Наурызға дайындығымыз қалай?
27-Ақпан, 2014 Біртүйер 34 рет оқылды 0 пікір
Қазақ елінің шын мәнісіндегі жаңа жылы – әз-Наурыз мерекесі жақындап келеді. Тек қазақ халқы емес, күллі Шығыс әлемі үшін Жаңа жыл саналатын Наурыз – бірлік-берекенің, қуаныш пен шаттықтың мейрамы. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, Самарқанның көк тасы ериді. Қыс бойы ақ көрпесін жамылып жатқан күллі тіршілік біткеннің жандануы кімнің болса да көңіліне шаттық ұялатады.
Төл жаңа жылымыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне, дәлірек айтсақ, бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Әншейінде Жаңа жылға дайындықты ертерек бастап, шырша тігуді міндеттейтін әкім-қаралар әзірше тым-тырыс. Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының ортасына қарай сезіне бастайтын халқымыз да қыстың ызғарынан, Жаңа жылдың көңіл-күйінен әлі де айыға алмай жүр. Өкінішке орай елімізде әлі күнге Наурыз мерекесін тойлаудың нақты бағдарламасы жоқ. Наурызды тойлауды кей мекемелер айдың басында бастап жатса, енді біреулері сәуір айында да атап өтіп жатады. Негізінен мерекенің мазмұны мен ұлттық реңі – жетім қыздың тойындай болып өтетін әрқилы шаралар өткізуге негізделген. Мейрамды жоғарыдағылардың тапсырмасы ретінде қарап, науқанға айналдырып жібергендейміз. Мереке күні алаңдарда киіз үйлер тігіледі, наурыз көже пісіріліп, жайылған дастарқаннан үлкендер жағы ауыз тиеді де, содан жұрт концерт тамашалап үйді-үйіне тарасады. Осымен ұлттық мейрам – Наурызды тойлау мәреге жетеді. Наурыз ұлттық сипатынан біртіндеп айырылып бара ма деген қорқыныш та жоқ емес. Осылай жалғаса берсе қазақ халқының төл мейрамы қаптаған көп мейрамның біріне айналып кетуі де мүмкін. Ұлыстың ұлы күнінде берілетін демалыстарда Жаңа жылдағыдай мекеме қызметкерлерінің төрт көздері түгел тойлауы, мейрамханалар мен дәмханаларда жиналып басқосуы, Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген сеніммен дастарқан жайып, онда отбасы мүшелерінің түгелдей болуын қадағалау секілді көріністер байқалмайды.
Жалпы, Наурыз мерекесі қаламен салыстырғанда, ауылдық жерлерде тәп-тәуір атап өтілетіндей. Ауыл жұрты «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп көрші-қолаң, ағайын-туыс болып айдың басында жиналып, әр күнді бөліп алады да, сол күндері наурыз көже таратып, қыстан қиналып шыққан халық бас қосып мәре-сәре болып жатады. Ал мейрамды наурыздың 22-сі тақағанда сезінетін қалалықтар оны сәуір айының аяқ шеніне дейін созып жүріп алады. Осылайша мейрамның қадірін кетіреді. Осы ретте Наурыз мейрамын бір күнде, яғни 22-наурызда тойлап, кең көлемде атап өтсек деген тілек бар.
Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні күн мен түннің теңелетіні белгілі. Бұл кәдімгі табиғи заңдылық. Біз неге осы сәтті 31-желтоқсан күні сағат түнгі 12-ні күткендегідей отбасымызбен қуана қарсы алмасқа?! 21-наурыздағы түнгі 12-нің 31-желтоқсандағы түнгі 12-ден орны тіптен бөлек. Күн мен түннің теңесуі – ғажап құбылыс, бұл расында жаңа уақыттың, жаңа кезеңнің келгендігін білдіреді. Дәл осы сағатта, осы минутта, осы секундта дастарқан басында жиналған отбасы мүшелері Мемлекет басшысы Наурызбен, шын мәніндегі Жаңа жылмен құттықтап жатса қандай ғанибет. Елбасы да бір сөзінде түптің түбінде біздің Жаңа жылымыз 22-наурыз болу керектігін көпшілік алдында айтқаны да бар еді.
Біздің осы айтқандарымыз іс жүзінде асып жатса құба-құп.
Арна ЖҰМАТАЙ