Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Шұғыл жағдай

$
0
0

Украинадағы текетірестің артында кімдер бар?!

Киелі Украина жері, үлкен өкінішке қарай, алпауыттармен жырымдалып жатыр. Қазір мұнда боп жатқан жағдайлар осыны айғақтайды. Дәл қазір Қырым мен Севастополь Ресей әскерилерінің қолында. Бүгін Мемлекеттік Дума өз ықпалындағы өңірлерді қосып алудың заңдық жағын тәмпіштеп жатыр. Ал Киевтегі Ресеймен мойындалмаған жаңа үкімет Еуропалық одақ қауымдастығымен келісімді қабылдауды жылдамдатып бағуда. НАТО әскерінің Украинаға кіргендігі жайы ресми расталмаған. Бірақ, кейбір дерек көздері бойынша, америкалық әскер бір ай бұрын Львовқа кеп қойған. Сол секілді Қара теңізде АҚШ пен Ресей әскери кемелері өзара текетіреске сақадай-сай тұрған көрінеді...

Украина ІІМ басшысы Арсен Аваков бүгін Радада Қырымға әскерімен баса-көктеп кірген Ресейді оккупант деп айыптады. «Бұл - тәуелсіз мемлекеттің территориясында қантөгіске жол берген әскери басқыншылық» деді ол. Сондай-ақ бүгін таң сәріде Севастопольдің «Бельбек» және «Севастополь» әуежайларын Ресей әскерилері қоршап алған. Ол араға Украина ІІМ қызметкерлері де кеп жеткен. Бірақ арада қарулы қақтығыс болмаған. Қоршауға түскен әуежайдың бірі белгіленген кестемен жұмыс істеп жатыр деген ақпараттар тарады. Дегенмен Кремль ресми түрде бұл мәліметті жоққа шығарды, әуежайды бақылауға алған Қырымның қорғаныс отряды болуы керек деп мәлімдеді. Ал кеше Қырым билігі Украина президенті Янукович деп танитындарын жариялағаны белгілі. Сондықтан «Ресейдің мұнысы - дипломатиялық қадам ғана. Әйтпесе бұл өңір Кремль ықпалында деп айтуға әбден негіз бар». Енді осы аймақтарды олар өзіне қосып алуға қам жасап жатыр» деген топшылауларда жоқ емес. Қазір Мемлекеттік Думада белгілі бір мемлекетті немесе оның бір бөлігін сол мемлекеттің келісімімен қосып алу турасындағы заң жобасы талқыланып жатқанын «Коммерсант» газетіне солшылдар фракциясы төрағасының орынбасары Михаил Емельянов нақтылапты.

Бүгін Ресей президенті В.Путин өз үкіметіне Украинаға қаржылық көмек көрсету туралы мәселені «Үлкен жиырмалықпен», Халықаралық валюта қорымен, шетелдік әріптестермен талқылауды тапсырды, сол секілді ол кейбір өңірлерге, мәселен Қырымға гуманитарлық көмек көрсету турасын да қарастыруды жүктеуді де ұмытпапты.

Сондай-ақ Украинадағы оқиаға байланысты Ресей СІМ баршаға наразылық мәлімдемесін жариялады. «Әу бастан, оппозицияның бой көтеруін қолдап, 21 ақпандағы келісімді демеген шетелдік әріптестерді оның орындалуындағы өз жауапкершіліктерін толықтай сезінуіне шақырамын» делінеді онда. 21 ақпандағы келісімге В.Янукович, А.Яценюк, В.Кличко, О.Тягнибок қол қойған, оны Франция, Германия, Польша сыртқы істер министрліктері растаған. Онда Киевтен қарулы әскерді аластату, Украинаның 2004 жылғы Конституциясын қайта жаңғырту және 2014 жылдың желтоқсанына дейін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы айтылады. Ескі Конституцияны жаңғырту арқылы орыс тіліне шектеу жасалған. Ресейдің пікірінше, Қырым мен Севастополь осы үшін бас көтерген.

Ресей шалт қимылға кірісе салысымен, осыған дейін бұғып жүрген Януковичке де тіл бітті. Оның 27 ақпанда әскерилерге, полицейлерге, Радаға, шетелдік мемлекеттерге қаратып жариялаған бұйрығы ғаламторды шарлап кеткен. Онда «Украинада 22-23 ақпанда әскери төңкеріс орын алды. Оны Украина астанасы Киевтегі орталық мемлекеттік билік органын және батыс аймақтағы бірқатар облыс әкімшіліктерін шетелдік державалардың әскери-саяси қолдауымен басып алған нацистік сипаттағы әскери содырлар жасады» делінеді. Сондай-ақ бұйрықта бұл төңкеріс АҚШ пен НАТО елдерінің сырттай қаржыландыруымен жасалынғандығы айтылады. Әрі 21 ақпанда Украинадағы дағдарысты реттеуге арналған келісімде 1 наурызға дейін жаңа үкімет құру туралы айтылған келіссөзді еске салады. Сөйтіп Янукович Жоғары Раданың барлық депутаттарын 2014 жылдың 3 наурызына Севастопольға жиынға шақырады.

Ресей, негізінен, Украина өз ішінен бүлініп, оған басбұзарлар үлес қосып жатыр деген пікір ұстанады. Бірақ екі күн бұрын олардың әскері Украина шекарасының маңында жаттығу өткізіп жатқандығы ресми түрде хабарланды. Бұл төңіректе де әңгіме көп. Ресей мұны әскери жаттығу деп отыр. Бұған қатысты шетелдіктер ресми мәлімдеме бергісі жоқ. Тек НАТО-ның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен ғана «Украинаға Ресейдің әскері кіргендігі туралы бізде ақпарат жоқ, ал әскери жаттығудың боп жатқаны рас, ол туралы біз алдын ала хабардар етілгенбіз» деп мәлімдеме жасады. Көптеген сарапшылар қандай да бір жағдайға екі тараптың да әскері сақадай-сай тұр деген ой ұшқынын аңғартады. Қалай дегенмен де АҚШ-тың Қорғаныс мәселелері жөніндегі хатшысы Чак Хейгел Украина территориясының бүтіндігін сақтау жағынан Киевті қолдайтындықтарына сендіріп отыр.

Ал НАТО әскерінің Украинаға кіргендігі жайы да ресми расталмаған. Бірақ, кейбір дерек көздері бойынша, америкалық әскер бір ай бұрын Львовқа кеп қойған. Бұл жайт ресми дерек көздерінде, Украинадағы наурызда өтететін қос елдің әскери жаттығуына дайындық деп түсіндірілген. Сондай-ақ Қара теңізде USS Ramage (DDG-61) зымыран тасығышы бар екі әскери америкалық кеме және АҚШ-тың алтыншы флоты - Mount Whitney қолбастаушы кемесі жүр. Бұл арада Қара теңіз Украинамен шектесетінін баса айта кетелік.

Еуропалық одақ пен АҚШ ресми түрде Януковичті президент деп мойындамайтындарын жариялаған. Ал Ресей, керісінше, Янукович билігі жойылмады деп табандап отыр.

Еске сала кетелік, Украина премьер-министрі Арсений Яценюктің айтуынша, ел қазынасы, нақтырақ айтқанда 20 миллиард доллардың алтын валюта қоры талан-таражға түскен, онда ешбір жыртықты жамауға келмейтін не-бары 4 милилон гривен қалған. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Украинаның жалпы қарызы 140 млрд долларды құрайды. Бұл - Украина жалпы ішкі өнімінің 80 пайыздай көлемі.

Көзқарас

Андерс Фог Расмуссен, НАТО-ның бас хатшысының Твиттердегі жазбасы:

– Мен Қырымда болып жатқанға қатты алаңдаулымын. Мен Ресейді арты шиеленіске әкеп соғатын немесе түсінбеушілік тудыратын қандай да бір әрекеттер жасамауға шақырамын.

Урсула фон дер Ляйен, Германияның Қорғаныс министрі:

– Ең бастысы – азшыл топтардың ұлттық және діни құқығын толықтай қорғауда Украинаның жікке бөлінуіне жол бермеу. Украинаға байланысты барлық пікір-талас Ресейсіз мүмкін емес. Ресейсіз шешім болмайды. Шешімді бірлесіп қарастыруымыз тиіс: Ресейдің, НАТО мен Еуропаның тізе қосуымен.

Чак Хейгел, АҚШ қорғаныс министрі:

– Ресей билігін өз әскери жаттығуларын ашық өткізуге шақырамын. Біз Украина шекарасында кеше басталған ресейлік әскери жаттығуды жіті қадағалап отырмыз.

Джон Маккейн, америкалық республикалық сенатор:

– Украинаның дағдарыстық жағдайын Ресей билігі өз ұпайына тиімді пайдаланғысы келеді, Ресей империясын жаңғыртуды көксейді. Мұны болдырмас үшін АҚШ пен Еуропа Украина экономикасының қалыпқа келуіне бар күшін салуы тиіс, сөйтіп Украинаны НАТО блогына қосып алуы керек.

Ол (Путин) Молдавияға, Балтық жағалауы елдеріне қысым көрсетіп жатыр. Ресей Грузияны оккупациялауды жалғастыруда. Владимир Путин Ресей империясын қайта құруды әлі де қалайды. Біз осыны дұрыстап түсінуіміз керек деп ойлаймын, сондықтан соған сай іс-қимылға көшу керек. Бұл жаңа «қырғи-қабақ соғыстың» басталғанын аңғартпайды. Бірақ бұл достарымызды қиын-қыстау кезеңде экономикалық жағынан қолдау керектігін білдіреді, біз жаңа мемлекеттерді ынтымақтастыққа тартуымыз қажет. Шынын айтқанда, егер олар қалап тұрса, мен Украинаны НАТО-ға қосу процесін бастап кетер едім.

«Алаш айнасы»

Автор: Кәмшат Сатиева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>