Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

АЛТЫН АДАМ

$
0
0

АЛТЫН АДАМ

                                                                                                     

Адам баласының заттық (материалдық) өмірдегі тұтынған асыл бұйымы – алтын. Ұлттық дүниетанымда алтынның алар орны ерекше. “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” деуде адамға тән пендешілік, көрсе қызарлық мінез айқындалып тұр. Қазақта “алтынның сынығы” деп жақсыдан қалған көзді айтады. “Қолда бар алтынның қадірі жоқ” деп жайсаң жанның жолдас-жора, ағайын-туыс арасындағы, қоғамдық ортадағы болмыс-бітімі бөлек сырбаздығын еске алады. Ықыласы ауған аяулысына ішкі сезімі мен жүрек лүпілін білдіргенде “алтыннан ардақты…” деп бастайды. Ұл-қызының есімін Алтынсары, Алтынбай, Алтынбек, Алтыншаш… десе, ру атын Алтын деп қоюы, бұл ұғымның ұлыстық-этникалық санасына өте ертеден сіңістілігінің нақты мысалы. Қағанның отыратын алтын тағы мен күллі қағанаттың атауын Алтынорда деуде елдік мұрат-аңсар сұлу да мөлдір әрі кестелі ой құнарымен айшықталған. Санай берсе, халық даналығын танытатын алтынның бағалауыштық қасиеті көп-ақ…

Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған Алтын Адамның сыртқы киіміндегі өрнектелген тігісінің графикалық композициясы руникалық таңба мағынасының символикалық белгісін білдіреді. Алтын Адамның киімі көшпелі сақ-үйсіндердің аң стиліндегі өнерінің тамаша үлгісі. Дала көркін кіргізетін хайуанаттар әлемінің динамикалық табиғаты, қыдырыс-жайылысы, қимыл қарекеті, жыртқыштардың алысып-жұлысқан, тістесіп-шайнасқан тіршілік үшін күресінің қас-қағым сәтін қаз-қалпында кескіндеген ғажайып өнер туындысы көрген жанды тебірентіп-толғантып, тәнті етері шүбәсіз. Көшпелілердің стихиясында қозғалыс – тіршіліктің белгісі, өмір сүрудің пішіні. Құла түзді төрт түлікке өргізген қайсар халықтың көшіп-қонуы күннің түнге, түннің күнге, судың буға, будың суға айналғанындай дамылсыз қайталанып, ұдайы дөңгеленіп тұратын жаратылыстың мәңгі құбылысы іспеттес. Сондықтан, асыл металдарды өнердің өзгеше тілімен қамшы өргендей ажарлап сөйлеткен әлгіні көшпелі өркениеттің тұтас галереясы десе жарасады. Бұған дейінгі зерттеушілердің бірсыпырасы бұл өнерді ирантілдес халықтың еншісіне теліп, қалайда төрүктен басқамен сабақтастыруға шама-шарқынша күш салып, “ғылыми уәжбен дәлелдеуге” тырысып-ақ бақты. Әлбетте, ежелгі төрүктердің төлтума руника жазуының тылсым ықпыл-жықпыл нәзік иірімдерін түйсінбеген ізденуші үшін сақ-үйсін дәуіріндегі өнер туындысының шынайы сыр-сипатын зерделеу тіпті де мүмкін емес. Біздіңше, бұл – “Көк” иероглифінен тұрады. – “Көк” иероглифін бірінің үстіне бірін қиялай орналастырса, сыртқы пішіні “Кур/Құр” иероглифіне ұқсас болып шығады. Егер үңіле байыптасақ ;; – Құр, Көк, Йер, яки иероглифтік алфавиттің басталуы, аудармасы: (“Строение небо и земли!”) “Көк пен Жердіңқұрылысы!” (Т.Досанов. Письмо небесного гостя или тайна древнетюркской руники… А., 1997. С. 8.) деп символикалық-философиялық интерпретация жасауға болады. Демек, сақ дәуірінде ежелгі құпия ілім – Пішін таблицасы ақсүйек, бекзаттардың рухани көкірек-сарайына ұялап, әбден дарығаны аңғарылады.

“Көк: тек, негіз* “Көкің кім? – тегің кім?”, яғни, “қай елсің, тегің қандай?” деген мағынада (оғызша, қыпшақша) (М.Қашқари. Түрік сөздігі. 2 том. А., 1997, 411-б.) жұмсалады. Бұл сөздің мағынасы о баста төрүк халқының тегі Жер шарына беймәлім бөтен өркениеттен, басқа ғаламнан келгендігін байқатқандай. Мәселен, “көк төрүк, көк бөрі, көк өгіз”, т.т. тұрақты сөз тіркестеріндегі анықтауыш осының айғағы. “Көк” лексикалық тұлғасының “бөтен өркениет, басқа ғалам, ғарыш” деген де, сондай-ақ, “тек, негіз” дегенді білдіретін семантикалық реңкі де бар. Яғни, бұл омонимдес сөз, мұның себебі, соңғы ұғымдық мәні кейін таңылған ауыспалы мағынасы. Метаморфоза…

– Көк, яки биік тау шыңы. Көгі сөзі төрүк тілінде “тегі, тамыры” деген мағынаны да білдіреді. Сақ кәсемінің алтыннан киім киюі, бұл және бір емес, бірнеше археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде заттық жәдігер айғақтың табылуы, сондай-ақ, сақтардың ақсүйек, бекзаттарының астына мінген сәйгүліктерінің әбзелдерін алтынмен аптауы, тіпті “ер қанатын”, желқұйындай ұшқыр пырағын сом алтыннан құйып, композициялық сюжетті ою-өрнек нақыштары мен идеялық-көркем орындау дизайны жоғары технологиялық дайындау машығы мен кәсіби шеберлік деңгейінің қалыптасқандығының бұлтартпас дәлелі. Бұл салыстырып айтсақ, бүгінгі дамыған супердержава, өркениеттің шыңына көтерілді деген іргелі мемлекеттердің Елбасылары, яки Президенттері күнделікті киетін киімін былай қойғанда, тарихи таққа отыру салтанаты ұлықтау, яки инаугурация кезінде де алтыннан киім киіп, көлік міне қойған жоқ. Мұның өзі сақ өркениетінің ерекше жетілгендігінің назар аудартатын басты нышаны. Сол сияқты бағзы ханзаданың тұтынған аяқ-табағы, құрал-сайманы, т.т. бұйымдарының бәрі алтын, күмістен жасалуы мәдени-гигеналық танымының өресін айғақтайды.

Екіншіден, сақ-үйсін көсемі Күнімнің киіміндегі  – Көк иероглифі – жеке тұлғаның даралығы Тәңірінің жаратқан жазық жердегі асқар тауындай, рухы зеңгір көкпен таласа шалқыған, парасат-пайымы заңғар дегенді меңзейді. Қазақтың “Алтын шекпен ерге жарасар, алтын кісе белге жарасар”, – деуі ықылым заманнан жеткен тектілік пен паңдықтың, мәдени-эстетикалық сұраныс талғамының жаңғырығы. Үйсін мемлекеті патшасын Күнім деп атауына қарағанда қасиетті санаған. Яғни, қағанын Күнге теңеп, қатар қойып, шендестіріп, егіздеп, Күнім деген. Олардың ұғымында қағансыз өмір сүруді – тіршіліктің кепілі тас төбедегі күннің нұр сәулесінен ажырап қалатындай қабылдаған.

Күнім аталған ханзаданың алтын жүзік-мөрінде өзін куәландыратын “күнбасты” ұсқын-кейіп сұлбасы шекілген. “Жүзік” деп Күнімнің сәулеленген жүзі түскендігін куәландыруды атайды. Демек, Күнімнің назары ауғандығының нақты айғағы. Осы жүзік-мөрдегі “күнбасты” бейнені Әлішер Ақышев “кеңестік ғылымда бекіген”, дағдылы еуроцентристік үстем ағымның көзқарас шылауынан шыға алмай, ежелгі иран мифологиясындағы Күн Құдайы – Митрамен байланыстырады (Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – А.: Наука, 1984. С. 80–90). Бағзы Қытай жылнамашыларының көрші Үйсін [Усун] Күнімін, яки Үйсіндер патшасын Жердегі тірі Күніне балағанын (Досанов Т.С. Этюды по памятникам письменности древних усуней. А., 2002. С.54) “Кунмо” деп жазбаша әліптеген дерегіне сүйенген қазақ тарихшыларының нобайының еңбектерінде “Үйсін Күнбиі”, “Үйсін Күнбилігі” (Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – А.: Жалын, 1994, 278-б.) деп қисынсыз, жасанды өзгертілді. Себебі “Кунмо” сөзінің құрамында “би” иероглифі жоқ бола тұра, әдейі тұлғалық өзгеріске түсіріп, мағыналық қате ұғым үстеген. Тіліміздегі “Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі” деген тәмсілден қоғамдық өмірдегі патшаның атқаратын пәрмен құдіретін шамалау қиын емес. Құндар мен үйсіндердің қағанын, яки патшасын аспандағы Күн сияқты жердегі Күніне балауы – осы ретте заңды құбылыс. Қазақ баласын немесе жақсы көрген жақынын “күнім” деп еркелетеді. Бұл – тек-тамырын қуалап, қанмен жалғасқан байырғы ұлыстық тәлім-тәрбиенің үзілмеген желісі.

Дербес саяси-этникалық субъектінің әлеуметтік-экономикалық бақуаттылығы алтын қорының мөлшерімен өлшенеді. Алматы қаласындағы Республика алаңына орнатылған “Алтын Адам” Тәуелсіздік монументі Қазақстанның мемлекеттік рәмізі. Сонымен біздің жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдағы тарихи-археологиялық сирек құндылық – Алтын Адам Жер-Ана қойнынан шығып, дарқан қазақ елінің мерейі мен даңқын әлемнің шартарабына паш етіп, шарықтап, самғаған айбын-айдарына айналды.

 

Еліміздің қоғамдық ғылымдар саласындағы ашылған іргелі жаңалығына берілетін мемлекеттің ең жоғарғы  сыйлығын “Алтын Адам” белгісімен қоса марапаттаса қандай ғанибет болар еді. 

 

 

Аманғос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымының кандидаты, доцент.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>