Бүгін Қазақстанда «Қырымды» болғызбаған тұлғаның туған күні
Бейсенбі, 20 Наурыз 2014 10:41
Автор: Қамшы
2 Пікір
Айдар: Безбен
сілтеме
96 рет оқылды
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов қандай қызмет атқарса да Қазақ елінің, ұлтының мұң-мұқтажын, абыройын, мүддесін әсте есінен шығарған емес. Осы ұлы мақсатта қара басының қамын күйттемей жоғары лауазымын да қияды. Ұлтжанды азаматтың ерліктерінің ішінде Қазақстанның солтүстіктегі облыстарын аман алып қалғаны ерекше тоқталуға тұратын оқиға. Кеңес елінің басшысы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады. Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,- деп қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Ж.Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып арызыңызды айта беріңіз»,- деп қадап айтады. Н.Хрущевтің қырына ілігіп қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов зәресі ұшып сол жерде кешірім сұрайды. Осылай Ж.Тәшенов Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық мәлімдейді. Ерлік, батырлық тек соғыста ғана жасалмайды. Өмірде ерлік жасаудың түрлері көп. Ж.Тәшенов ел тұтастығына қауіп төнгенде, бейбіт күнде ақыл-парсатымен, қайсарлығымен, ұлтжандылығымен ерліктің өнегесін көрсетіп, қазақ ұлтының намысын кеңестік жүйеге таптатпаған батырлығымено сылай халық құрметіне бөленді. Жұмабек Тәшеновтің өзі Мәсекуде Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтың әрекетіне қалай тойтарыс бергенін былай деп еске алады: «Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А. Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С. Хрущевтің екеумізді шақырып жатқанын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі ол Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі. Ал енді осы жағдайларды ескере келіп Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын» – деді. Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын» – дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз–ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», – деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», – деп ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып: «Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар»,-деп айттым. Далаға шыққан соң Д.А. Қонаев: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау»,-деді. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен Н.С.Хрущев та санасуға мәжбүр болып алғашқы ойынан қайтады. Тарихта мемлекеттер арасындағы жер дауы талай ауыр зардаптарға соқтырғаны мәлім. Алысқа бармай-ақ, кезінде Ресейден Украинаға берілген Қырым облысы екі елдің арасында шешімі табылмаған дауға айналғаны белгілі жәйіт. Осы айтылғандарды түйіндей айтсақ, Ж.Тәшеновтің КСРО басшылығымен тайталаса жүріп қазақ жері мен халқы үшін жасаған еңбегіне қазақ халқы оған мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда егер 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде Қазақстан кемінде өз жерінің үштен бірінен айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың парызы.
Шынжырлы жолбарыс
авторы: Бейсен Ахмет
Қатыгез тағдырдың жібіне байланған,
Қаймана қазақтың бағына айналған.
Шынжырлы жолбарыс атанған арысым
Ата жау сескеніп, патша да ойланған.
Бір ұлы перзенті қаймана қазақтың,
Тарихы табылған ішінен тозақтың.
Шыбар төс бағадүр Жұмабек тәшенев
Өзіңе қарыздар қайырлы азат күн!
Ар-ұждан алдында ұмытқан барлығын,
Жері мен елі үшін құрбан ғып тағдырын.
Билік пен байлыққа сатылмай атылған
Өзіңдей батырға мәңгілік тағызым!
Қадірді білмедік батырым барыңда,
Байланған кез еді отарлы тағдырға.
Бостандық жолында еселі еңбегің
Мәңгілік сақталар ұрпақтың жадында.
Тәуелсіз елім бар көк туы жайнаған,
Айбарлы Астанам жеріңде қорғаған.
Тәшенов мектебі, білім ап әр балаң
Тәшенов көшесі бойында ойнаған!
Тәшенов ескерткіш-музейін аралап,
Барады ұл-қыздар тарихи сабақ ап.
Жасайды мәңгілік Алаштың ұлдары
Қорғаймыз отанды – мәңгілік аманат!
Мәліметтер “wikipedia”-дан алынды
“Қамшы” сілтейді