Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

НӘБИЖАН – БІТІМІ АСЫЛ, ДЕҢГЕЙІ БИІК ҒАЛЫМ

$
0
0

Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ
Профессор, жазушы, экспарламентар,
«Үлес» (ҚХР) сыйлығы мен (Достық»
(ҚР) орденінің иегері

НӘБИЖАН – БІТІМІ АСЫЛ,
ДЕҢГЕЙІ БИІК ҒАЛЫМ

«Ғалым» бізге арабтардың оқымысты, білім иесі санайтын адамдарына қаратылған «алим» сөзінен келді ғой.
Бұл күндері, магистр мен доценттен жоғарыларды ғалым санаймыз. Абайша болғанда, табиғи ғылым мен қоғамдық ғылымдардың жеке саласын жете меңгергендер ғана ғалым саналады .
Бүгінде, ғалым деген жалпылық ат. Кең мағынадан алғанда, жүйелі ізденіспен соны білімді табатындар. Тар мағынамен айтқанда, ғылыми әдістермен зерттеу жүргізетін, ғылым өңіріндегі мамандар.
Шүкірлік, қазақ ғалымдарының шоғыры көп-көрім. Дегенмен ғалымның бәрі Эйнштейн, ақынның бәрі Абай бола бермейтіні сықылды, ғалымның да ғалымы бар. Мен Нәбижан Мұхаметханұлын тума бітімі асыл, жастайынан білімге құлшынғн, ғылыми аясы кең, көзқарасы шыншыл, ізденісі мұқият, қазіргі шыққан биігі жоғары тарих ғалымы деп санаймын.

1

Абай ақылы бойынша, ғалымдарда болуға тиісті ең басты шарт – ғадалат пен махаббат. Демек, әрі әділеттің ақ жолынан таймай аса шыншыл, әрі адамзатқа, оның бір тобы өз ұлтына қатты сүйспеншіл болу. Ал, бұл осы күнгі қазақ ғалымдарына қойылатын ең басты талап.
Ең алдымен, Мұқаметханұлы Нәбижанның іс-қимылынан, айтқан-жазғандарынан осы екі қасиет аңқиды. Бұған Нәбижанның, Қытайдағы өмір-баяны да, жылы да мәртебелі ондағы орнын тастап Елге оралуы мен Елге келгесінгі еңбегі де мықты дәлел.
Нәбижан Абайдың: «Жамандық көрсен нәфрәтлі, суытып көңіл тыйсаңыз, жақсылық керсең ғибрәтлі, оны ойға жисаңыз, ғалым болмай немене балалықты қисаңыз?..» деген өсиетін ерте бастан ескеріп, өзін оқуға құлшынтыпты.
Нәбижан Мұқаметханұлы 1954 жылы 12 сәуірде ҚХР ШҰАР ға қарайтын, жер жәннаты Жетісудың төріндегі қалың қазақтың іші Тоғызтарау ауданының Мұқыр ауылында дүние келіпті. Міне бүгін ақыл жасы алпысқа толып отыр. Гинетикалық тектілігінен сырт, көзқарақты қызметкер отбасының тәрбиесі де Нәбижанды бүгінгі биікке шығар жолға ерте салған көрінеді. 1966-1976 жылдары бүкіл Қытай халқының есін шығарған, «оқу қажет емес», «зиялылар борсыған» делінетін «Мәдениет зор төңкерісінде» апатты науқанның теріс ықпалына ұшырамауы да содан екен.
Нәбижан дүниедегі ең ауыр тіл қытайшаны игеріп, мектепті озат нәтижемен бітірген соң, 1973-жылы ЖОО ға (Қытайдың Гуаңжоу қаласындағы Сүн Ятсень атындағы мемлекеттік университетінің Тарих факультетінің тарих мамандығыына) қабылданып, оны 1977 жылы тағы да үздік нәтижемен бітіреді. Университеттің 3-курсында қытай тілінде мақала жариялай бастағандықтан, оған қызыққан орындардан Іле Қазақ Автономиялы Облыстық үгіт-нәсихат бөлімі қызметке алады. Одан ол 1980 жылы конкурс арқылы Шинжяң Қоғамдық Ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкерлік орынды жеңіп алып, ат басын ғылымға қарай бұрады. 1985-1987 жылдары Бейжин унверситетінің Тарих факультетінің профессоры, атақты тарихшы ғалым Жан Гуанданның жетекшілігінде стажировкадан өтеді.
Адамға оқу орындары ең қажетті, бірақ 10 пайыздай ғана білімді береді. Қажырлы да арманшыл жан былайғы биікке өздігінен үйрену арқылы шығады. Нәбижан осыдан соң қайратын қайрап, өздігінен ізденіп, жапалы еңбек арқылы бүгінгі биікке шығып отыр. Бұл шынайы биік! Нәбижан - ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, тіпті ақша мен байланыстың себімен «биіктегісі» келетіндерден мүлде басқа жан.

2

Біз ғалым дегенді көбінесе кең мағынада қолданып жүрміз. Мысалы, кей елдер математиктерді, ғалым емес, теоретик санайды. Философ пен ғалымды да парықтап, бейреал нәрселерді логикалық тұспалмен түсіндіретіндерді ғана философ есептейді. Менің бұл сауаттық дүниелерге бұрылуымның себебі осы.
Ал, тарих ғалымы, тарихшы дегеніміз – тарихи шығармалар жазумен айланысқан, тарих ғылымының шаңырақ көтеруіне, дамуына және қолданылуына үлес қосқан зиялы. Нәбижан Мұқаметханұлы, Қазақстан үшін ғана емес, жалпы дүние тарихы үшін де өте зәру тарих ғалымдарының бірі. Өйткені Ұлы Дала тарихы (соның ішіндегі Ұлы Қазақ Елінің тарихы), Нәбижандардың аздығынан, не евроцентристердің не шала молдалардың кері ықпалына ұшырап келді. Енді соларды түзеу керек.
Біз – диаспорадағы зиялы қауым уәкілдері озық ойлы қазақстандық тарихшылардың Қазақ пен Қазақ мемлекеті тарихын, тәуелсіз Қазақстан тұрғысынан, еш елге де жалтақтамай, отаршыл елдегі кері баққандармен де бірлеспей, әлеми ғылым жетістіктеріне сүйене отырып, өз алдына, дербес жазып шығуды құптағанына қатты қуанып жүрміз. Өйткені мұнсыз, бұрынғылар қайталанар, бірақ әділ де шынайы жаңа Қазақ және Қазақ Мемлекеті тарихы бой көтермек емес. Нәбижанның бұл іске белсенді ғалым екені жұртқа аян.
Отарлық тарихқа және тілдік, идеялогиялық факторларға байланысты, іргелес ел Қытайдың, Қазақ-Қытай тарихи байланысының, Қытай тарихнамаларындағы Қазақстанға қатысты деректердің Қазақстанға тым таныс емес, тіпті көбі беймілім, әуелі кейі қате күйде болып келгені құпия емес. Осы тұрғыдан айтқанда, қазақстандық синология да, қазаққа қатысты Қытай тарихнамаларындағы деректер де шаңырағын енді көтеруде десем тым артық айтқан бола қоймаспын. Мен Нәбижанды өзге қазақстандық, өзге елдік ғалымдармен бірге осы шаңырақты көтерушілердің бір қайраттысы санаймын.

3

Сөзім дәлелді болуы үшін мыналарды айта кетейін. Нәбижан 1989-жылы ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттарды зерттеу институты директорының ғылымға жауапты орынбасары міндетіне тағайындалған еді. Бұл міндетті ол өз зерттеулері арқылы да, өзгелерді ғылыми зерттеуге ұйымдастыру жолымен де, әкімшілік жағынан да, ішкі өлкелермен, шет елдермен ғылыми байланысты тығыздатып та абыроймен атқарды. Бұған сол жылдары жариялаған «Қазақ тарихынан зерттеулер» (Үрімжі, 1989), «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» (1982 ж.), «Абайдың әлеуметтік идеясы» (1983 ж.), «Абылай хан туралы зерттеу» (1984 ж.), «Қазақтар мен Чиң (Цин) патшалығы қатынастары» (1987), «ХV – ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары» (1988 ж.) сияқты өзекті тақырыптар бойынша зерттеулерін қытай тілінде жариялап, мамандардың жақсы бағасына ие болғаны дәлел. Бұлардан сырт, «Шинжяң тарихы сөздігі» (Үрімжі, 1994, 1996) сықылдыларға қатысуы, талай ғылыми аудармалары (Н.Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихын», Жақып Мырзаханның «Қазақ ұлтын» Хэ Чинлян мен бірлесіп, қазақшадан қытайшаға), Уан Бинхуа, Уан Минжылардың «Үйсін туралы зерттеуін» қытайшадан қазақшаға қотарғаны) тағы бар. Бүкіл Қытайлық Жастар Ассоциациясының сүрыптауымен «Жеңіске жеткендер - Қазіргі заманғы жас таланттар шоғыры» атты жинақта «Мен қазақпын» деген тақырыппен таныстырылуы да (Бейжин. 1987, 86-87 б.), «Қытайдың қазіргі заманғы тарихшы ғалымдары сөздігіне» (Ши-ән. 1993. 396 б.) енуі де бұл бағаны нықтай түседі.
Кезінде, Нәбижан ҚХР ШҰАР Жастар ассоциациясының тұрақты мүшесі (1983-1993), Бүкіл қытайлық жастар құрылтайының 7-кезекті депутаты және ассоциация мүшесі (1991 жылдан), Қытай ұлттар тархы ғылыми қоғамының мүшесі, «Он үздік қытай жастарының» бірі (1990 жылы) болып бағаланды және Қытай жастар сыйлығына ие болды (1991 жылы). Бұл менің айтқандарымды бекіте түседі.
Осының бәрінің, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» емес, «мыңнан жүйрік, миллионнан тұлпар» әрең шыға алатын миллиярдтар елінде болып жатқанын ағайындар әбден түсінеді.

4

Нәбижан Мұқаметханұлы 1993-жылы сәуірде, осыншалық мәртебе, абырой, жылы орын дегендерді тастап Елге оралды. ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына (докторантураға) қабылданып, академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігінде зерттеу жүргізді (1993-1997 жж.). 1995 жылы сәуірде «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы /ХҮІІІ-ХХ ғасырлар арасында/» атты тақырыпта Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Және осы мезгілде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры Әділ Ахметовтың шақыруымен осы университеттің қазақ тобына алғаш жапон тілі курсын ашып, үш жыл сабақ берді. 1997-2000 жылдары аталмыш институтта жетекші ғылыми қызыметкер болып жұмыс істеді. 2001-жылы желтоқсанда, «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы /1860-1920 жж./» тақырыбында Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Оның докторлық диссертациясы ЖАК тарапынан сол жылғы ең үздік диссертация болып бағаланды. 2000 - 2007 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультеті шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында доцент, профессор және кафедра меңгерушісі (2005-2007 жж.) қызметін атқарды. 2007-жылы қыркүйектен қазірге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ХҚФ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасында профессор, 2012 жылы мамырдан университет жанынан құрылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры міндетін атқарып келеді. Мұншама ауыр жүктің көтере алар нарға ғана артылары Сіздерге белгілі.
Нәбижан Мұқаметханұлы Елге ғалым ретінде үлкен ғылыми дайындықпен келгендігін, ғылыми зертеуге барынша белсенді кірісіп, ғылыми нәтижелерімен толық дәлелдеді.. Нәкең қазірге дейін 6 республикалық ғылыми зертеу жобаға қатысып, ұжымдық көлемді ғылыми еңбектер жазуға ат салысуда. Солардың ішінен (басқалармен бірлесіп жазған) «Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі» (2005); «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және орта ғасырлар кезеңі)» (2007); «Еуроазиялық интеграция және қазақ диаспорасы» (2007) қатарлы монографиялары жарық көрді.
Нәбижан Мұқаметханұлының зерттеу аясы кең. Ол ескі қытай жазбаларына жетік. Қытай ескі жазбаларының, беттік мағынасымен шектелмей, арғы астарын да ақтара алады. Олардың түп мағынасын қытайлар психологиясы мен дәстүріне тіреп толық та дүрыс аша біледі. Бұл бұдан бұрынғы өзге ел синологтарының ойы жете бермеген тұс болатын.
Нәбижан негізінде қазақ халқы мен қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзін терең зерделеп, қазақ халқы көптеген этноқайнардан бастау алған, сан ғасырлар бойы дамып біртіндеп біртұтастану ұдерісімен ХV ғасырда дербес ұлт болып қалыптасты деп қарайды, яғни қазақтың ең арғы этногенезі б.з.д. бірінші мыңжылдықта тарих саханасына көтерілген Сақ (шошақ бөрікті бөлігі), Күн (Хұн, Һон), Үйсін, Қаңлы және Алан (Яньцай) сықылдылардан бастау алған деп түйіндейді. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттілігі де аталған этникалық топтар құрған алғашқы мемлекеттік құрылымдардан бастау алған деп санайды. Бұл қазіргі ең өрелі әр ел, әр ұлт тарихшылары құптап отырған озық көзқарасқа уәкіл.
Нәбижан Мұқаметханұлы Қытай Чиң (Цин) империясының орда күнделіктері мен жазба құжаттарын жүйелі түрде саралай отырып, Қазақ-Қытай арасындағы саяи-дипломатиялық, сауда-эконмикалық және мәдени бйланыстарына жаңаша сипаттама берді. Ол Қазақ хандығы ордасының немесе Абылай ханның Чиң патшалығына Ойрат Тотын жазуында хат жолдағанын, сондай-ақ қазақ хандығында құжат жазу мәдениетінің болғандығын дәиектеген ғылыми мақаласын алғаш рет Қытайда жариялады («Шыңжаң Қоғамдық ғылымы» журналы. 1991 ж. № 1, 70-91 б.). Ол осы саладағы зерттеулерін Елге келгеннен кейін де жалғастырып, құнды ғылыми еңбектер жазды және абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Нәбижан Мұқаметханұлы Қазақстанда өте зәру болып тұрған қытайтану ғылымын қалыптастыру мен дамыту үшін құлшына жұмыс жасап келеді. Оның бастамасымен 20012-жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталғы» құрылыпты, оған өзі жетекшілік етіпті, алғашқы ғылыми еңбектерін «Қытайды зерттеу» сериясы бойынша баспадан шығара бастапты. Атап айтқанда, оның Қытайда ҚР-дың Бас елшісі болған Жәнібек Кәрібжановпен бірлесіп жазған «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы (2000-2010 жылдар.2013), «Қазіргі заманғы Қытай және оның Қазақстанмен қатынасы» (Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары». 2014) осы орталықтың алғашқы нәтижелері ретінде жарық көрген екен. Бұл әрине қазақстандық синологиялық ғылым дамуының бір көрнекті нәтижесі болып табылады.
Нәбижан Мұқаметханұлы – 270 тен аса ғылыми және теориялық танымдық еңбектердің (оның ішінде оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының) авторы. Бұл еңбектердегі ежелгі Үйсін, Қаңлы, Алан мемлекеттерінің тарихы мен мәдениеті, ерте заманнан қазірге дейінгі маңызды тарихи кезеңдердегі Орталық Азия, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар, Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер, қазақ диаспорасы мен оралмандар, ұлттық біртұтастық пен ұлт тәрбиесі жөніндегі зерттеулер, ой-түйіндер, тұжырымдар өзіндік сонылығымен гуманитарлық ғылымның дамуына үлкен үлес болып қосылды. Бұл еңбектер, қазақ тілінде ғана емес, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде де жарық көрген.
Нәбижан студенттерге кәсіби білім берумен қатар, оларды ғылымға баулу үшін, 2008 жылы факультеттегі үздік студенттерден «Шығыс жұлдызы» ұйірмесін ұйымдастырып жетекшілік (Б.М.Балаубаевамен) жасап келеді екен. Ұйірме жылына 4-5 рет дөңгелек үстел ұйымдастырып, белгілі ғалымдармен кездесулер өткізіп, жастардың оқуға, зерттеуге қызығуын арттырыпты. Бұл ұйірме унверситет бойынша 2012 жылы бірінші болып бағаланыпты. Нәбижан Мұқаметханұлының жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 2 философия докторы (PhD) қорғап шығыпты. Адам факторы ең басқы орында саналатындықтан, бұлар тіпті зор үлес саналады.
Осы деңгей, осы жетістіктердің көзге көрінуі ғой, Нәбижан Мұқаметханұлы қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі, төрағаның орынбасары, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тарих ғылымдары бойынша сараптау Кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилов атындағы ЕҰУ жанындағы тарих ғылымдары бойынша (PhD) докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі болып жұмыс істейді екен. Ол тағы Қазақстан ұлттық энциклопедиясы (10 томдық) ғылыми кеңесшісі және авторларының бірі де екен. «ҚазҰУ Хабаршысы – халықаралық қатынастар және халықаралық құқық» сериясының редакциялық алқа мүшесі де. Тағы Қазақстан тарихышылары ассоциациясының мүшесі, Қытай этнография ғылыми қоғамының шетелдік мүшесі (2010) де.
Оңай емес.
Алайда, шынымды айтуға мәжбүрмін, Қытайдағы, қазақтар түгіл, хәнзу, ұйғыр ғалымдары «Нәбижан әлі академик бомады ма?» деп сұрайды. Бұл да талайға ой түрткі, Нәбижанға баға шығар. Әрине, асықпаған арбамен де қоянға жетеді, сабыр түбі сары алтын деймін мен оларға.
Меніңше нәбижанның бұдан да көп, бұдан да маңызды берері бар. Соған Нәкең бауырға тіпті де мықты денсаулық, кемінде алпысты екі еселеген ғұмыр, өзі бастаған жанұясындағыларға бұдан да зор бақыт пен жетістік тілеймін!
(2014.03.25)


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>