Сен қазақсың!
Сен қазақсың! Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек!
Сен қазақсың! Бір Алланың құлсың,
Адамға адам құл болғаны құрысын.
Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай,
Қалған ұлтсың қаһармансың, ұлысың!
Сен қазақсың! Ұлы дала тұғыры,
Күмбір-күмбір күрескерлік ғұмыры.
Тірескеннің дірілдеткен дізесін,
Тұлпарының тұяғының дүбірі!
Сен қазақсың! Алынбайтын барыссың,
Ар-ожданның асқағысың, намыссың,
Тағдырыңмен танысқысы келгендер,
Тасқа басқан тарихыңмен таныссын!
Сен қазақсың! Баяғы жұрт, түздегі ел,
Табиғаттан тән тамырын үзбеген.
Қолын жайып көктен өмір сұраған,
Жер бетінен жерұйықты іздеген!
Сен қазақсың! Қазынасы нәсіп-құт,
Қазақ болу ғаламатқа ғашықтық.
Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,
Көрген көзден кететіндей жас ығып!
Сен қазақсың! Отаншылсың, тектісің,
Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.
Бұл далаға мұрагерлік, иелік,
Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін.
Сен қазақсың! Келе жатқан бағы асып,
Адамзаттық, ізгілікке жол ашып.
Қонақжайсың, елшілігің ежелден,
Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық.
Сен қазақсың! Ғарышкерсің жаны аспан,
Өрелісің өз орнына таласқан.
Төрге лайық марқасқасың, мықтысың,
Төрткіл дүние саясатта санасқан.
Сен қазақсың! Қазақ едің туғанда,
Онда дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, ана тілден айрылма,
Төбеңде күн, төменде жер тұрғанда!!!
Серік Қалиев