Жоғалған ұшақта тіркелген қос жолаушы тірі боп шықты (ВИДЕО)
Астана. 9-наурыз. Baq.kz – Малайзиядан Пекинге ұшып шығып жоғалған «Малайзия Эйрлайнс» әуе компаниясының ұшағына отыруға тіркелген жолаушылар тізіміндегі екі жолаушы өздерінің тірі екендіктерін мәлімдеді деп хабар таратуда әлемдік ақпарат құралдары.
Оның бірі – 37 жастағы италиялық Луиджи Маларди болса, екіншісі – австриялық азамат екені белгілі болып отыр. Бір қызығы, Луиджи Маларди жоғалған ұшақта болуы тиіс жолаушылар тізімінің арасынан өз аты-жөнін көрген соң, Тайландтан Италиядағы әкесіне хабарласып, өзінің аман-есендігін хабарлаған. Сонымен қатар, ол бірнеше ай бұрын өзінің төлқұжатын ұрлатып алғандығын айтып, оны біреулер пайдаланған болуы мүмкін деген деген күдігін жеткізген.
Осыған ұқсас жағдай аты-жөнін жарияламауды қалаған автсриялық азамат та анықталды. Оның төлқұжаты 2012 жылы Тайландта ұрланған екен. Ал қаза болғандар қатарына ілінген австриялық азамат қазіргі кезде өз отанында аман-сау жүріп жатқандығын сол елдің Сыртқы істер министрі ресми түрде растады.
Ал енді осындай күдік-күмәнді жағдайға байланысты жоғалған ұшақты іздестіруге АҚШ көмек көрсетпек, - деп хабарлайды 24.kz арнасы. Бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі бар ұшақты іздестіруге, Пентагон арнайы барлау қызметінің «Тыңшы» ұшағы мен «Эсминец» әскери теңіз кемесін жұмылдырмақ деп, Қорғаныс министрлігінің өкілі мәлімдеген. Кеме бүгін Вьетнам жағалауларына жетеді деп жоспарланып отыр. Ал «Орион» лайнері із-түссіз жоғалып кеткен Боинг 777-200 ұшағын іздестіру амалдарын бастап кетті деп хабарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Малайзия әуе компаниясына тиесілі ұшақпен байланыс Оңтүстік Қытай теңізі үстінен өте бергенде жоғалған. Оны іздестіру операциясына Вьетнам, Малайзия, Сингапур мен Филиппиннің әскери және құтқару қызметтері жұмылдырылды. Малайзия астанасы Куала-Лумпурден Бейжіңге аттанған ұшақ бортында 239 адам болған.