Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ӘДІЛЕТТІЛІК КІМДЕ?..

$
0
0

КӨЗҚАРАСТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ: ӘДІЛЕТТІЛІК КІМДЕ?..

Қандай классиктің де жазғандарының бәрі бірдей керемет бола бермейді. Бәлкім, бізге жазушыларды көзі кеткен соң шыққан, кейде тіпті, жүз­ден асып кететін томдарына емес, көзі тірісінде өзінің көңілі толған таңдамалысына қарап баға­лау керек шығар. Өзіміз байқап қалған бір кемші­лі­гін көрсетпес бұрын біздікінен басқа өлшем­дер­дің де бар екенін естен шығармасақ құба-құп. Және біздің өлшемнің басқалар үшін маңызы қан­дай деген мәселені де айналып өте алмаймыз.

--------------------------------------------------------------------------------

Мұраға адалдық таныта алмау – тарихқа қиянат. Толстойдың өмірінің соңында жазғандарының о бастағы дүниелерінен кемшін соғып жата­ты­нының себептерін зерттеушілер жан-жақ­ты түсіндіріп берді. Тіпті, ұлы жазу­шы­ның ойы қай кезде қалай ауды, қай кезеңде нені көкседі деген мәсе­ле­лер­дің шығармашылығына қалай әсер еткенін де ашып берді. Осыны қазақ қа­ламгерлеріне қатысты алсақ қалай болар еді? Осылай зерттесек... Сонда ға­на қанымызға сіңісті «кім мықты?» әдет­тен арылып, басқа өлшемдермен сөй­лей бастар ма едік... Халық үшін қас­терлі, құрметті есімдердің атына ке­сімді сөз айтуға асықпас па едік.
Бір жас ақын Абайды онша біле қой­­май­тын жас сыншыға өлең оқып бе­ріпті. Кімдікі? Менікі. Қалай екен? Сын­шыңыз бөгелместен сынға алған кө­рінеді. Сонда ғана әлгі ақын өлеңнің Абай­дікі екенін айтыпты. Сыншы аш-уын ішіне бүгіп, амал жоқ, қайта оқуын өтін­ген. Содан соң барып, Абайға деген «құрметпен» басқаша сөйлеген екен дейді.
Абай бүгінде бізде – мода! Қазақ­тың рухани шыңы – Абай. Демек, Абай­ды та­нып-білмек – парыз. «Қайран сөзін» қор қы­лып, келсін, келмесін оң­ды-солды кел­ті­ріп тыраштанып ба­ға­мыз. Абайды тану­ға деген «құштарлық» – көлгірлікке апара жатқандай әсер етеді кейде. Абай туралы әркім өзінше талдау жасайды, деректер келтіреді. Бірақ бірі де жаман айтпайды. Себебі, Абайды терең түсінетіндер, біле­тін­дер бар. Солардан ығады. Қазақ үшін Абай – пайғамбар дәрежесіндегі тұлға. Ол туралы кері пікір айту былай тұрсын, біл­меу ұят. Сондықтан көлгірсиміз.
Тек, ертеректе «Махаббатсыз дү­ние – бос» деп соғып жүрген басымыз, соңғы кезде күтпеген жерден «Махаббатсыз дүние – дос» екен дегенді ес­ті­гелі кібір­тік­теп, осы сөзін қолдануды қой­­дық. Аға­лар әр тараптан талдау жа­сап, дәлелдеп жатқанымен, бір жа­ғына анық шығып алғанша, қоя тұруды жөн көреміз де.
Ал, одан бергілер жайында ептеп «қа­талдау» кетуге болады. Одан бұрын­ғы­лар туралы да...
Кейде біреудің бір сөзіне бола бір жазу­­шыны қайта оқитының болады. Мақ­тау да парыз емес. Даттаса да мей­лі. Бастысы, сол шығарманы бұрын оқы­саң болғаны. Сол кезде алған әсе­ріңді үсте­ме­сімен бір жаңартып алуға екіұштылау бір пікірдің өзі молынан жетеді. Әлгі айтылған бір ауыз сөздің рас-өтірігіне жетпек ниет өз-өзінен пайда болады.
«Лев Толстой жер бетіндегі тірліктің әліп­песін енді ашқан талай ұрпақты Адамның әлеуметтік өмірі атты, Адамның жан дүниесі атты шексіз ғарыштың небір шырқау биіктеріне самғатқанын кім білмейді дейсіз. Толстой қаламы қызметке кіріскелі бергі ғасырдан астам уақыт ішінде жұмыр жердің қай пұшпағында қай күні қай кісі істеп жатқан ізгілік атау­лының бәріне де Толстой сөзінің, Толстой өнегесінің қатысы бар. Адамның адам, адамзаттың адамзат атануына Лев Толстойдай үлес қосқан кісі кемде-кем». Бұл Әбіш Кекілбаевтың ғана емес, берісі қазақ қаламгерлері, арысы әлем әдебиетшілері­нің көпшілігі ден қойған пікір болатын. «Классикалық әдебиеттің күні өтті» дей­тін­дер жайында әңгіме басқа. Таласбек Әсемқұлов «Мен Толстойды ұлы жазушы деп есептемеймін» деп салыпты бір сұх­батында. Тақырып та дәл осылай. Құныға оқыдық. Жас жазушыларымыз оқысын деп берген тізімін түртіп алдық. Бірақ соның бәрінен бұрын бізге әсер еткені – «Л.Толстой әйел табиғатын, жалпы, адам­ның ішкі сырын білмейді деген қорытынды шығарамын. Әрине, Л.Толстойдың шы­ғар­малары – әдебиет тарихы үшін керек артефакт. Бірақ ол бәрібір өмір шындығын шеберхананың терезесінен бақылаған граф болып қала бермек» дегені. «Өмір шындығын шеберхананың терезесінен бақылаған граф». Тосын шешім.
Өмір бойы өз-өзіне аяусыз сынмен қарап өткен, әр шығармасы өмірдің нақ өзі саналып келген, тіпті, айтатын болсақ, Холстомерді саналы кейіпкер дәрежесіне көтерген Толстойдың әйел табиғатын түсінбегеніне сену қиынға соғады. Сұх­бат­та айтылған «күлкі шақыратын» «мо­ральдық толғаныстар» расында Анна ханым трагедиясының бір, керек болса, басты себебі болатын. Ал, Анна, Кити, Долли, Дарья Александровна сияқты әйелдер арасындағы әңгімелерге қарап отырып, Толстойдың сұңғылалығына қол қоймауға әбдің қалмайтын. Бәлкім, біз­дікі балалық шығар деп, біраз ағалардан сұ­растырдық та. Толстойды ұлылар тізімі­нен сызып тастауға келісе қойған ешкімді көре алмадық. «Әркімнің өзіндік пікірі ғой, қайтесің бала» дегендер де болды.
Әркімнің өз пікірі дегеннен шығады, Қа­дыр Мырза-Әли Толстой мен Достоевский туралы былай депті: «Қай жерде, қашан сыр беріп қалар екен деп, дұшпан көзбен үңілгенімді жасыра алмаймын. Көркем туындылары түгіл, хаттарының өзінен азаматқа жараспайтын оғаш ештеңе таппадым. Лев Толстой Кавказ туралы көп жазған автор. Соның бірінде сол Қап тауын жайлаған қалың халықтың біреуі туралы жаман пікір айтпайды. Бәріне бірдей үлкен құрметпен, ілтифат­пен қарайды. Оның одан орысқа, Ресейге деген ұлы махаббаты бір мысқал кемі­мейді.
Ал, Достоевскийді оқығанда бір емес, бірнеше мәрте көңілім қалды».
Осыған қарама-қарсы бір пікірді Мұх­тар Мағауиннен оқығаным бар. Кавказға қатысты. Жобасы Толстойдың кавказ­дық­тарға қанша жерден әділетті, жана­шыр­лықпен, құрметпен қарауға тырыс­қаны­мен, орыстарға бүйрегі бұрып тұр­­ға­­нын жасыра алмай қалатыны жа-
йында. Отарлаушы елдің өкілі ретінде жазуынан шаң беріп қалатын үстемдікті сынға алады. Осындай мысалды Пушкиннен де келтіретін.
Стефан Цвейг Толстой туралы: «Ана­ның омырауын сүт керіп кеткендегі сыздайтын ауырлықты, жас қыздың балға барарда алғаш рет өз білегінің жалаңаш қалпын көріп, өн бойынан жүгіріп өткен және оны ешкімге білдірмеуге тырысқан құпия сезімін бұл суреткердің қалай біліп қой­ғандығын әйелдер таңқала сұрайтын» деген дерек береді. Әйел табиғатын білмейді дейміз біз...
Орыс классикалық прозасы дегенде, алдымен аталатын бірқатар жазушылар­дың ішінен Толстойдың сызылып кетуі қалай айтсаңыз да мүмкін емес. Түрлі пікір­лер болашақта да айтылар, басқа бір күні басқа бір жазушы Қадыр ақынның Достоевскийге көңілі қалатынындай Таласбек Әсемқұловтың «мәртебелі тізімін­де» аталған ұлылардың бірін жоққа шы­ға­рып жатса, таңдануға болмайды. Та­лас­бек ағамыздың басқа бір мақала­сында өзі айтқан: «Бабалары­мыздың тарихтағы талай ғапыл істерін, талай қа­тесін көзге шұқып тұрып көрсетуге болар еді, бірақ оларды ақымақ болды деуге бәрібір аузымыз бармайды, себебі, біздің басқа бабаларымыз жоқ. Бабаларымыз – осылар» деген байламын әдебиетті ұлтқа бөлмей-ақ, тізім жасауға қатысты айтып көрсек қалай болар еді? «Война и мир» сол кездегі орыс қоғамы үшін өте қажет болған, заманның сұранысы нәтижесінде туған шығарма емес, Таласбек Әсемқұлов айтқандай, самодер­жа­вие­нің тапсырысымен жазылды деген күннің өзінде, қандай ұлы шығарма өмір­ге келгенін (мүмкін, жазылу стилі бүгінгі «изм»-дерге жауап бермей-ақ қойсын) ешкім де жоққа шығара алмайды. Оқы­ға­нымыз – осылар, Толстойлар...
Қысас замандарда «Би-ағаң жау болса, мен де жаумын» деген бір ауыз сөзі үшін күллі қазақтың алақанында келген, қазақтың Ғабесі атанған Ғабит Мүсірепов пен қазақ интеллигенциясына «Білгірдің бәрі – Бельгер емес» дегізген Герольд Бель­­гердің аты қатар аталып жүр соңғы күндері. Оның себебі, «Қазақ поэзиясының шырқау биiгiнде тұрған алтаудың атын айтайын, олар мыналар: Абай, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Iлияс Жансүгiров, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев. Прозашылардан да алтауын бөле-жара айтайын: Жүсiпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлiм­құ­лов, Әбiш Кекiлбаев, Мұхтар Мағауин, Ты­нымбай Нұрмағамбетов», – деген пі­кір­ден туындайды. Бұл Гер-ағаңның бас­пасөзде жарияланған күнделігінен үзінді. Осыған орай біраз оқырман Ғабит Мүсі­реповті, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Сайын Мұратбековты жоқтапты. Көпшілік жас­тар (сұхбаттан тыс) Бейімбетті, Сәбитті, Бердібекті қосу керек еді деп жатты. Мә­селе тізімде емес. Бәрінен бұрын, про­за­дағы алтылыққа Ғабит Мүсірепов­тің енбей қалуы жас-кәрі демей, талай­дың ренішін туғызғанын жасырып қажеті жоқ. «Мәңгі еліміз» – әңгі елге айналмай ма?» тақырыбындағы сұхбатта оқырман тарапынан сұралмаса да, «ХХ ғасырда қазақ Олжас­ты тудырмаса ұят болар еді» дегіз­ген Сүлейменовтің аталмауы қисын­сыз­дау сияқты.
Ғабит туралы «Құдай Ғабеңе талантты көп берген. Көп нәрсенi бiлетiн, талантты адам. Жазушылық қабiлетi де, деңгейi де жоғары болатын. Бiрақ өзiнiң мүмкiн­шi­лiгiн пайдаланбаған адам. Кәсiби жағы төмен. Барлық жазғандары 6-7 том­ның төңiрегi» деп бір кетеді. Жазушы­лық қабі­леті, деңгейі жоғары, бірақ кәсі­би жағы төмен. Қызық қисын. 6-7 томның төңіре­гін­де ғана мұра қалған. Яғни одан гөрі көп жазу керек еді деген сөз. «Сол алты том­нан жұрттың есiнде 2-3 әңгiмесi ғана қалған шығар» дейді қосымша. Бұл Ғабит Мүсірепов деген жазушы болмай-ақ қоюы керек еді дегенге саяды. Әлгі атал­ған екі-үш әңгіме көпшілік жиі цитата кел­тіретін Автобиографиялық әңгіме­лері мен «Этнографиялық әңгіме» сияқты шағын шығармалары болса керек. Әжуалы тілі мен өз заманындағы кертарт­па­лықты сынайтын өткір сарказмына сүйін­генде, Гогольмен шендестіріп жібе­ре­тін де өзіміз емес пе едік. Бүкіл бір ұр­­пақты тәрбиеле­ген, бүгінде әдеби өл­шемге айналып кеткен, атының өзі қас­терлі Мүсірепов өз мүмкіндігін пайдалана алмады (!) десек, тізімді басқалай (ауқым­дырақ мағынада) жасау керек шығар. Әйтеуір, Ғабитсіз қандай тізімнің де сәні келмейтіндей.
Тізім жасау қаншалықты дұрыс екенін білмеймін, бірақ көркем әдебиетте нақ­ты статистика жүрмейді.
Аталмыш сұхбаттан тыс айтсақ, Герольд Бельгер айтқан «өзінің мүмкінші­лігін пайдаланбаған адам» деп бағалау Ға­битке қатысты ең көп айтылады бұл күні. Жазу­шы көзі тірісінде өзі де өкініпті десе­тін. Уақытының көбі дау-жанжалдар мен ұзақты күнге созылатын мәнді, мәнсіз жиналыстарға кеткеніне таусылған көрінеді. Оның бір дәлелін «Күнделік­тері­нен» байқаймыз. «Партиядан шығарып, орнынан алып, қоғамдық жұмыстан ажыратып» тастаған кезінде «арман етіп жүрген еңбектерін», «қол тимегендіктен аяқталмай қала беріп келген» шығарма­ларын жазып, ұтысқа шыққанын, пайдаға асырғанын жазады.
Біз осы бір буынның өмір сүрген заман­ның талабын ұмыт қалдыра беретін сияқтымыз. Саяси цензураны, аңду мен бақылауды айтпағанда, қазақ әдебиеті үшін Ғабит Мүсірепов тұстастарына артылған жүк өте ауыр болатын. Қай-қайсысын алмаңыз, барлық жанрда, барлық бағытта жұмыс істеуге тура келген. Өйткені, олар аз еді. Тізім түзгенде осыны да ескерген жөн шығар.
Ал енді кәсіби жазушылығына келейік. Әбіш Кекілбаевқа сүйенсек: «Суреткер Мүсірепов творчествосының эстетика­лық болмысына көз салсаңыз, балаң әдебиет­тердің қай-қайсысында да ұшы­расатын жер бауырлаған натурализмге, «тұрмыс көрінісін тәптіштейтін» қара­байырлыққа бой алдырмаған. Әйтеуір барға келіскен, жоқтан күдер үзген жабы көңіл мен жадау бояу кезікпейді».
Ғабит Мүсіреповтің шығармаларына айтылар бүгінгі сынның көбі-ақ «науқан­дық тақырып» деген желеудің айналасынан ұзамайтын. «Ұлпан» десе – Кене-сарыны даттағанын, «Қазақ солдаты» де­се – соғыстық ұранға құрғандығын («Оян­ған өлке» екі бастан партиялық идео­логияның жемісі!), т.с.с. алға тартатын еді. Кәсіби жазу­шылығының төмендігі жайында еш­кім тіс жармаған сияқты еді...
Ғабит Мүсіреповтің аза­мат­­тығы, қаламгерлігі, білім-білігі жай­лы триптих жаз­ған Сағат Әшім­баев жазушының ба­ға­сын көзі тірі­сін­де-ақ жан-жақты беріп кеткен болатын. Кейінгі жастар соған тоқ­таған еді... Сағат Әшімбаев жақсы көргендей сүйетін.
«Қазақ әдебиетінде Әуезовтен кейін­гі биікті иемденген Ғабит Мүсі­ре­пов» дейді Шыңғыс Айтматов. Бұл Айтматов айтпаса да дүйім көпшіліктің санасына орныққан кесім. Ав­­то­био­графиялық әңгімелеріндегі Әуезов бейнесін жасаған­дығынан да шы­ғар, көп жылдар бойы аға-іні, дос-бауыр болып қатар жүрген қос талантты қатар атағысы келіп тұрады біздің ел.
Әуезовті ақтық сапарға шығарып салғанда Ғабиттің кешу сөзі туралы көп айтылады ел аузында. Бұл туралы да Әбіш Кекілбаевқа тағы жүгінеміз: «Ғабиттің сөзі әлі құлағымызда. «Ат тұяғын тай басар деген өнерге жүрмейді», – деді тарлан талант. «Өмір күнде мереке емес, ренжіткен жеріміз болса, кешір», – деді дегдар замандас. Иә, Әуезов пен әдеби қауымның арасы алпыс жасында қазақ жазушылары жаппай қол қойып, тарту еткен тал жібек орамалдай емес еді. Бірақ сол күні де, содан кейін де Мұхтар Әуезовтің аруағының алдында Мүсірепов­тен басқа ешкім әлгіндей сөз айтқан емес. Ғабит басқалардан айыбы көп бол­ған­дықтан емес, ақылы көбірек болған­дықтан кешірім сұраған шығар. Әйтпесе, алдында бірнеше жыл бұрын әмбе әдеби қауым Әуезовтен баз кешіп жатқанда, құлаққа тұшымды, көңілге қонымды жы­лы сөз айтқан жалғыз сол еді».
Қадырдың «Иірімі» осыны ары қарай жалғайды. Шамамен онда Ғабең Мұхаңды «қызғаншақ еді» деп қалады бірде (сірә, Әуезовтің қазасынан көп өтпей). Қадыр: «Ендеше қаралы жиында неге әлгіндей сөйледіңіз?» – дейді ғой. Ғабит: «Менде басқа қандай амал бар еді, өмірінде өзі де жылы сөзге жарымай кеткен Мұхаңды ақтық сапарға шығарып салып тұрып, басқа не айтуым керек еді?» – деген кеп­те жауап береді. Тұрсын Жұртбай да Ға­бит­тің әдебиеттегі басқа талас-тартыс­тарды айтпағанда, М.Әуезов пен С.Мұ­­қановтың арасындағы «ырғасу мен ымдасу да» үлкен роль атқарғанын, керек кезінде «отты көсеп» те жібергенін айтады. Герольд Бельгердің «Ғ.Мүсiрепов үлкен әдебиетшiнiң ролiн ойнаған әртiс сияқты көрiнедi» дейтіні осыған саяды. Әйтпесе, әдебиетте жүрген көп әртістің (халтурщиктің) бірі дегенге қимаса керек.
Ал, Герольд Бельгердің Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы пікірінің түбін «кетісу» мәселесінен іздеп жүр көпшілік. Солай да шығар. «Нұр­пейi­сов­тiң жанында жүрiп, көп нәрсенi бiлдiм. Маған iстеген жақ­сылығы өте көп. Бiрақ мен Нұрпейiсовтiң «Қан мен терiн» ау­дар­ған­нан кейiн кетуiм керек едi. Алшақтауым керек едi. Оның «Соңғы парызын» аудару­дың түкке қажетi жоқ едi. Оның мақала­ларын аудару, хаттарын аудару, редакциялау, хатшы болу... оның еш қажетi жоқ едi. Көп уақытымды соған бекер жiберiп алдым. Менiң кемшiлiгiм сол. Ал, «Қан мен тердi» аудар­ғанымды осы кезге дейiн мақтан етемiн. Ол менiң кәдiмгiдей әдеби мектебiм болды. Мен әдеби университетке сол «Қан мен тердi» аударумен келдiм», – деп өзінің «қателігіне» тоқталып барып, алғыс айтады. Оған қосымша «тілді қол­дан жасайды» дегеніне қарап, «Қан мен терді» бір парақтап шықтық. Бір-бірімен қабыспай тұрған сөз, сөйлемдерді іздеп кеткенімізді жасырмаймыз. Десек те, үйлеспей, көзге шыққан сүйелдей мен-мұндалап тұрған тіркестер жоқ сияқты көрінді. Судыр Ахмет өз тілінде бөсіп жүр, қырсық Сүйеу сол баяғыдай қырыстанып сөйлейді, Қарақатын да бейпіл аузымен зарлап қоя бергенде сай-сүйегіңді сыр­қыратады. Басқа образдарын былай қой­ғанда, осы бір ерекше типтерді әде­биет­ке әкелген Әбдіжәміл Нұрпейісовті жай ғана суреткер (?) деп тоқтай салу әділетті бола қояр ма екен...
Өткенге тың көзқарас білдіру – толық­тай жоққа шығару емес шығар деп ойлаймыз.
Көзқарастардың әртүрлілігі – табиғи нәрсе. Толстой бір шығармасын бәленбай мәрте көшіріп жазыпты. Содан үлгі алу керек дейді біреу. Екінші біреу – өзіміздің Оралхан Бөкей шығармасын алғашқы деммен жазып біткен соң, алып-қосып, жамап-жасқауды артық санаған, сол дұрыс деп жатады. Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын өмір бойы жөндеумен, толықтырумен келе жатыр. Мұхтар Ма­ғау­ин тасқа басылып, елге бір жеткен шы­ғармаға қайта оралып соға бергеннен жаңа бір дүние жазғанды артық көреді. Мұның бәрі – әр қаламгердің табиғатына байланысты нәрсе деп қоя салуға болмайды. Бұл – көзқарас. Жазушыға, жазу­ға деген көзқарас. Ал, ондай көзқарас­тар­дың қайсысын қабылдайды ол – кейінгі буынның өз таңдауы. Бүгін шартты түрде алсақ, Ғабиттің алдын, көзін көрген замандастары оны тізімнен алып тастап жатса, оның пендешілігін көзімен көр­ме­ген келешек ұрпақ тек шығар­ма­шылы­ғына қарап баға берер. Сол кезде әділетті үкім айтылар.
Ал, әзірге бәрі жөн. Бәрі табиғи нәр­се.
Болашақ білмекке асықтырады:
– Толстой қандай жазушы екен...

Алмас Нүсіп.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>