болса, жұртшылық алдына сол кейпіммен шығамын. Өнер шынайылықты сүйетін болғандықтан, ел алдына бөлек, үйде басқа болып халықты алдаудың қажеті шамалы ғой.
- Сіздің ережесіз жекпе-жектің жанкүйері екеніңізді білеміз. Айтыста да ара-тұра осы жекпе-жектің тәсілдерін қолданатын шығарсыз?
- Рас, айтыс та сөздің майданы, ережесіз жекпе-жегі. Сондықтан, біріне-бірі аса алыс емес деп ойлаймын. Иә, күрес, бокс, ережесіз жекпе-жектерді үзбей көруге тырысамын. Оны айтыста қолдану туралы сұрағыңызды төркінін түсініп тұрмын – жеке басым ешбір ақынға өкпе айтқан емеспін. Алайда маған өкпелегендер болды. Айтыскер болып, сөзге ренжіген дұрыс емес-ау. Себебі, тағы қайталайын, айтыс – ол сөздің майданы. Сахнаға шыққан екенсің, аяғына дейін айқас.
- Дін туралы сұрасам, интимдік мәселем деп білесіз бе, әлде ашық айтасыз ба?
- Діни мәселені сауатым жеткен жерге дейін ғана айтамын. Білмейтін нәрсемді білмеймін деймін. Қазір Аллаға шүкір, мешіт, медреселер көптеп ашылуда емес пе? Бұл ұлттың имани қуатын арттыруға жақсы әсерін тигізеді деп ойлаймын. Әрі өзіміздің қара шаңырақ - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тағы бар. Сондықтан, дін мәселесін осы сала мамандары талқылаған орынды.
- Айтыста жиі айналып соғып отыратын тақырыптарыңыз бар ма?
- Қарсыластардың көбісі маған айтыста әкемді айтып, әзілдеп тиісетін болғандықтан, сол тақырыпқа амалсыз жиі оралуға тура келеді. Тақырыпты ситуацияға, сол кездегі халықтың тыныс-тіршілігіне байланысты табуға тырысамын. «Дәл қойылған диагноз – жартылай ем» деген сияқты, дәл табылған тақырып, орынды уәж, айтыстың жоғары деңгейде өтуіне пайдасын тигізбей қоймайды. Кейде мықты шумақты орынсыз жерде айтсаң, халық қабылдамай қалады. Ал кейде болмайтын екі жолды орынды жерде жеткізе білсең, халықты ду еткізеді. Сондықтан, тақырып таңдауға мұқият қараймын.
- Ақындардың бір табыс көзі той ғой. Құпия болмаса, беташарға қанша сұрайсыз?
- Той иесімен келіскеніме байланысты ғой. Табаққа түскенді байлап беретіндер немесе өздері ат мінгізіп, шапан жауып жататындар болады. Қатып қалған бағам жоқ. Кейде көңіл үшін, ізгі пейілі үшін тегін-ақ қызмет етемін.
- Айтыспен бастап, беташармен аяқтаппыз ғой. Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Өркен КЕНЖЕБЕК