«ДӘУІР СТИЛІ» МЕН ҰЛТТЫҚ КЕЙІПКЕРДІ СОМДАУДЫҢ АРАСЫ
Әлем әдебиетінің айдынында жүзуді өзімізге қуаныш санағанмен, әлем халықтарының қазақ қаламгерлерін қолдан-қолға өткізіп, оқып кеткенін елестеткен емеспіз. Тіпті, өз елімізде де ондай көріністі аңсау әпенделікке ұқсап қалғандай.
Ал біз үшін әлем әдебиеті деген не? Алып айдын бетінде ерсілі-қарсылы сеңдей соғысып жатқан ағыстардың қайсы бізді ілестіріп барады? Қайсы бізге соқпай өтті? Дәуірдің талабын орындап, ағысқа қарсы жүздік пе? Әлде, ешқандай талапқа сай келе алмай, ағыстың еркінде кеттік пе? Сұрақ көп. Жауабын айту одан да қиын...
--------------------------------------------------------------------------------
– Неге біз әлі Хемингуэй, Фолкнер, Маркестерді ғана айта береміз? Бұл біздің ізденімпаз емес екеніміздің көрінісі ме? Әлде аударма баспасының, әдеби институттардың нәтижесіз жұмыстарының кесірі ме?
Қалбан Ынтыханұлы: Рас, біз әлі Хемингуэй, Фолкнер, Маркестерді ғана айта береміз, бұл марқұмдардың шығармалары өз тұсында дүниені дүркіреткені шындық. Ал, дәл сол тұста біз оны көрмей тұрып-ақ «Батыстың қоқсығы» деп, мұрнымызды шүйіріп, «осыдан артығы жоқ» деп, «социалистік реализм әдебиетін» аймалаудан бас көтермегенбіз. Социализм жоғалған соң «жаңылдық-жаздық, алданыппыз» деп Батысқа бет бұрғандағымыз осы болды. Бұл біздің қазіргі біліміміздің қай деңгейде екендігінің бір көрінісі. Бұлай болуға себеп, біз тек шала-шарпы тіпті сауатсыз, дүмбілез, оның үстіне түп нұсқадағы тілден аударылмаған. Дүние әдебиетіне баланың көзімен қарап жүргендігіміздің көрінісі.
Жансая Жарылғапов: Бұл өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты. Рухани ахуал қоғамның формациялық өзгерістерімен сабақтас қой. Қазір адамзат индустриалды өркениеттен ақпараттық өркениетке аяқ басты. Қазір билік өндіріс иесінің қолында емес, ақпарат иесінің қолында. Ал біз болсақ, әлі постиндустриялық қоғамға айналмаған елміз. Сондықтан да ол дәуірдің эстетикалық өлшемдерінің қандай болатыны бізге беймағлұм.
Бізге қазір индустриялық қоғамның күйін шертіп, сол дәуірдің эстетикасын қалыптастырған Хемингуэй, Фолкнер, Маркестер жақын болатыны сондықтан-ау. Адамзат баласы бір мәдени дәуірден (бұл жерде модернизмнен постмодернизмге) екінші мәдени дәуірге өтер тұстағы бұлыңғырлық, анықсыздық байқалып отыратыны заңды. Біздің етіміз үйреніп кеткен айқын көркемдік жүйелерге (реализм, романтизм) постмодернизм сынды жаңа мәдени парадигманың қарсы қойылуы – белгілі бір нұсқаларды үлгі қылу сияқты стереотиптерді талқандап жіберді. Ал біздегі әдебиет пен өнердегі ізденімпаздыққа шәк келтірмеймін. Ізденіс ауқымы көбейіп, біраз мүмкіндіктер ашылды да ұмтылыс бағыттарымыз әртараптанды.
Ерлан Жүніс:Олардың шығармаларының бүгінгі қоғамда (жалпы адамзаттық) анағұрлым өзекті болуынан шығар. Мәселен, осы үш автордағы идеялық бірлікті атау керек болса,
ол – жалғыздық синдромы, яғни көптің бірді сыртқа тебуі, қоғамнан, әлеуметтік ортадан саналы түрде және еркінен тыс оқшаулануы, азаматтық соғыстың азабын тарту шығар деп ойлаймын. Яғни бұл жалғыздық – алғашқы қауымдық құрылыстағы үңгір адамының жалғыздығынан бастап, Антика дәуіріндегі Зевс пен Аидтың, перғауындар мен сапай апулардың жалғыздығынан анағұрлым күрделі, анағұрлым қауіпті жалғыздық. Бұл – нарцистік, мауглилік, моррилік (Фолкнер кейіпкері), эдиптік (интимдік ауытқу мағынасында) және замзалық (Кафка кейіпкері) жалғыздық. Қалалар неғұрлым миллионнан асқан сайын адам соғұрлым жалғыз қалуда. Бүгінгі әлемдегі капиталистік құндылықтар мен моральдық құлдыраулар өзін ғана сүйетін (достықтан бизнесті, отбасынан қызметін жоғары қоятын) Нарцистерді, мегаполисті джунгли секілді көретін және соның заңдылығымен өмір сүруге тырысатын маугли-жасөспірімдерді, гендік немесе техногендік ауытқулар мен зардаптардың нәтижесі – Моррилерді, тіпті көз алдымызда жүрген бір жынысты некені ұстанушылар, жас балаларды мәжбүрлеушілерді (жалпы эдиптік деп алайық) және әлеуметтік және психологиялық жетімсіздіктің нәтижесі – Замзаларды тудырды. Ал жиырмасыншы ғасырда өмір сүріп, жазып және осы синдромдардың қайнар көзін көрген аталған үш автордың оқылуы, айтылуы заңдылық. Хемингуэйдің «Шал мен теңізінде» де жалғыздыққа оралу, яғни үңгірге оралу. Сантьягоның Гаванадан алыстауы – өркениетті қоғамнан алыстау, оның Африка жайлы, арыстандар туралы түс көруі – алғашқы бастауларға оралуға деген адамдық құштарлық, оның асау толқын мен акулалармен арпалысып жүріп, Паблоның қасында болуын аңсауы – империализм мен соғыстың адамның сәбилік санасының жемісі екендігін түйсінуі, түйсінуден туған қимастық және оны өзгертуге құштарлық. Олай болмаса, балықпен сөйлесу деңгейіне дейін қалжыраған шал «Адам жеңілу үшін жаралған жоқ! Адам барлығын жеңуі керек!» деп, «Ойлану керек! Ой мен ойыннан басқа ештеңе қалған жоқ менде!» деп неге ышқынады? Ал Гарсиа Маркестің «Полковникке ешкім де хат жазбаптысында» соғыс ардагерінің зейнетақының тағайындалуы жайлы бір жапырақ қағазға зар болуы – қоғамның адам жастығы мен күшін пайдаланғаннан кейін лақтырып тастауы, оның соңына дейін төбелескіш қораз асырап, сол арқылы күн көруге тырысуы – өз өмірінің соғыс алған қуатын детальда көрсетуі емес пе. Ал «Жүз жылдық жалғыздық» болса да Буэндиа әулетінің (жалпы адамзаттың) әрбір өкілі әртүрлі форматта, әрқилы понорамада жалғыздық азабын тартуы ғой. Маркес те өз сөзінде Хемингуэйше адамның тек қана шыдап қана қоймай, түбінде жеңіп шығатыны жайлы толғам жасайды. Мыңкүндік соғыс тудырған жүз жылдық жалғыздықтарды қай қоғамның өкілдері кешпеді? Фолкнердің даңқты романы «Шу мен Ызадағы» Компсондар отбасының төрт баласы – Бенджамин – қоғамдағы ең бір пәк және ештеңеге қабілетсіз сана, Квентин – зиялы және содан жапа шегуші сана, Джэйсон – дүние баққан сана, ал Кэдди – осы үш сана көрініс табатын қоғамдық айна. Төртеуі –төрт жалғыздық. Брахман, Кшатрия, Вайшия, Шудралар секілді төрт иерархиялық деңгей. Хемингуэй өзінің тағы бір романында («По ком звонит колокол?») ағылшын ақыны Джон Донның дүниеде бір-біріне тәуелсіз, бір-бірінен оқшау тұрған ештеңе жоқтығын айтатын, яғни көбелек немесе домино эффектісі жайлы толғамын қолдануы да осы себептен. Дәл осы ойды Фолкнер де Бэнджидің қолынан гүлдің түсіп кетуі және оның жанарының мағынасыз әрі тұп-тұнық болып қалуы арқылы береді. Компсондар әулетінің құлдырауы – жалпы империалистік сананың құлдырауы. Драйзердің «Американың қасіретінде» де осы тенденциямен ұшырасамыз ғой. Бродскийдің «Джон Донн уснул. Уснули все» деген атақты өлеңі де осыған меңзейді. Яғни бүгінгі әлемнің соғыс және экономика мәселесінде бейсаналы түрде әрекет етіп келе жатқаны айтылады. Халықтар бүгін өз жалғыздығын кешіруде. Капитализм – халықтар жалғыздығы, ал демократия – әркімнің өз жалғыздығы, соғыс – адамзат жалғыздығы. Біз өз жалғыздығымызды кешірудеміз және күзетудеміз.
– Әлем әдебиетінде қазір қандай ағым басым? Бір кездері Латын әдебиеті, француз әдебиеті жаппай модаға айналған еді. Қазір қай елдің ақын-жазушыларының мерейі үстем? (проза, поэзияда).
Жансая Жарылғапов: Әлемдік контекстегі көркемдік дамуды алып қарайтын болсақ, анық байқалып отырған жағдай әдебиеттің «мифологиялануы». Әлемдік әдебиеттегі аса үлкен ықпалға ие бұл ағымды неомифологизм деп таңбалап жүрміз. Жалпы, мифтің, мифтік сарынның басқа сюжеттік-образдық формаларына, оның ішінде әдебиетке мифологияланған жарқын образдар бере алғандығын, ол желінің Эсхилдің «Орестеясынан» Булгаковтың «Мастер и Маргаритасына» дейін тартылып, әлі үзілмеген күйі келе жатыр. Алайда, қазіргі әдебиеттегі миф жазушылардың болмыс жұмбақтары мен өмірдің мәнісі туралы философиялық ой айтудың тәсілі тұрғысынан өрістейді. Енді аңыздық желілер, мифологиялық кестелер тарихи-реалды уақытқа негізделген түрде ғана емес, шығарма логикасынан шет тұра да беретін автономдық мағынасын күшейте бастады. Сонымен қатар, мифологияланған образдар архаикалық сананың қайта жаңғыруы ғана емес, түрленуі кейпінде көрініс тапты. Оған кейінгі жылдардағы Нобель сыйлығын алған шығармалар да куә. Кезіндегі Кафканың «Құбылушылығы» қандай резонанс туғызғанын білесіздер. Кафка шығармасында Грегор Замзаның жәндікке айналуы детальды тұрғыда суреттеледі. Новелладағы Замзаның бұл халіне қатты қайғырған қалпын көрмейміз. Қырқаяқ жәндігіне тән тықырмен бөлме кезіп жүрген Замза оқырманға тітіркеніс сезім тудырады. Бұл метаморфозаны ғалымдар әр түрлі түсіндіреді. Соның ішінде көңілге қонымдысы Д.Затонскийдің пікірі: «Грегор Замзаны қырқаяққа айналдыру арқылы жазушы адамның әлемдегі нақты алатын орны, оның трагедиялы әрі жеңіп шыға алмайтын жалғыздығымен белгіленетінін көрсетуге ұмтылатындай. Индивид белгілі бір ортада, қоғамда өмір сүреді... Бірақ мұның бәрі – алдамшы, ақылға сыймайтын иллюзия. Шындығында, адам нағыз шөлде, дәлірек айтқанда ваккуумда, жылтыр колбаның ішінде өмір сүреді, сондықтан да ол өзінің қорқынышты түрмесінің қабырғаларын көрмейді, – дей отырып, пікірін былай түйіндейді: Кафка үшін жалғыз жол нақты шындықты «қиратып бұзу» болды, сонымен бірге, оның шегінен шықпауға тиіс. Ол дәл солай жасады: Замзаны әлеммен байланыстырып тұрған барлық жіпті үзді (қаһарманды жәндікке айналдырды), бірақ оны өз отбасынды қалдырды». Реалды шындық шекарасын қиналмай-ақ аттап өту, сол шындықты «бөлшектеудің» кей белгілері Оралханның «Атау-кересінен» де көрініп қалатын. Қазір тарихи уақыт пен метафизикалық уақыт мидай араласып кеткен.
Адамзаттың балаң санасы тудырған архаикалық мифтердегі адамның басқа заттардың кейпіне ене алуы турасындағы сенімдері кейінгі жылдар прозасында жаңа стилизацияға түсті. Адам мен табиғат, адам мен жануарларды тұтастандыра қарайтын сарынның жаңа уақыт өңдеуіне, интеллектуалдық сүзгіге түсуі қазақ әдебиетіне де жаңа өрістер ашып отыр.
Қалбан Ынтыханұлы: Сонда әлем әдебиетіндегі ағымдар ғана бізге бағдаршы болмақ па. Егер біз өз әдебиетімізді қор санап, өзгеге құр еліктесек, сондағы еліктегеніміз өзімізге лайық болмаса, онда өңірі ұзын шапанның етегіне шалынып жығылып, күлкіге қалғаннан басқа не болмақ. Әдеби ағым құр дүрмекке құрылмайды, ол белгілі бір философияны немесе жаңа идеяны таяныш етеді және оны көркемөнерге сәйкестіреді. Меніңше, Шығыс әдебиетінен өткен көркем дүние жоқ. Болашақ Шығыс әдебиетіне қайта бұрылатын болады. Қазіргі дүние әдебиетіндегі іркіліс соны меңзейді.
Ерлан Жүніс:Латын Америкасы дегенде бүгін көбі Хосе Марти немесе Рубен Дарионы емес, Хорхе Луис Борхес пен Гарсиа Маркесті елестетеді ғой. Яғни проза көбірек оқылады қазір, әсіресе шетелдік. Ал француз әдебиеті, тіпті, сәнде емес секілді, «қарғысқа ұшыраған ақындарымен» бірге. Негізі менің ойымша, қазір Юхан Боргендердің бейнесіндегі скандинавиялық авторлар, күні кеше өмірден өткен және бізде мүлде жарнамаланбаған Милорад Павичтер сәнге айналатындай көрінген, алайда, қазіргі жастардың қолынан көбіне Дэн Браунды (әсіресе, «Код до Винчи»), Умберто Эконы, Сартрды емес көбіне Джойсты, Салман Рушдиді емес Орхан Памукты, Франц Кафканы емес Ричард Бахты, Акутагаваны емес Кобо Абэні, сондай-ақ Сент-Экзюпери мен Пауло Коэльоны көруге болады. Енді өзіңіз ойлап көріңіз. Мистикалық, эзотерикалық және мифологиялық романдарға деген сұранысты аңғарасыз. Есесіне, тарихи романдар оқылмай жатқандай көрінеді. Ал ТМД елдері аумағында айтар болсақ, қазір Әзірбайжан әдебиетінің жастары анағұрлым белсенді секілді.
– Әлем әдебиетінің үлгілеріне қызығамыз деп, біз өзіміздің түпкі дәстүрімізден айырылып қалған жоқпыз ба? Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин, Ақышев, Шашкин сияқты жазатын адамдарды бүгін табуыңыз тым қиын. Бірақ есесіне Мураками, Картосар секілді жазғысы келетін қаламгерлерді табасыз. Бұл қандай құбылыс? Өткен жазушыларды жазушы емес дейміз де, бірақ біз бүгін солардың өзіне жете алмай қалып отырмыз.
Қалбан Ынтыханұлы: Кеңестер заманындағы әдебиет ұмытылады, ұмытылып та жатыр. Себебі, шынайылықтан немесе аталған авторлардың шын пейілінен ақтарылып шыққан дүниелер аз. Оның барлығы сол замандағы саясаттың жемісі. Түгелі цензурадан өткен, инкубатордан шыққан, өспей жатып союға жіберілген балапандар. Ал эпостарымыз, Баласағұннан бастап, Абай, Шәкерім, Мәшһүрге дейінгі асыл мұраларымыз және Алаш әдебиеті ұмытылмайды. Одан қашып жүргендерді көрмедік.
Жансая Жарылғапов: Кейінгі жылдары жапон әдебиеттанушылары мен сыншылары дәуір талабына сай ұлттық кейіпкерді сомдау қажеттілігін айтып дабыл қаға бастады. Еуропалық дәстүрде тәрбиеленген, еуропалық эстетикамен нәрленген, тек “сыртқы келбеті ғана жапондық” болып келетін кейіпкерлерге қарсы тұрды. Олар ірі прозашылар – Кавабата Ясунари, Тонидзаки Дзюньтиро, Мисима Юкио, Кобо Абэ және т.б. творчестволарында кейінгі уақытта байқалып жүрген образдардың “синтетикалығын” сынаған.
Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің эстетикалық құрылымы мен жанрлық жүйелеріне шешуші өзгерістер келіп жатқандай. Әсіресе, проза батыл түрде жаңа тәжірибелер жасап жатыр. Бұл ұлттық прозадағы көркемдік әдістердің күрделенуінен, жаңа әдеби ағымдардың орын тебуінен де айқындалады. Технократтық дәуір талаптары эпикалық құлаштағы шығармаларды күн тәртібінен ығыстырып шығарғанын енді мойындамасқа болмайды. Ғылыми-техникалық даму адам тұлғасының гуманистік және ұлттық өлшемдеріне барған сайын ықпалын күшейте бермек. Әдебиеттану ғылымында «дәуір стилі» деген ұғым бар. Яғни дәуірлер ауысқанда негізгі эстетиакалық тіректер де қоса ауысады. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сынды алыптар өз дәуірінің стилімен жазып, ұлт көркемдік дамуында өз «қабаттарын» қалыптастырды.
Ерлан Жүніс: Байқайсыз ба, мәселен, Мұхтар Әуезовтің өзін алғанда, негізінен, оның «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қыр әңгімелері», «Кім кінәлі?», «Үйлену», «Көксерек» (повесті) секілді әңгімелері жиі оқылады және жастар ішінде талқыланады. Бұл нені көрсетеді? Бұл – қазақ прозасының өткен ғасырдың басында-ақ осы жолға түсуі керек болғандығын, осы бағыт арқылы ұлт прозасы қалыптасуы керектігін көрсететін секілді. Сонымен қатар, Бейімбет Майлин көп жастарға анағұрлам өтімдірек. Сол кезең әдебиеті туралы айтқанда. Ал енді әр қаламгердің ішкі зертханасына кіруге, оны жазғыруға хақымыз жоқ қой.
– Бүгінгі күні электронды кітапхананың белең алған шағы. Бірақ көп адамдар компьютер алдынан қашып жатқан жағдай бар. Соған қарағанда кітаптың ғұмыры ұзақ, пайдалану ауқымы әлі де кеңи түсетін секілді.
Ерлан ЖҮНІС: Осы планшетте және телефондарда үнемі тамақ беруді, өзіне күтім жасауды, ойнатып-қыдыртуды, ұйықтатуды сұрап тұратын бір мысық бар емес пе. Планшеттен кітап оқи бастасам, өзімді сол секілді сезінемін. Электронды кітапхананың артықшылығы – қолжетімділігінде. Мәселен, сапарға шыққанда өз кітапханаңызды көтеріп жүре алмайсыз. Ал электронды жадта мыңдаған кітапты бірге алып жүруге болады. Бар болғаны – осы. Ал қалған жағдайдың бәрінде кітап – тек қана иісі бұрқыраған кітап керек. Қолыңмен қағазды, оның бояуын, оның сарғая бастағанын, оның қайырылған жерінің жыртыла бастағанын, «Менің жеке кітапханам» деген жазуын, оның сөрелердегі көңіл-күйіңізге байланысты ауысып отыратын орындарын немен алмастырып алуға болады?
Қалбан Ынтыханұлы: Мәселе кітаптың неден жасалуында емес, оның мазмұнының қандай болуында. Жақсы болса теріге жазылса да, темірге жазылса да бәрібір оның сүйікті оқырманы табылады. Ал қолайлығы жағынан электронды кітап өте жақсы екен. Менің жанқалтама алып жүретін «Киндл» деген кітапханам бар, оның ішіне мыңдаған кітап сияды. Сол мыңдаған кітапты мен қайда барсам да көтеріп жүріп оқимын. Ендеше, қағазға басылған кітаптардың мыңын емес, онын көтеріп жүріп оқудың қандай болатынын көз алдыңызға келтіріп көріңіз. Бұл заман информация заманы, жабдығың толық болсын, өйтпегенде тағы да ел машинамен жүргенде, сен есек арбада отырғандай боласың.
Жансая Жарылғапов: Қазіргі таңда руханиятқа қатысты түрлі сайттар мен порталдардың ашылуы қуантады. Ал көркем шығарманы компьютерден, планшеттен оқып-қабылдау туралы да пікірлер әрқилы. Ол сіздің техникаға деген қарым-қатынасыңызға байланысты. Өз басым, электронды құрылғыларды ақпарат алудың көзі деп қараймын. Ол сана түкпірінде жатады да, көркем шығарма мен менің арамызда рухани көпір бола алмайды. Кітаптың құдыреті сол – оқырман мен екі ортадағы өзгеше бір биоөрістің, парапсихологиялық байланысың орнауында.
Ұйымдастырған Бағашар Тұрсынбайұлы.