Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері
Жұма, 21 Ақпан 2014 23:38
Автор: Қамшы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтың бастамасымен Қазақстан мен Қытай ғалымдары екі ел арасындағы байланыстарды нығайтып, болашақта бірігіп жұмыс жасау мәселесін талқылау үшін дөңгелек үстел өткізді.
Оған тарих, археология және этнология факультетінің белді ғалымдары мен оқытушылары, Қытай елінен Жақып Мырзаханұлы, Шыңжандағы Қоғамдық ғылымдар академиясы президентінің орынбасары Тянь Вэйцзян, Қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының директоры Цзя Цунцзян қатысып, бүгінгі таңдағы тарих ғылымының негізгі мәселелерін талқыға салды. Мұнда Қазақстан мен Қытай елдерінің ежелден бергі тарихи байланыстарының бастаулары сөз болып, екі ел арасындағы саяси, экономикалық қатынастар сарапқа салынды.
Профессор Талас Омарбеков бұл дөңгелек үстел барысында қарастырылған мәселелердің маңызы жайлы айта келіп, екі ел арасындағы байланыстар түптің-түбінде үлкен табыстарға жеткізетінін ерекше атап өтті.
Қытай ғалымдары сол елдегі аз ұлттардың, әсіресе, қазақ, ұйғыр, дүңгендердің Шыңжанның 1000 кітаптан тұратын ежелден бүгінге дейінгі тарихына арналған еңбегін жариялауға атсалысқан. Сонымен қатар қазақ тарихына қатысты деректерді аударып, жариялауға өзіндік үлестерін қосқан. Зерттеуші Тянь Вэйцзяннің мәлімдеуінше, қазақтар мен қытайлар арасындағы этноаумақ жайлы түрлі пікірталастар бар. Бұл осы мәселені ғылыми тұрғыда саралап, бірігіп зерттеулер жүргізіп, ортақ шешімге келуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі екендігін атады.
Ғасырлар қойнауына үңілер болсақ, көрші Қытай шекаралас мемлекет ретінде ата-бабаларымызбен достық, ынтымақта болғанына көз жеткіземіз. Тарихымызға қатысты көптеген деректерді сол ел мұрағатында мол екені баршаға аян. Сол мұрағаттық деректерге қызығушылық ғалымдар тарапынан шамамен осыдан үш ғасыр бұрын пайда болған. Ол деректерді өз кезінде зерттеушілер батыс еуропа және орыс тілдеріне аударған. Ал қазақ тіліне аудару мәселесі енді ғана қолға алынып жатыр. Кейбір құнды деректер әлі де өз зерттеушісін күтуде. «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеу» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері «Орталық Азия көшпелілерінің этносаяси байланыстарын зерттеудегі ежелгі түрік және ежелгі қытай деректерінің рөлі» атты ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Бұл жобада көне қытай деректері кеңінен пайдаланылады. Сондықтан бұл әріптестік өз жемісін береді деп күтүлуде.
Қытайдан келген ғалымдар Қазақстан тарихына қатысты көне қытай тілінде жазылған деректерді қазақ тіліне тәржімалаған «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деген атпен жариялаған болатын. Бұл ғалымдардың ішінен ескі қытай тілін жетік меңгерген Жақып Мырзаханұлын, Кәкеш Қайыржанұлын ерекше атап өтуге болады. Ж.Мырзаханұлы Қазақстанда өзінің «Ежелгі Үйсін мемлекеті», «Ұлы түрік қағанаты» және т.б. сүбелі еңбектерімен танымал. Оның Қазақстан тарихына арналған еңбектерінің құндылығы жоғары. Бұл автордың жетекшілігімен жарияланған «Жұңгу тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты төте жазумен жазылған кітаптың берері мол. Мұнда Көне бес әулет тарихы, Жаңа бес әулет тарихы: Таңнама, Жыннама, Шетел шежіресі, Сұң тарихы, Лиау тарихы, Алтын әулетінің тарихы, Иуан тарихы, Жаңа Иуан тарихы, Жалпы жарғы атты бума деректер аударылған. Бұл деректер түрік халықтарының тарихы мен Моңғол империясының негізін қалаған Шыңғыс ханның және оның ұрпағының Орта Азия мен Қазақстанға жасаған жорықтары туралы, құрған мемлекеті жайлы құнды мәліметтер береді. Кітап соңында ғылыми қосымшалар мен хронологиялық, есім, ономастикалық көрсеткіштер, ғылыми түсініктемелер берілген.
Жиын қорытындысында біздің зерттеушілер Қытай ғалымдарымен тарихтың түйінді мәселелері бойынша тығыз ғылыми байланыс орнатып, табысты жұмыстар жүргізу туралы келісімге келді.
Назия ТАСИЛОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы
кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Мәдина Байдәулетова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы,
PhD докторы