Ғалымдар бөлме өсімдіктерінің пайдалы 5 түрін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бөлме өсімдіктері ауаны тазартып қана қоймай, ағзаны күйзелістен арылтады. Америка ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіп, адам ағзасына оң әсерін тигізетін бөлме өсімдіктерінің 5 түрін анықтады.
Бұл өсімдіктерден аллергия сирек болады екен, деп жазады шетелдік БАҚ.
1. Ағылшын шырмауығы. Бұл өсімдік ауаны көмірқышқыл газдардан тазартудан алғашқы орындарда тұр. Ағылшын шырмауығы әсіресе пәтердің төменгі қабаттарында тұратын немесе жертөледе жұмыс жасайтын адамдарға өте пайдалы.
2. Бамбук пальмасы. Ағылшын шырмауығы су мен күн көзін жақсы көрсе, бамбук пальмасы орын талғамайды. Тіпті оны жиі суарудың да қажеті жоқ. Алайда бұл өсімдік ауаны жақсы тазалайды. Бамбук пальмасын компьютердің алдына қойсаңыз да болады, себебі ол электромагниттік сәулеленудің зиянын азайтады.
3. Спатифиллум. Бұл бөлме өсімдігі үйіңіздің «қара жұмысынан» ешқашан қорықпайды. Ол өнеркәсіптік және тұрмыстық токсиндермен күреседі. Көп жағдайда Спатифиллум жаңа үйге көшіп кірген кезде немесе жөндеу жұмыстарын жасағаннан кейін бөлмеде тұрса, ауаны түрлі химикаттардан арылтады.
4. Пальма Леди. Бұл өсімдік тек ауаны тазартып қана қоймай, сонымен бірге оны қажетті минералдармен, тұздармен байытады. Адамның тыныс алу жүйесіне оң әсерін тигізеді. Бұндай өсімдікті созылмалы бронхит, жүрек ауруымен ауыратын адамдар бөлмелерінде ұстаған жөн. Сонымен қатар Леди жүйкені керемет тыныштандыратын қасиетке ие. АҚШ-та бұл бөлме өсімдігін жұмыскерлер көбінесе көп ашуға берілмес үшін өздерінің басшыларына сатып алып беретін көрінеді.
5. Фикус. Бұл бөлме өсімдігінің ауаны тазартып, желдететін қабілеті бар. Сонымен қатар мүлде аллергия туғызбайды. Сондықтан да бұны балалар бөлмесіне қоюға әбден болады. Ғалымдардың пайымынша, бұл гүлден бөлінетін биоактивті заттар жақсы ұқйықтап, сергек тұруға септігін тигізеді.