Дариғаның аты аталғанда сот шоршып түстi
elnur-alimova@mail.ru
Өтембаевтың үкiмiн қайта қарау бойынша Қаскелеңде өтiп жатқан сот процесiнде жәбiрленушi тарап судья А.Бейсенбаевқа наразылық бiлдiрiп, оны iстен шеттету жөнiнде талап қойды. Айыпталушылар жауаптарындағы қарама-қайшылықты анықтауға, бұрынғы тергеу мен соттағы бұрмалаушылықтардың себебiн iздестiруге қатысты судья сұрақ қоюға кедергi жасағаны ашық айтылды. Жәбiрленушiлер өз құқықтарын шектегендiгiн дәлелдеп бердi. Алайда олардың талабын келесi күнi қараған судья Қасымова оны қанағаттандырған жоқ. Сөйтiп, судья Бейiмбетов сот процесiне төрағалық етудi одан әрi жалғастырды.
ИБРАГИМОВ ПЕН НАЗАРБАЕВАНЫҢ ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫСЫ БАР?
Дүйсенбiде өмiр бойына бас бостандығынан айырылған Рустам Ибрагимов сұралды. Ол қылмыс болған күндi егжей-тегжейлi суреттеп, еш мүдiрместен оқиғаны жiпке тiздi. Қылмысты Мұсаевтың тапсырмасымен жасағанын, А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн қалай атқанын әңгiмелегенiн газетiмiздiң өткен нөмiрiнде жаздық (“Ибрагимов қанiшер екенiне жұртты сендiруге тырысты”, 28 қазан, №6). Егер Ибрагимовтың айтқаны рас болса, ол мұндай қылмысқа дағдыланған қанiшердiң нақ өзi. Ал егер әлдекiмдер осылай деуге мәжбүрлесе, өзiне берiлген рөлдiң образына әбден кiрген актер.
Ибрагимовке жәбiрленушi тараптың қояр сұрағы көп болды. Олардың басым бөлiгiн төраға А.Бейiмбетов “iске қатысы жоқ” деп алдыртып тастаса, екiншi жартысына Ибрагимовтың өзi “жауап бергiм келмейдi” деп жалтарды.
Мәселен, жәбiрленушiлер Жанат Байбосын мен Татьяна Журавлеваның мүддесiн қорғаушы өкiлi Маржан Аспандиярова “2006 жылғы сотта А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн тек жеткiзiп бердiм, әрi қарай өз жолыммен кеттiм” деген жауабын есiне салғанда, Ибрагимов “Мұсаевтан қорыққандықтан осылай деуге мәжбүр болғанын” көлденең тартты.
2006 жылғы жауаптарға оралған сұрақтар қойылған сайын судья Бейiмбетов “оның қазiр қаралып жатқан iске қатысы жоқ, осы iс бойынша ғана сұрақ қойыңыз” деп шыр-пыр болды. Оған жәбiрленушi жақ “бiз шындыққа бiр табан болса да жақындағымыз келедi, ақиқатты ашуымыз керек, құқымызды шектемеңiз” деп тойтарыс бердi. Судья сонда да қояр емес, “сiздер айтып отырған сот бойынша ол жазасын алған, бiз Өтембаевқа қатысты жаңа деректердiң ашылуын қарап отырмыз” деп кестi. “Бәлкiм, оның жауабынан да “жаңа деректер” шығар? Сондықтан оның жауабы маңызды” деп қайырды жәбiрленушiлер. “Бұл осында куә ретiнде емес, сотталушы ретiнде жауап берiп жатыр” дедi бiр кезде сот. Оған жәбiрленушiлердiң адвокаты Жуаспаева бұл процессуалдық норманы бұзушылық екенiн айтты.
М.Аспандиярова Ибрагимов жазды деген мәлiмдеменi оқи жөнелдi. Онда сол кездегi iшкi iстер министрi Б.Мұхамеджановтың, бас прокурор Түсiпбековтiң, Алматы қалалық iшкi iстер департаментiн басқарған Қ.Қасымовтың оған сот кезiнде қандай жауаптар беру керектiгi жөнiнде айтқаны келтiрiлген. М.Аспандиярова осы жайтқа тоқталуды сұрағанда, Р.Ибрагимов бұл сұрақтан да тайқып кеттi.
Р.Ибрагимов
Ибрагимовке жәбiрленушi тараптың қойған кезектi сұрағы – оның Дариға Назарбаевамен жеке таныстығы жөнiнде болды. М.Аспандиярова сол баяғы 2006 жылғы iс материалдарына сүйенiп, Ибрагимов iшкi iстер департаментiне шақырылып, тiнту жасалғанда, бiрқатар құжат табылғанын және олардың арасынан Дариға Назарбаеваның Рустам Ибрагимовтiң атына жазылған сенiмхаты табылғанын ескерттi. Дариғаның аты аталғаны сол-ақ екен, прокурорлар мен сот шоршып түстi. “Бұл сұрақтың түк қатысы жоқ” деп тыйып тастады.
Жәбiрленушi тараптың мүддесiн қорғаушы куәдан өзiн Алматы қалалық iшкi iстер басқармасына шақыртқан тергеушi Әубәкiровпен таныстығын сұрады. Себебi алдыңғы соттың iс материалдарында оның тергеушiмен ескi таныстарша емiн-еркiн сөйлескенi айтылады. Әңгiме арасында Әубәкiровтiң “Қазiр немен айналысып жүрсiң?” деген сұрағына Ибрагимов: “Дариғамен жұмыс iстеп жүрмiн”, – деп қайырған. Әубәкiров “жарайсың” деп арқасынан қаққан. Алайда Ибрагимов бұл сұрақтан да сырғып кеттi.
Ибрагимов қылмыс жасаған соң көлiгiне мiнiп, досының туған күнiн әрi қарай тойлауға кеткенiн, содан соң түн ортасында досы Дудаевты АҚШ-қа шығарып салғанын айтқан едi. Үш адамды өлтiргеннен кейiн Ибрагимовтiң түк болмағандай той тойлағаны таңдандырарлық жайт.
М.Аспандиярова iстiң материалдарында көрсетiлген тағы бiр деректiң анық-қанығын сұрады. Бұл жолы “Қазспецэкспорттың” басшысы Талғат Ибраевтың 2000 жылдардың басындағы өлiмiне қатысты және оған Ибрагимовтiң қатысын, Рахат Әлиевтiң арашалап алғанын есiне түсiрiп сұрақ қойды. Ибрагимов бұл сауалға да жауап бермедi.
ТАПАНШАНЫ ЖАСЫРҒАНЫ ЖЕТI ЖЫЛДАН КЕЙIН ҒАНА “ЕСIНЕ ТҮСIПТI”
Ибрагимовтi оқиға орнына апарған жүргiзушi Виталий Мирошников сейсенбi күнi сұралды. Мирошников пен Ибрагимовтiң сөзi бiр жерден шықты. Бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай сөйледi. Мирошников “арыстандықтар” көлiкке отырғызып кеткен үш адамды Ибрагимовтiң кезек-кезек сыртқа алып шыққанын растады. Бiрақ “көлiктегi адамдарды Ибрагимов не үшiн сыртқа алып шыққанын бiлмедiм, тек жүк тиеуге арналған орында отырған соңғы адамды алып шыққанда арттарынан iлесiп жүрдiм” дейдi. Ибрагимов оның Бауыржан Байбосын екенiн сотта айтқан. Ал Байбосын мен Мирошников бiр-бiрiн танитын, кезiнде қоян-қолтық ұрыспен бiр секцияда айналысқан, жарыстарға бiрге қатысқан. М.Аспандиярова осы жайтты нұсқап, “Ибрагимов ертiп бара жатқан адамды таныдың ба?” дегенде, Мирошников “жоқ” дедi. Өзiнен бар-жоғы үш метр iлгерiде кетiп бара жатқан Байбосынның қолы байлаулы болған-болмағанын да байқамапты. Тiптi Байбосынға оқ тиiп құлағанда да оның қолы байлаулы болғанын көрмеген. Бұған қорғаушы тарап күмән келтiрiп, Мирошниковтiң өтiрiктi қиыстырып тұрғанына назар аудартқызды.
Қылмыстан кейiн Мирошников Ибрагимовтi Ритц Паластың маңына әкеп тастаған. Ибрагимов оған “мынаның көзiн жой” деп орамаға оралған белгiсiз зат пен тағы бiр тапаншаны берген. Мирошников ораманы ашып қарамастан оны Ибрагимовтiң нұсқауы бойынша Медеу жақта сарқырап ағып жатқан өзендегi тастың түбiне тастап кеткен. Екiншi тапаншаны басқа жерге жасырған. Ибрагимов соттың алдыңғы отырысында бұл орамада А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн атқан тапаншаның қаңқасы болғанын айтқан. Орамадағы затты Медеу жаққа жасырғанын Мирошников 2012 жылдың сәуiрiнде ғана “есiне түсiрiптi”.
Содан кейiн тергеушi Машанло бастаған топпен сол орынға барып, ораманы тастаған жердi нұсқаған. Өзенге тасталған затты iздестiру шаралары бейнекамераға түсiрiлген. Сотта бұл таспа түстен кейiн көрсетiлдi.
Iс материалдарына сүйенген жәбiрленушi тараптың өкiлi М.Аспандиярова: “Тұтқындалған соң “достарымның үйiне тiнту жүргiзiлдi” депсiз. “Динеев досыма қысым көрсетiлдi” дегенсiз. Бұл сiздiң сөзiңiз бе?” – деп сұрады. Оған Мирошников жауап беруден бас тартты.
“Ал әйелiңiздi iшкi iстер бөлiмшесiнде күштеп ұстағаны туралы не дейсiз?” – деп жалғастырды жәбiрленушi өкiлi Мұны естiгенде Мирошников қобалжып қалды. Бiрақ сұраққа жауап бермедi. Сот тағы да “бұның iске қатысы жоқ” деп тыйып тастамақ болды.
“Тiкелей қатысы бар. Мирошниковке қысым көрсетiлдi ме, соны анықтау керек. Ибрагимов алдыңғы сотта Мирошниковтiң көлiгi болмағанын айтты. Бәлкiм, оның да iсiн қайта қарау қажет шығар. Сот неге таңдаулы түрде ғана әрекет етедi? Қазiргi iстi 2006 жылғы iстен бөлек қарауға болмайды. Өйткенi жасалған қылмыс – бiреу. Сотталушылар да сол”, – деп М.Аспандиярова алдыңғы сотта куәлiк еткен Мирошниковтiң әйелiнiң сөзiн еске салды.
“Күйеуiм мiнетiн көлiктiң дөңгелегi ауыстырылмағандықтан, ол үйде қаңтарылып тұрды, сондықтан оның оқиға орнына баруы мүмкiн емес” деген жауабын оқығанда сот онан әрмен шамданды. Мирошников көлiгi туралы сұраққа да жауап беруден бас тартты.
Ибрагимов тәрiздi Мирошниковтiң сөзiнде де қарама-қайшылық көп. Мәселен, жүргiзушi көлiгiнде отырған адамдардың бет-жүзiн қалай көрмеген? “Қараңғы болды, Ибрагимов әрлi-берлi бұрылма” деп бұйырды дейдi ол. Соның өзiнде көлiктiң есiктерiн ашқанда жарық жанатынын жәбiрленушi С.Атушеваның адвокаты М.Мурзин есiне салғанда, Мирошников “қарама” деген соң қарамадым” деп жақауратты.
БҰЛ ҚАЙ ТАПАНША?
Мирошниковтан кейiн өзеннен тапаншаны iздестiру шараларына қатысқан “Арыстан” қызметiнiң 5-департаментiнiң 4-бөлiмiнiң бастығы, майор Луценко сұралды. Луценко ? Мирошников ораманы тастаған өзен аумағына сүңгiп, тапаншаның қаңқасын тапқан адам. Ол бұл тергеу шараларына өз тобымен арнайы шақырылғанын айтты. Мирошников нұсқаған өзен аумағында 50-70 метр жерде үш адам екi сағат бойы суда жүрген. “Топтың басшысы ретiнде өзiм өзеннiң ортасын iздедiм. Екi адам екi жағымда жұмыс iстедi. Өзен ағысы қатты болғандықтан, ағысқа төтеп беру үшiн дайындық пен күш керек. Бiз iздестiру жұмыстарында темiр таяқты пайдаландық. Бiрақ мен нысанды қолмен ұстап таптым”, – дедi Луценко.
Луценко тапқан затын тергеу тобының жетекшiсi Машанлоға бергенiн айтты.
Түстен кейiн сот отырысына заттай айғақ ретiнде әлгi тапаншаның қаңқасын әкелдi. Сот заттай айғақтың не екенiн түсiндiрiп жатпады, оның тiзiмiн сот қызметкерi оқыды. Сарапшы ретiнде шақыртылған сот-медициналық сараптама орталығының маманы Венера Илиева “тапанша қаңқасы, қол сабы, магазинi бұрын бiр тапаншаның бөлiктерi болған” деген қорытынды айтты.
Қаңқаның үстiңгi жағы әбден бүлiнген, майысқан, әлдебiр белгiсiз затпен зақымдалған болып шықты. Жәбiрленушiлер оның қалайша зақымдалғанын бiлмек болды. Луценко бәлкiм, тас арасында жатқандықтан, тас тиiп бүлiнген шығар деген болжам айтты. Ал сарапшы Илиева қаңқа күшпен майыстырылған соң бүлiнген болуы мүмкiн дедi. Бiрақ бұл жөнiнен сарапшы болмағандықтан, сұраққа кесiп жауап бере алмайтынын мәлiм еттi.
Жәбiрленушiлер “қаза тапқандар шын мәнiнде сол тапаншадан атылғанын ендi анықтауға бола ма?” деген сұраққа сарапшы “бөлшектер қатты бүлiнгендiктен, оны жинап шығуға болмайды, денеден табылған оқтардың осы тапаншадан атылғанын да анықтау мүмкiн емес” дедi. Тапаншаның соңғы рет қашан пайдаланғанын анықтайтын ғылыми тәсiл де жоқ екен.
“Ал қаңқаның суда неше жыл жатқанын анықтау мүмкiн бе?” деген сұраққа да сарапшы “қатты зақымданудың салдарынан ретификациялау мүмкiн емес. Бiрақ рамкадағы тотқа қарап анықтауға болады” дедi.
Осыған орай жәбiрленушiлер сотқа металл бойынша сарапшы мен 2012 жылы сараптама жасаған маман Миненковты шақыртуды сұрады. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмай тастады.
Жәбiрленушiлердiң күмән келтiруiне түрткi болған тағы бiр нәрсе – бейнематериалда тапанша қаңқасының табылған сәтi анық көрсетiлмеген. Бұл бейне сотта көрсетiлгенде үш сүңгушiнiң өзенде iздестiру жұмыстары жүргiзiп жатқанын, оларды жағалауда Мирошников пен тергеушi Машанло және бiрнеше адамның бақылап тұрғаны көрiнедi. Бiр кезде тергеушi Машанло “әзiрге камераны өшiре тұрамыз, тергеу үшiн маңызды нәрсе табылса, қайта қосамыз” дейдi. Осы жерде бейне үзiлiп қалған. Таспаның екiншi жартысында тапаншаның өзен жағалауындағы тасқа қойылғаны көрсетiлгенiмен, Луценконың оны өзеннен тапқан сәтi көрiнбеген. Машанло оны жерге қойып, “мiне, көрдiңiз бе, ЛАК 0822 әлде 0322 деген жазу көрiнедi” дейдi. Жәбiрленушiлер тапаншаның қаңқасы судан шықты ма, қайдан пайда болғаны белгiсiз, әрi қаңқаны жетi жыл бойы тот басқан соң, ондағы жазуды оқу мүмкiн бе деген күмән келтiрдi. Оның үстiне өзенде жетi жылдан берi жатқан тапаншаны қалайша қатты ағыс шайып кетпеген?
Алайда сот бұл сұрақтарды басы ашық күйiнде қалдырды.
СУДЬЯМЕН ТЕКЕТIРЕС ОҒАН СЕНIМСIЗДIК БIЛДIРУГЕ ҰЛАСТЫ
Сотқа түстен кейiн куә ретiнде шақырылған сотталушы Едiл Әбiкенов әңгiмесiн Рахат Әлиевпен таныстығынан, оның өзiне қалай қолдау көрсеткенiнен бастады. Содан кейiн бұл қылмысқа қалай қатысқанын әңгiмеледi. Ол “кездесуге адамдарды әкелесiң” деген Мұсаевтың тапсырмасын Ибрагимов жеткiзгенiн, артынша сол адамның мекенжайы мен көлiк нөмiрлерiн Газиевтен алғанын айтты.
Е.Әбiкенов
Кездесу белгiленген күнi Ибрагимов Әбiкеновке телефон шалып, адамдарды күтiп ал деген соң, Әбiкенов базада жүрген “арыстандықтар” – Еспенбетов, Ералиев, Едiгеев пен Тәжiнi алып шыққан. “Мұсаевтың тапсырмасы болғандықтан, күшiмiздi көрсету керек шығар деп ойладым. Көзiме түскен жiгiттердi ерте кеткенiм содан. Қара киiмдi бандит болып көрiнбеу үшiн формамызды кидiк, бетiмiзге бетперде тақтық, қару алып шықтық”, – дедi Әбiкенов.
А.Сәрсенбайұлы мен серiктерiн Медеуге дейiн 500 метр деген жерден күтiп алған Әбiкенов оларға еш күш қолданбастан көлiктерiне отырғызып әкеткенiн айтты. Оған жәбiрленушi тарап “алдыңғы iсте “тиеп әкеттiк” деген сөзiн келтiрдi. Әбiкенов тек Байбосын мен Журавлевтiң қолын байлап, “арыстандықтар” мiнген көлiкке отырғызғанын, ал өзi саясаткердi көлiгiмен әкеткенiн “есiне түсiрдi”.
“2006 жылғы тергеуде көлiктердi тоқтатып, адамдарды басып алдық” деген сөзiн жәбiрленушi тарап келтiргенде: “Жоқ, бiз көлiкке жақындадық. Үш адам шықты. Сiздi кездесуге апарамыз дедiк. Көзiлдiрiк киген, iшiндегi үлкен кiсi “кездесу бүгiн емес, ертең едi ғой” дедi”.
Жәбiрленушi тарап Әбiкенов баяғы әдетiне басып, тағыда өтiрiк айтып тұр, мұндай «куәнiң» сөзiне сенуге болмайды деп оған сұрақ қоюдан бас тартты.
Ибрагимов, Мирошников пен Әбiкеновтен жауап алынғанда, сот үнемi жәбiрленушiлердi шектеп, “осы iске қатысы бар сауалды ғана қойыңыз” деп тыйып отырды. Жәбiрленушiлер мен олардың қорғаушылары сотпен осы мәселе үшiн көп мәрте сөзге келiп қалды. Сотпен текетiрестен шаршаған жәбiрленушiлер сейсенбi күнi кешке судья А.Бейiмбетовтi iстен шеттету жөнiнде талап қойды.
Бұл талапты келесi күнi судья Қасенова қарап, жәбiрленушi жақтың уәждерiн тыңдады. Жәбiрленушiлер және олардың адвокаттары судья қандай заңбұзушылықтарға жол бергенiн жiпке тiздi. Ал мемлекеттiк айыптау жағы мен сотталушының адвокаты А.Әжiғұлова бұл талапты қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олардың ойынша, судья ешқандай процессуалды заңбұзушылықтарға жол берген жоқ. Керiсiнше, iске қатыссыз сұрақтарды шектеп отырғаны көрiндi.
Шешiм шығаруға кеткен судья Қасенова үзiлiстен кейiн төраға А.Бейiмбетовке қатысты талапты негiзсiз деп мәлiмдедi.
Орындығына қайта жайғасқан судья Бейiмбетовке жәбiрленушi тарап тағы бiрнеше өтiнiш түсiрдi. Олар А.Кекшаевты, iшкi iстер министрi Қ.Қасымовты, сол кезде iшкi iстер министрi қызметiн атқарған Б.Мұхамеджановты және қалалық iшкi iстер департаментiнiң тергеушiсi Әубәкiровтi сотқа куә ретiнде шақыртуды сұрады. Судья мен Өтембаевтың адвокаты оларды сұраудың қажеттiгiне күмән келтiрдi. Жәбiрленушi жақ олардың тергеу кезiнде берген жауаптарын келтiрдi. Судья бұл өтiнiштердi де басы ашық күйiнде қалдырды.
“ҚЫЛМЫС ЖАСАЛҒАНЫН ДОСМҰХАМЕДОВТЕН ЕСТIДIМ”
Кешегi сот отырысында Ибрагимовтi Мұсаевпен таныстырған адам – А.Мақашов скайп арқылы сұралды. Науқасқа шалдыққандықтан, Мақашов Астанадағы Алматы аудандық сотының залынан бейнеконференцияға шықты. Ол Ибрагимовтiң тергеуде берген жауаптарының көпшiлiгiн терiске шығарды. Ибрагимовпен дос емес, жай ғана таныс екенiн, оны кездейсоқ жағдайда алты рет қана көргенiн жеткiздi. Сондай кездесудiң бiрi Мақашовтың Алматыдағы кеңсесiнiң алдында болыпты. “Кеңсеге жақындағанда көлiк тоқтап, одан Ибрагимов түстi. Бұл 2005 жылдың тамызы болатын. Онымен көп сөйлеспедiк. Тек Өтембаевтың “Сәрсенбайұлын ұрып-соқ” деген әңгiмесiн мақтанып айтты”.
Көп ұзамай Мақашов Ибрагимовтiң осы сөздерiн Р.Әлиевке кездесулердiң бiрiнде айтыпты. Мақашовтың сөзiнше, сол күннiң ертесiнде оған Мұсаев пен Әлиев хабарласып, Ибрагимовтi өздерiне жiберудi сұраған. Мақашов Ибрагимовке хабарласып, оны шақырған. Сосын Ибрагимовке Мұсаевтың телефон нөмiрiн берген.
Мақашов бұл оқиғадан кейiн бiрден шетелге кетiп қалғанын, елге тек 2006 жылдың сәуiрiнде қайтып оралғанын жеткiздi.
“Қылмыс жасалғанын қашан және кiмнен естiдiңiз?” деген сұраққа “Ол уақытта Марокконың Рабат қаласында болдым. Кәсiпкер болғандықтан, шетелде жүретiнмiн. Рабат қаласында президент Н.Назарбаев, спорт министрi Т.Досмұхамедов және Сарыбай Қалмырзаев болды. Мен қастандық жасалғанын Досмұхамедовтен естiп бiлдiм. Оның бет-әлпетiнен қазаға қапалы екенi көрiнiп тұрды”, – дедi Мақашов.
“ӘЛИЕВ МАҒАН ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАМАҚ БОЛДЫ”
Н.Өстемiров
Кеше түстен кейiн 2006 жылғы сотта Ибрагимовтiң адвокаты болған Нұрлан Өстемiров сұралды. Өстемiров Әлиевпен болған кездесуi жөнiнде әңгiмеледi. Адвокатты кездесуге шақырған Әлиев ол арқылы Ибрагимовке хат берген. Ибрагимов хатты өз қолымен көшiрiп жазып, Әбiқаевтың аты аталған мәлiмдеменi оқып берiптi. Адвокат бұл қадамға Рахат Әлиевтен сескенгендiктен барғанын айтты. Өстемiровтiң ойынша, кейiн Әлиев оның өзiне қастандық жасамақ болған.
“Бiздi үнемi сотқа Ибрагимовтiң әкесi Ташмұхамед апарып жүретiн. Соңғы сот отырысы бiткен соң Сәрсенов (Ибрагимовтiң тағы бiр адвокаты – ред.) екеуiмiз кездейсоқ ол көлiкке мiнбей, өз жолымызбен кеттiк. Артынша Ибрагимовтiң әкесiнiң көлiгi Қапшағай жақта аударылып, оның ауруханаға түскенiн естiдiк. Бiрден бұл Сәрсенов екеуiмiзге қарсы Рахаттың ұйымдастырған шабуылы екенiн түсiндiм”, – дедi Өстемiров.
Бұған жәбiрленушiлер оның 2007 жылы “Нұрбанк” iсi бойынша Әлиевтiң қол астында жұмыс iстегендердiң қорғаушысы болғанын есiне салды. “Мұның бұл iске қатысы бар ма?” деп кiбiртiктеп қалды Өстемiров.
Сұрақ қою кезiнде 2006 жылы тергеу аяқталып, iс прокуратураға тапсырылған соң Ибрагимовтiң жауабы өзгертiлгенi әшкерелендi. Оны адвокат Өстемiров сотта растады. Айтуынша, прокурор, Қ.Қасымов, өзi және кездесуге жеткiзiлген Ибрагимов оңаша кабинетте тергеуде берген жауапты өзгерткен. Ибрагимовтiң қандай жауабы өзгерiске ұшырағанын және адвокат Өстемiровтiң Дариға Назарбаевамен кездесуi жайлы әңгiмесiн келесi нөмiрден оқыңыздар.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ