Ресей Қазақстанның мүддесімен санаса бастады
©Алаш айнасы иллюстрациясы
Кеден одағына енетін Қазақстан, Ресей және Белоруссия мамыр айының ортасында мұнай өнімдері сауда-саттығын шектейтін базалық келісімшартқа қол қоймақшы. «Алаш айнасы» басылымы сөзге тартқан отандық мамандардың айтуынша, бұл құжат осыған дейінгі Ресейдің Кеден одағы мемлекеттерімен экономикалық қарым-қатынасында томпақ тұс боп келген тарифтік шектеулерді жоюы тиіс. Осылайша Мәскеу мына аласапыран заманда көзқарастары екіұшты боп тұрғандар үшін Еуразиялық одақты тартымды етуге күш жұмсамақ.
РФ Қаржы министрінің орынбасары Сергей Шаталов аталған құжат мазмұнына қатысты бірнеше нұсқа әзірлеп қойғандарын айтады. «Ондағы келісімшарт нұсқасын президенттер таңдайды, өйткені бұл саяси шешімді талап ететін дүние. Барлық шарттар бір мәселені қамтиды: үш мемлекет арасындағы мұнай өнімдері бойынша өзара сауда-саттықтағы жекелей тарифтік және тарифтік емес шектеулерді сақтап қалу немесе оны жою», – дейді ол.
– Аталған шектеулер ішінде мынандай мәселелер қарастырылады: Ресей мұнайы Белоруссия мен Қазақстанға тасымалданғанда квота бойынша беріледі. Белоруссияға экспорттық баж қолданылады. Қазақстан өз территориясы арқылы ашық мұнай өнімдері тасымалына шектеу қояды, Ресейден Қазақстанға ашық мұнай өнімдері тасымалына тыйым салынады. Жалпы, болашақта барлық шектеулер алынып тасталады, – дейді ол.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов Кеден одағы аясында еркін сауда-саттық орнау үшін барлық тарифтік және тарифтік емес шектеулер алынып тасталуы тиістігін, бастапқыда солай уәде етілгендігі, алайда Ресей осы айтқанынан айнып кеткендігін айтады.
– Белоруссия мен Қазақстан Кеден одағына енгенде арадағы барлық трарифтік шектеулер, кедендік баж алынады деп сенді. Сондықтан осы одаққа бас қосты. Бірақ Ресей өз экономикасына қажетті кейбір салаға Кеден одағының заңнамалық қағидаттары жүрмейтін етіп тастады. Шикізат тасымалында экспорттық баж алды немесе оны бартер арқылы өтетуге мәжбүрледі. Мәселен, Белоруссияда мұнай жоқ. Олар оны Ресейден алады. Бір одақта болғаны үшін бұл арада мұнай тасымалы үшін баж алынбауы тиіс. Бірақ Ресей Белоруссия мұнайды өздері тұтынбайды, оны өңдеп шетелге сатады дегенді желеу етіп баж салығын енгізіп қойды. Ал Павлодар зауытын ашық мұнаймен қамтамасыз еткенінің ақысы үшін біздің батыстан мұнай алатын болған.
Келесі қадам – Еуразиялық интеграция. Міне, осы шешуші кезеңде бастапқы талаптарымызды қайтадан алға тартып, барлық күш-жігерімізді соған жұмсауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, арадағы барлық тарифтік және тарифтік емес шектеуді алып тастауға ықпал етуіміз тиіс, – дейді ғалым. Алайда Ресейдің ресми өкілі бір сәтте барлық шектеулерді жою мүмкін еместігін алға тартып отыр.
– Тарифтік және тарифтік емес шектеулердің барлығын бір сәтте алып тастасақ, Ресей бюджеті жылына шамамен 30 миллиард рублін жоғалтады. Мұндай жағдайда Ресей мұнайшылары мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауды доғарады, оны Қазақстан мен Белоруссиядағы еншілес компаниялары жүзеге асыра бастайды. Бұл – Ресей үшін агрессивті сценарий. Сондықтан бұл сценариді жүзеге асыруды ақырындап іске қосамыз. Көп шығынға ұрынбас үшін РФ экспорттық бажды төмендетіп, жер асты қазба байлықтары салығын арттырады. Ондай жағдайда ішкі нарықта мұнай қымбаттайды, ондайда отын бағасы қатты өсіп кетпес үшін жанар-жағармай акциздерін күрт төмендетуге тура келеді, – дейді Шаталов.
Қалай дегенмен де отандық мамандардың пайымынша, бұл Кеден одағы аясындағы мұнай өнімдеріне қатысты шектеулерді жоюға бағытталған қадам, сондықтан ол Қазақстан үшін тиімді болады.
Экономикалық зерттеулер институты жанындағы Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Сара Алпысбаеваның пікірінше, қазір Кеден одағынан Ресей мен Беларусь қарық боп отыр, ал Қазақстан пайдасын ауызбен айтуға келмейді.
– Кеден Одағы Қазақстан үшін экономикалық тұрғыда шикізат тасымалында тиімді. Алайда мұндағы шектеулер шаш етектен пайдаға кеңелеміз деген арманымыздың түбіріне балта шапты. Мысалы, Ресей арқылы өтетін мұнай және газ құбырлары бойынша Қазақстан шикізатының тасымалы, Павлодар мұнай өңдеуші зауытына келіп түсетін импорт мұнайы, газ бағасына қатысты күрмеуі қиын мәселелер көп. Әсіресе, газ бағасының құбылуынан батыс өңіріміз көп зардап шегеді. Сол секілді теміржол жүк тасымалы мәселесі. Мұндағы тарифтер де «Қазақстан Теміржолы» АҚ үшін өте тиімсіз. Міне, Кеден одағы аясында орын алған осы мәселелердің барлығы, айналып келгенде, Қазақстанның барлық саласына кері әсерін береді, – дейді маман.
Сара Алпыбаеваның айтуынша, Кеден одағы аясында Қазақстанға оң ықпал етіп отырған бір сала бар, ол – теңіз қатынасы. «Ресей Федерациясы арқылы Еуропаға қазақстандық экспорттар тасымалында ресейлік бизнестен алынатын тарифтер қолданылады. Бұл біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сауда-саттық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Міне, тура осындай қарым-қатынас таяу болашақта мұнай мен газ құбырлары тасымалында қолданылса, Қазақстан үшін Кеден одағының тиімділігі артар еді», – дейді ол.
Ал Тоқтар Есіркепов аталған шараның ел ішіндегі жанар-жағармай бағасының өсуіне әсері барын жоққа шығармайды. «Алайда бұл іс-қимыл Кеден одағының тарифтік және тарифтік емес шектеулерін жоюға бағытталса, ондай қымбатшылыққа көнуге әбден болады», – дейді ол.
Еске сала кетелік, бүгін Швейцария Кеден одағы елдерімен келіссөзді күрт тоқтататындығын мәлімдеді. Швейцария экономика министрі Йоханн Шнайдер-Амманның мәлімдеуінше, бұл Украина мен Қырым маңайындағы «айқындалмаған жағдайларға» байланысты қабылданған шешім боп табылады. Швейцария Еуропалық одақтың мүшесі емес.
Автор: Кәмшат Сатиева