Ноябрь Жанатұлы. Украина сабақтары: әлемдік қауіпсіздікке жасалған қастандық
Әлем елдері үлкен кикілжіңді, дауды басынан өткеріп жатыр. Адамзат баласының тарихында «соғыс» деген зұлмат жиі орын алып, бейбіт ғұмыр кешкен уақыты жарты ғасыр уақытқа тең келеді екен. Адамзаттың ақыл-парасаты кемеліне келді деп саналатын ХХІ ғасырда әлемді соғыс жағдайына алып келіп отырған, кешегі І және ІІ дүниежүзілік соғыстардың бел ортасында жүрген, бүгінгі күні өзінің империялық амбицияларын ашық жариялауға көшкен Ресей Федерациясы үкіметі бұған басты мысал.
Посткеңестік мемлекеттер кеңістігі мен Еуразияда өз ықпалын күшейтуге тырысқан Ресей Еуропа Одағының, НАТО-ның Шығыс Еуропа елдеріне қанат жаюын қолдамайтындықтарын ашық білдіріп, ТМД елдерін Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ аясында біріктіріп қарым-қатынас жасауды қолға алған болатын. Әсіре ұлтшыл, радикалдық ұйымдардың ұйытқысына айналған Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің ұлтшылдық саясаты Ресей қауымының қанқұмар, билікқұмар, үстемшіл делебесін қоздырып, кешегі КСРО-ны жандандыру, КСРО-2 мемлекетін құру, «Орыс жерлерін» қайта жинау, қалпына келтіру идеясын іске асыруға кірісіп те кеткен болатын. Путин режимінің қолдауының арқасында Украинадағы соңғы сайлауда В.Янукович жеңіске жетті. Мәскеудің қолындағы «қуыршағы» болғандықтан, Украина билігінде отырған В.Янукович әрқашан Украинаның мүддесін Ресей билігі алдында жығып беріп, Украина Тәуелсіздігіне қарсы әрекеттер жасаумен болды. Украинаның Ұлттық Қауіпсіздігі, Қарулы Күштер, Ішкі істер министрлігі мен құқық қорғау органдарын тек ресейшіл не ұлты орыс басшылар басқарғандықтан, Украина елінің қауіпсіздігі деген мәселе аса маңызды роль атқара қоймаған.
Украина-Ресей қарым-қатынасының шарықтау шегі мен Украина халқының наразылығын оятқан мәселе – Путин мен Януковичтің Украинаның Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тоқтатып, Кедендік Одақпен ынтымақтастыққа қадам басуына жасаған келісімі болды. Украинаның ресейшіл билігінің бұл шешімі – Украина тарихында әр уақыт орын алып келген ұлтшыл-патриоттық қозғалыстың наразылығын тудырды. КСРО тұсындағы большевиктің биліктің Украина еліне жасаған озбырлығы, Украина халқының тең жартысына жуығын қырып кеткен қолдан жасалған ашаршылық, Ұлы Отан соғысы кезінде украина халқын қудалаулары туралы мәселені ұлттық санасы оянған қауым дүркін-дүркін көтеріп, Еуропалық демократиялық құндылықтар мен құқықтық қоғам құруға ұмтылатындықтарын, Еуропа Одағымен ынтымақтастықты қолдайтындықтарын жариялай бастаған. Украина халқының Еуропа Одағымен ынтымақтастықтықты қолдаған митингілері Майданда 2013 жылдың қараша айында басталып, 4 айға созылып, шарықтау шегі ақпан айындағы қарулы қақтығыстар, адам шығындары, Украина билігінің халыққа қарсы қару қолдануы, Украина Президентінің Ресей территориясына қашып кетуімен аяқталды.
Украина Президенті В.Януковичтің Ресейге қашып келуінен бастап, Ресей билігі Украинада орнаған жаңа Үкімет пен ұзақ дау-жанжалдардың ошағына айналған Жоғарғы Раданың жаңа төрағалығына ашық қарсылығын білдіріп, мойындамайтындықтарын мәлімдеді. Украинаның жаңа билігі мен Украина халқының әділеттілік пен азаттықты аңсаған ұстанымына қарсы Кремль ашық басқыншылық саясатпен өрілген жаулап алу саясатын жүргізуді бастады. Бірінші кезекте, Украина үшін отты ошақтардың көзі Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қалаларына әскер кіргізіп басып алды. Заңды билікті таратып, Ресейшіл тұлғалардан жаңа билік жасақтады. Олар өз кезегінде жалпыхалықтық референдум өткізіп, Украина құрамынан шығып, Ресей Федерациясы құрамына кіретіндіктерін мәлімдеді. 16 наурыз күні референдумды өткізді, басым дауыспен Қырым республикасының РФ субъектісіне айналғанын жариялады. БҰҰ мүше G7, Еуропа Одағы елдері және әлемнің 100-ден астам мемлекеттері бұл Референдумның нәтижесін мойындамайтындықтарын мәлімдеді.
Қырым Республикасы мәртебесі жағдайында Қазақстан қоғамын алаңдатқан мәселе – Қырымның жергілікті тұрғындары, жердің тарихи, байырғы иелері, түбі бір туыс түркінің жұрағаты Қырым татарларының мәртебесін «қолдан жасалған Қырым билігі» мен Путиндік режимнің мойындамайтындығы, қолдамайтындығы болып отыр. Өзінің тарихи жерінде Кеңестік саясаттың озбырлығынан азшылыққа айналған Қырым татарлары - Қырым Республикасының Ресей билігі қабылдаған Жаңа Конститутциясында ескерусіз қалдырылды және Сталиннің 1944 жылы іске асырған «Қырым татарларының депортациясын» қайта жаңғыртып, 2014 жылы «Қырым татарларын депортациялау туралы» жаңа Қаулы қабылдауы тарихи әділеттілік пен заңдылықты аяққа таптау, Халықаралық келісімдер мен шарттарды өрескел бұзу, аз ұлттарды империялық ниеттен кемсіту мен күш көрсету, қорлау ретінде бағаланды. Өркениетті әлем Ресей билігінен теріс айналды және Ресей билігінің шовинистік, радикалды, империалистік, басқыншылық саясатын айыптады. Ресей БҰҰ-ның, ЕО, АҚШ-тың келіссөзге, ақылға шақырған мәлімдемелерін келемеждеп, әлемнің бейбіт өміріне қауіп төндірген сыңаржақ саясатын әрі қарай өршілене жалғастыру үстінде. Ресей әлемді бейбітшілік бағытын ұстанған осінен айырып, қарулы соғыс, «қырғиқабақ соғыс» жағдайына алып келді.
Әлем мемлекеттері ғана емес, өз ішінде де қарсылыққа ұшырап отырған Ресей билігін әлемнің озық ойлы көптеген азаматары «Украина мәселесіне» дейін-ақ, сын садағына алып, Путиндік режимнің ҮШТАҒАНЫ туралы бірнеше дүркін айтқан болатын. Шовинистік, радикалды көзқарасты Ресей билігінің үштағанының бірінші қағидаты Ұлтшылдық, екінші қағидаты Клерекализм, үшіншісі Ксенофобия. Ресей Федерациясының ішкі саясатының ең осал тұсы да – ұлтаралық қарым-қатынас. Соңғы уақыттарда Ресей Федерациясы құжат түрінде ғана Федерация деп аталады. Шын мәнінде Федерация емес, монолитті мемлекетке айналып келе жатыр. Ұлттық республикаларды федералды округтердің қарамағына кіргісіп, Ұлттық республика басшылығына ресейшіл, орыстанған басшыларды орнықтырып, ашық Ұлыорыстық саясатын, орыстандыру саясатын жүргізуде. Ресей өз ішіндегі Еуропалық демократиялық құндылықтарға, жалпыадамзаттық базалық құндылықтарға ұмтылған күшті, үнді тұмшықтырып, аз ұлттардың азаттыққа, төл мәдениетін тұтынуға деген құлшыныстарын басып-жаншып, таптап Орыс ұлтының басым мәртебесін күшейтетін саясатты басшылыққа алып отыр.
Орыстілділер мен орыс ұлтының азаматтарына Украинада қысым көрсетіліп жатыр деген желеумен, Украинаның Ресеймен шекаралас жатқан аймақтарына өз жансыздарын, тыңшыларын, әскерлерін жіберіп Донецк, Харьков, Луганск, т.б. облыстарында сепаратистік пиғылды қолдан тудырып, оладың әрекеттерін күшейтіп, қадағалап, басшылық жасап отырған Ресей билігі екендігі баршаға белгілі болды. Украинадағы сепаратистік пиғылды қаржыландырып, қаруландырып, басқарып отырған Ресей билігінің басты мақсаты – Украинаның жаңа билігін араңдатып, бейбіт халыққа күш қолданды деген желеумен Орыстілділерді қорғау мақсатында көрші елге әскер кіргізу. Жаңа Украина билігіне қадам бастырмау, жағдайды ұшықтыру, Президент сайлауын болдырмау, елді бөлшектеуге тырысу.
Ресейдің Украинаға сонша жармасып, жымысқы әрекеттерді жасаудың астарында – іс жүзінде соңғы уақыттарда болмаған әлемдегі өз гегемониясын нығайту. Кім үшін, не үшін деген сауал туындайды? Нобельдің Бейбітшілік пен келісім сыйлығының иегері атанған Еуропа Одағы мен дәл осы сыйлықтың иегері АҚШ Президенті Б.Обаманың саясаттары соғысқұмарлық пен басқыншылыққа негізделмегендігін ескерер болсақ, бүгінгі Ресей билігінің әрекеті экстремистік әрекет деп бағалануы тиіс.
Ресей Федерациясы соңғы кезеңдері адам және сөз бостандығын шектейтін, Халықаралық нормаларға қайшы келетін, адам құқықтарын аяққа таптайтын заңдарды өте жиі қабылдауда. Тоталитарлық, әкімші-әміршілік жүйе орнықты. Бұл қабылданып отырған заңдары да өркениетті әлемнің қарсылығын тудырып отыр. Бүгінгі күні Ресей Федерациясының бейнесі – әлем алдыңдағы беделі жойылған, зорлық-зұлымдықтың, басқыншылықтың, қауіп-қатердің, тұрақсыздықтың ошағы, кешегі фашистік Гитлер саясатының баламасы ретінде қабылдануда.
Әлем мен өркениетті, бәсекеге қабілетті дамыған елдердің отыздығы мен елулігіне енетін мемлекеттер үшін солай болып көрінгенімен, Қазақстан үшін Ресей әрқашан үлгі алатын, Заңдарын қалькалап көшіретін, ең басты стратегиялық әріптес ретінде саналады. Кеше Грузияны, бүгін Украинаны бөлшектеп отырған басқыншы ел, Қазақстан экономикасын жарылқамақ.
Украина мәселесінен мен үшін түсінуге қиындық туғызып отырған дүние – Тәуелсіздік жылдары Украинада бүртұтас мемлекетшілдік идеология болмауы. Украина мемлекетіне АНТ берген Қарулы Күштер әскерилері, Ішкі істер қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері еш қарсылықсыз Ресей тарапына, яғни Басқыншылар тарапына әп-сәтте өтіп кетулері, Украина мемлекетіне қарсы қадамдар жасауы Опасыздық емей немене? В.Янукович бастаған ресейшіл Украина билігінің Украина мемлекетіне жасаған ең бірінші Опасыздығы осы болса керек. Түбі жағынан туыстас бір топқа жататын, қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері сияқты бір-біріне жақын орыс және украин тілдерін тым алшақтатып, украин тілі орыстар үшін қытай тілімен бірдей, бөтен, үйренуге тым күрделі деп санап, Сепаратистік ұрандарының бірінші талабы ретінде қойған Орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берілуін талап ететін Украина азаматтары К.Маркстың «Өзі тұрып жатқан елдің тілін қонақ не ақымақ, өз тілін ғана тықпалайтын басқыншы ғана білмеуі мүмкін»,- деген сөзіндегі ақиқатқа құлақ асулары керек. Қанша жылдар бойына Украинада тұрып, өсіп-өніп, сол елдің нанын жеп, суын ішіп жүріп, ол елді сыйламау, бір Тәуелсіз мемлекеттің жерін бөліп алуға ұмтылу, әсіре ұлтшыл Ресей билігінің насихатына еріп, өз Отанына опасыздық жасау – тек басқыншы ұлттың ғана қолынан келетін сатқындық пен озбырлық. Ол азаматтардың адамгершілік, моральдық ұстыны туралы сөз айтудың өзі артық. Бұл жерде Украина билігінің де кемшін тұстары бар. Ішкі саясаттың, патриоттық идеологияның болмауы, болса да әлсіз болуы елді орға жығып отыр. Көпұлтты мемлекетте тек идеологиялық, интернационалистік, патриоттық насихат арқылы халықты бейбіт ұстап отыруға болады ма? Насихат – желсөз, жеме-жемге келгенде бу сияқты ауаға ұшып кетпейді ме? «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» деген халық даналығы, идеологиялық насихат қанша тізеге салғанымен адамдардың тарихи жады мен архетипі, табиғи рефлексі басым болып кететін жағдайы бар. Ресей билігі орыс қоғамында осы тағылық, жабайылық инстинктіні қайта оятқандай. Тағылық инстинкті үстемдік еткен тұста, ақыл-парасат, адамгершілік пен сүйіспеншілікке орын болмайды.
Қазақстан қоғамы русофобиялық қоғам емес, орыстың ұлы мәдениетімен сусындап өскен қоғам. Тіпті орыс мәдениетімен сусындағанымыз соншалық, ұлты қазақ азаматтары өзі ана тілін білмейді, ана тілімен қатар төл мәдениетін мансұқтап, білуге де құмартпайтындары бар. Жалпақшешейлікті қойып, ұлттық мәдениетті жалпыадамзаттық мұраттармен ұштастыра отырып, парасатты тұлғаларды тәрбилеуді қолға алмасақ, тым кеш болады. Ресей билігіндегі тағылық айтақтарға еріп, Отанын сатып, жалт берер тұлғалардың қатары көбейіп кетуі мүмкін. Тәуелсіздіктің 23 жылында мемлекеттік тіл тұғырына толық орныға алмаған қазақ тілі, азаматтардың санасын қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігінің орыс тілінде болуы, ресми құжаттар мен заңнамалардың орыс тілінде жасалатыны, тіпті төлқұжаттарда аты-жөніміздің орыс тілінде жазылуынан әлі күнге дейін арыла алмауымыз еліміздің ұлттық келбетінің біркелкі еместігін айғақтап береді. Ұзақ жылдар бойына қордаланған осы мәселелердің шешімдерінің табылмауы – Еуразиялық экономикалық одақтың қарсаңында ел азаматарының көңілін күпті қылып, алаңдатушылық тудыруы заңды. Әлемнің қай елі болмасын, қазақ елі ықпалдастыққа қарсы емес. Әсіресе үйренері бар, әлемнің дамыған елдерімен ынтымақтасу Қазақстан қоғамына жаңа серпін мен даму әкелері анық. Бірақ өз бауырлас елін талан-таражға салып жатқан тоталитар, басқыншы елмен одақтас болып, өркениетке жете алмаспыз. Әлем елдерінің Ресейге салатын санкцияларының Қазақстанға әсері ол өз алдына бір тақырып. Сондықтан Украинадағы жағдайлар реттелгенге дейін, Еуразиялық экономикалық қоғам шарттарына қол қоюды кейінге шегере тұрған абзал және ол одақтың тиімділігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, кемшін тұстары жіті талқылануы қажет. Ал дәл қазіргі күні Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан қоғамына ашық түрде толық түсіндіріліп, талқыланды деп айта алмасақ керек. Гитлердің артын алған Путин бастаған Кремльден аярлық пен араңдатушылықты, түрлі құйтыртқыларды, зұлымдықты, қанішерлікті күте беруіміз керек. Елімізде жайлаған сыбайлас жемқорлықтың жойылуына іргелі реформалар қабылданып, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуді күшейтіп, құқықтық, демократиялық елге айналу үшін Украина мемлекетінің ащы тәжірибесінен сабақ алу қажет.
Кенжеғараев Ноябрь Жанатұлы.
Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі