Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Абайдың алғашқы жинағы

$
0
0

Абайдың алғашқы жинағы

28.02.2014 21:57 Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

059

Республикалық кітап мұражайы 1978 жылы ашылған. Мұнда Қазақстанның ғылымы мен мәдени жетістіктерін насихаттайтын кітап және полиграфия өнімдері, жазба ескерткіштері мен сирек кітаптар, сондай-ақ тәуелсіздік жылдары жарық көрген жинақтар сақталған.

Ғылыми қызметкер Гүлмира Са­ты­балдиеваның айтуынша, мәдени меке­менің алты залы көне, құнды қолжазба, сирек кітаптардан бастап, республикадағы кітап шығару ісі мен осы заманғы баспа жұмысының қалыптасу және даму тари­хын қамтыған. Мұражайдағы құнды мұралардың бірі – Абайдың тұңғыш жинағы. Сирек қорда сақталып, мемлекеттік мекеменің мақ­танышына айналған бұл кітап 1978 жылы Ә.Жиреншиннің кітапханасынан алы­ныпты. Ақын жинағының жарық көрге­ніне биыл 105 жыл толып отыр.
Тарихи жинақ қалай оқырман қолына тиді? Бұл туралы Республикалық кітап мұражайының ғылыми қызметкері Гүл­мира Сатыбалдиева толығырақ әңгі­мелейді.
– Революцияға дейінгі қазақ кітапта­ры, соның ішінде Абай өлеңдерінің жеке жинақ болып баспадан шығуы тарихи маңызы бар, мәдени қозғалысқа өзге­ше әсер еткен зор құбылыстардың бірі бол­ды. Ақынның көзі тірісінде ешқандай жинағы жарыққа шықпаған. Ақын өлімінен кейін, жақын туыстары Әлихан Бөкейханов­тың кеңесі бойынша ақынның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлейді. 1905 жылы Кәкітай мен Тұрағұл Абайдың өлең­дерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Содан кейін ауыл молдасы, жазудың хас шебері Мүрсейіт Біке баласына әдемілеп көшіріп, жазуды тапсырады. Абай шы­ғармаларының көшірме қолжазбала­ры дайын болған соң, Кәкітай Омбы қаласы­на аттанады. Кәкітай сол жерде Әлихан Бөкейхановпен кездеседі. Кәкітай мен Әлихан 1900 жылдан бастап таныс екен. Әзірше, Әлиханның Кәкітай туралы жазған мақаласынан үзінді келтірсек.
Әлихан Бөкейханов былай дейді: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күздігүні көрдім».
«...1904 жылы Абай марқұмның өлең­дерін кітап қылып басыңдар деп, балала­рына хат жаздым».
«1905 жылғы шілденің аяғында Кә­кітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбы­ға маған келді... Кәкітай бізде бірер жұ­ма­дай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөзде­рін оқып, мәз-мейрам болдық. Анық та­ныс­тық».
Сөйтіп, Кәкітай Абай шығар­ма­ла­рының қолжазба жинағын Әлихан Бө­кейхановқа апарып тапсырған.
1909 жылы Петерборда жарық көрген тұңғыш жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ға­шықтық туралы», «Ой туралы» деген сияқты жекелей тақырып қойылған еді. Жинаққа кірген өлеңдері «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (1882), «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» (1885), «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» (1886), «Қыс» (188 8) , «Желсіз түнде жарық ай» (188 8) , «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым» (1886) ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді, – дейді Мұхтар Әуезов.
Абайды дерттендірген, халқының басына түскен тарихи трагедия – «Қалың елі, қазағы» Ресей империясының отары­на айналып, ерікті елдігінен айырылып, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» халге душар болған қайғы-қасіреті еді. Сонымен бірге жинақта Кәкітай Ысқақұлы Құнан­баевтың «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірі» деген мақаласы берілген. Кәкітай ақынның өмір тарихын оның үшінші атасы, қолбасшы батыр, ел басы, бай болған, Ырғызбайдан бастап, одан соңғы атасы халық ортасында әділ би атал­ған Өскенбай туралы мағлұмат береді.
Абайдың әкесі Құнанбай қажының мінезін, адамшылық қадір-қасиетін қыс­қаша баяндап, шешесі Ұлжанның Қа­ракесек, Бошан руының белгілі биі Бер­тістің тұқымы екенін жазады. Бала жа­сынан бастап, жиырма төрт жыл бойы үнемі Абайдың қасында болған Кәкітай, тікелей өз көзімен көргенін, өз құлағымен естіп-білгенін жазады. Әсіресе, ұлы ақын­ның ұстаздық мәдени еңбегін, Абай­дың алды әдебиет мектебі болғанын нақтылы дәлелдеп, тұңғыш рет сипаттап берген Кәкітай болды.
Абайдың ұстаздығы туралы Кәкітай былайша баяндап жазады:
«Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда, көбінесе өзінің қы­зықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзін ұғар деген бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер орта­сында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай іздеу керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір не түрлі насихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай, ынталы кө­ңілмен рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді»...
Өз алдына медресе біліп, ұқса, ұқпаса да халыққа білгенін айтып, үйретіп отыр­ғанын ең қызықты өмірім деп жазғаны:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуге балаға» деп ұлы ақынымыз­дың ұстаздық еңбегінің мәдени ағарту ісіндегі мән-мағынасын, тарихтың маңызын терең түсінген Кәкітай, оның ерекше қадір-қасиетін дәл көрсетіп, баяндап берген.
Ақын шығармаларын жіктеп, шартты түрде болса да, тақырыбына қарай топтап бастыру, сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын же­ңілдету мақсатынан туған болады. Ақын­ның тұңғыш жинағының тексто­логиялық жағынан деректемелік мәні зор.
Жинақта Абайдың отыз тоғыз жасында, яғни анық үлкен ақын шеберлігіне жеткен шағында жазған өлеңдерінен бастап, ең таңдамалы шығармалары басылған. Шығармалары түгел басылып шықпаса да, осы бірінші таңдамалы өлеңдер жина­ғының өзімен-ақ Абайдың ақындық атақ-даңқы кең жайылып, оның қадір-қасиеті қалың қазақ халқына таныла бастады.
Ақынның өлеңдеріндегі бірталай маңызды ой-пікірлер поэмалары мен қара сөздерінде жалғасып, толыға түскен. Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнек­терімен байытуға сіңірген еңбегі ұлан-асыр. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей қоспасы жоқ таза қалпында, қарапайымдылығымен құнды.
Сондықтан да осындай ұлы ақыны­мызды дәріптеуде республикалық кітап мұражайының екінші залында Абайдың шығармашылығына арналған бөлім бар. Ақынымыздың алғашқы жинағы да осы бөлімде орналастырылған. Бұл біз үшін болашақ ұрпақтарға жеткізетін құнды да сирек мұраларымыздың бірі болмақ, – дейді Республикалық кітап мұражайының ғы­лыми қызметкері Гүлмира Сатыбал­диева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>