ҰЛТТЫҚ ТАРИХ: АҚТАҢДАҚТАН – АҚИҚАТҚА
Сейсенбі, 16 шілде 2013 2:05
«Егемен Қазақстан» газеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп өткізген дөңгелек үстел басындағы әңгімеде тарихымызды таразылаудың тағылымды жайлары талқыланды
Елімізде ұлт тарихын зерделеу орайында ұлы бетбұрысқа жол ашылып жатыр. Қатпарлы қазақ тарихын зерттеу, жазу, көпшілікке паш етіп насихаттау, оқыту мәселелері бүгінгі таңда аса көкейкесті. Ең бастысы, елге керегі – ақиқат тарих. Осы жайларды әңгімеге арқау еткен «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесіндегі дөңгелек үстелге Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ханкелді Әбжанов, академик, атақты заңгер Сұлтан Сартаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Әзімбай Ғали, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ғабит Кенжебаев, Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова және «Егемен Қазақстан» газеті Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол қатысты.
Қ.АМАНЖОЛ: – Құрметті қауым! Хош келдіңіздер. Ең әуелі осынау дөңгелек үстел басындағы келелі әңгімеге шақыруымызды қабыл алғандарыңыз үшін көптен-көп рахмет айтуға рұқсат етіңіздер.
Халқымыз ықылым замандардан бері тарлан тарихты жасап келе жатқанымен, Ұлы Далада өзі сол тарихтың бас қаһармандарының бірі болғанымен, ол тарих дұрыс жазылмады, ұқыптап қатталмады, басқа өркениетті елдердегідей архивтерде қаз қатар сақталмады. Ақиқаты бұра тартылды, шындығы бұрмаланды. Ата тарихымызға көрінеу көзге қиянат жасалды. Оның бірталай себептері де болды. Бодан ел болғандықтан тарихымызды басқалар жазды немесе басқалардың нұсқауымен жазылды. Ол тарихымызға басқалардың мүдделері һәм қып-қызыл саясат араласты. Бас себебі – өз еркіміз өзімізде емес едік, өзгенің шылауында жүрген едік. Соның өзінде Ғафу Қайырбеков пен Қадыр Мырзалиевтай айдынды ақындарымыз: «Басқалардың хандары жақсы болып, Біздің хандар қалайша жаман болған?» немесе «Біздің тарих – ол-дағы қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп ашына жырлап, ашығын айтқан еді. Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сияқты жазушылар тарих олқылығын көркем шығармалармен толтыруға ұмтылып, ұлттың тарихи санасын сілкіндіруге баға жетпес ұмтылыстар жасаған еді. Шын тарихты жазуға талпынған Ермұқан Бекмаханов жазықсыз жапа шегіп, сотталып, итжеккенге айдалған-ды.
Ал бүгін тәуелсіз елміз. Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Ендігі жерде тағылымды тарихымызды қайтарып алмасақ, ақтаңдағынан арылтып, еркін елдің ар-ожданына сай зерделеп жазбасақ, елдігімізге сын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы жағдайды нұсқап көрсетіп, ақиқат тарихтың бүгежектемей жазылуына айрықша ықылас танытып отыр. Жаңағы жұқа тарихты қалыңдат деп отыр. Басқалармен тереземіз тең екенін тарихи құндылықтарымызды жарқыратып паш ете отырып дәлелдейік дейді. Болғанды болғандай етіп, қаз-қалпында зерделеуге кең мүмкіндіктер ашылуда. Тәуелсіздік пен елдік талабы осы. Жан-жақтағы көршілерімізге жалтаңдайтын жалпақшешей тарих емес, мәңгілік Қазақ елін мәртебелейтін, ұлт мерейін асыратын асқақ рухты ақиқат тарих керек. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин өткізген алқалы жиындарда Тарих ғылымы дамуындағы кемшін тұстарымыз нұсқалып, нақты міндеттер айқындалды. Әлі ойласатын жайлар да жетерлік. Бүкпесіз ашық әңгіме айтайық. Салиқалы ой, ұтымды ұсыныстарды ортаға салайық. Сөз сіздерде, құрметті тарихшылар!..
Х.ӘБЖАНОВ: – Құрметті әріптестер, ұлт тарихына байланысты келелі әңгіменің басталғанына бір айдан астам уақыт өтті. БАҚ белсенділігі арқасында қалың оқырман мен көрермен Қазақстан тарихынан біршама дерек пен дәйек алды деп ойлаймын. Тарихты насихаттау мәселенің бір қыры ғана. Зерттеу мен оқытудың да арқалап тұрған жүгі өте ауыр. Түптеп келгенде, тарихты салиқалы зерттеу мен білікті оқыту оны насихаттаудың мазмұны мен өрісін анықтайды.
Демек, бүгінгі дөңгелек үстел басындағы әңгімеміз үш арнада жүреді деп ойлаймын. Әрине, кемшіліктер айтылмай тұрмайды. Дегенмен, сынның да шын болғаны жөн. Ең дұрысы – мәселенің түйінді шешімін, түйткілді шешудің нақты жолдары мен әдістерін айтқаны абзал. Сөзім түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейін: республикалық кеңесте Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің баяндамасында да, одан кейінгі ақпараттар легінде де тарихты зерттеудің жаңа методологиясы керек деген пайым, тұжырым айтылды, әлі айтылуда. Әрине, Мемлекеттік хатшы методологияға анықтама беруге міндетті емес. Ал сол «жаңа методология» дегеніміз не, анықтамасы қандай? Өз басым осы сұрақтарға жауап тапқан жоқпын. Бәріміз жабылып іздеп жүрміз, бірақ не іздеп жүргенімізді дөп басып танымайтын сияқтымыз.
Отан тарихын ғылыми танудың жауапты кезеңіне аяқ бастық. «Осыдан не шығар екен?» деп көзбен де, көңілмен де бақылап отырғандар баршылық. Дос – сүйсінетіндей, дұшпан – күйінетіндей ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіміз керек.
Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы М.Тәжин тарих ғылымын қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың көшбасшысы деп бағалады. Бұдан өз басым екі қорытынды шығарып отырмын: бірі – тарих ғылымының күрделі де қатпарлы міндетін атқаруға барша қоғамдық-гуманитарлық ғылым өкілдері жегілгені абзал, екіншісі – алдыңғы шепте, басты атқарушы рөлінде тарихшылар тұратынын қаперден әсте шықпасын деймін.
С.САРТАЕВ: – Бүгінгі дөңгелек үстел басына жиналғандар арасындағы жалғыз заңгер мен екенмін. Әйткенмен, Елбасы алға қойған Ұлттық тарихты ізерлеу міндетінен қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласының өкілі ретінде біз де шет қала алмаймыз. Сіздерге бір тәмсіл әңгіме айтып берейін. 1977 жылы Грузияға барып едім. Сонда олар Одақтық академияның толық мүшесі болған Джавахашвили деген құрметті кісінің 100 жылдығын атап өтті. Ол өзі грузиндердің соңғы патшасының ұрпағы болып келеді екен. Салтанат үстінде «История Грузии» деген кітапты көрдім. Грузин тілінде және орыс тілінде. Бұлар көлемі жағынан әртүрлі екен. Мен осының себебін сұрадым. Сонда бір профессор тұрып: «Олай болатын себебі, орыс тіліндегі Грузия тарихы біз туралы орыстар қалай ойласа, солай жазылды. Ал грузин тіліндегі тарихты біз өзіміз туралы қалай ойласақ, солай жазып шықтық», деп жауап берді. Содан сөз реті келген кезде мен айттым: «Халықтың даңқы мен ұлылығы оның жер көлемімен де, санымен де емес, оның әлемдік мәдениетке, әлемдік өркениетке қосқан үлесімен өлшенеді. Әрбір этностың рөлі мен мән-маңызы осы тұрғыдан бағалануы тиіс. Грузин халқы өз тарихының өне бойында әлемге Шота Руставели, Вахтанг Горгусали, Георгий Саакадзе және Иосиф Сталин сияқты аса көрнекті ойшылдар мен қолбасшыларды берді…», дей берген кезімде зал орнынан тұрып кетті. Сталинге бір жылы көзқарас басталған кез еді. Жұрт ду қол соқты. Мен: «Өз пайымым тұрғысынан алғанда, грузин халқы көптеген ұлы этностармен салыстырғанда саны аз болғанымен, бұл халық әлемдік өркениетке қосқан үлесі жағынан басқалармен терезесі тең тұрады», деп өз сөзімді жалғай бердім.
Қасымда Әбдуәли Еренов деген досым отыр еді, сол: «Бәрі дұрыс-ау, тек Сталиннің атын бекер айттың ғой», деді. «Қалай десең де Сталиннің ұлылығы талассыз. Ол ұлы диктатор әрі Ресейдің ұлы еңбеккері», деп мен де қоймай жатырмын. Кеңес біткен кезде сол кездегі Грузия компартиясының бірінші хатшысы Э.Шеварднадзе орнынан тұрды да, тура маған қарай келе жатты. Әбдуәли: «Әне, келе жатыр», деді. «Келсін», дедім. Шеварднадзе келіп екі қолын беріп амандасты. Сөйтті де: «Рахмет, вам, за теплые слова по адресу моего маленького народа», деді. Мен тағы да халықтың ұлылығы санның аздығымен өлшенбейтіні, оның адамзат тарихына қосқан үлесімен бағаланатыны туралы ойларымды айттым. Одан соң осы кеште басқа да грузиндер тарапынан бізге деген қошемет кенде болмады. Сонда, бір жағынан, олардың өз тарихына деген құрметіне сүйсіне таңырқағаным бар еді.
Бұл тәмсілді айтып отырған себебім, әрбір үлкен халық болсын, кіші халық болсын, өзінің дара тарихы болады. Басқалардың қолайына жаға ма, жақпай ма, ол басқа әңгіме. Әр халықтың өзінің көрегендері бар, даналары бар. Солардың бәрін қазір жинастыру, сол толағай тұлғаларды елге барша бітім-болмысымен көрсете білу біздің ең үлкен міндеттеріміздің бірі. Ана бір жылы «Шалқар» радиосына барып сөйлегенімде басыма бір ой келді. «Әй, жігіттер, маған архивтеріңде азырақ жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдерші. Соның негізінде Қазақстан туралы шындықты өзгеше бір қырынан көрсетіп, бір еңбек жазайын», дедім. Бірақ жігіттер бұл ұсынысымды қабылдамады. Сонымен, «Шалқар» радиосы архивіндегі Қазақстан туралы шындық ашылмай қалды.
Мұны неге айтып отырмын? Шындықтың ұлы-кішісі болмайды. Тарихтағы кез келген шындық жарыққа шығуға хақылы. Олай болса, халқымыз туралы барлық шындықты халыққа жеткізу – біздің парызымыз. Бір үлкен шындық мынада, Қазақстанның қай ғасырын көтеріп, қозғап қалсаңыз, сол ғасырдан небір ұлы, ғұлама азаматтар табылады. Бір ауыз сөзбен бір тайпа елді бітістірген аузы дуалы билер шығады. Халықтың кемеңгер даналары, батырлары шығады. Соларды халыққа паш етуіміз керек.
Жақында «Елім-ай» эпикалық жырының авторы, әз Тәукенің атақты «Жеті Жарғысын» жасауға қатысқан Қожаберген жырауды тамаша атап өттік қой. Мен де сонда екі-үш жерде баяндама жасадым. Осы Қожаберген жырау сияқты халықтың даналары әлі көп. Солар туралы шындықты айту арқылы өз ұлтымыздың ұлылығын көрсетеміз. Шын мәнісіне келсеңіз, қазақ халқы өзінің ұлан-ғайыр жерімен ғана ұлы емес, өзінің даналарымен, тұлғалы бабаларымен ұлы. Солардың көбі халқымызға әлі жетпеген. Олардың атын білетін өздеріңіз сияқты оқымыстылар, тарихшылар, әдебиетшілер ғана. Арасында бірен-саран заңгерлер де бар. Мысалы, академик Салық Зиманов билер сотын жалғанның жарығына шығару жөнінде орасан зор жұмыстар атқарды. Конференция өткізіп еді. Біздің билер жүйесі дүние жүзінде баламасы жоқ, өте бір ғажайып құбылыс. Билердің билігіне ешкім араласа алмаған. Би айтты, болды. Тарихымыздағы бұл тағылым да көрсетілуі тиіс.
Біздің хатқа түскен тарихымыз өзіміздің айнамыз болуы керек. Ал біздің тарихшылар өйтпейді. Бір еңбектерге қарап отырдым. Онда еліміздің заңдары келтірілген, президенттік басқару жүйесі айтылған. Бірақ сол заңды кім жасады? Жобасын кім жазды? Бірінші болып көтерген кім? Оны айтпайды. Еліміздің тәуелсіздігін жарияладық. Осындай заң қабылдадық дейді. Ал сол заң бойынша кім сөйледі. Оны тағы айтпайды. Азаматтық жөнінде де солай. Тарих – айна болатын болса, жаңағы заңдарды кім жасағанын, мейлі, кім де болса, бір ауыз сөзбен болса да айтып кету керек емес пе? Ешнәрсе тасада қалмауы, қылдай қиянат болмауы керек. Кейінгі жастар бәрін білуі керек. Тарихты жасауға қатысқан әрбір адамның есімі сол тарихтан көрініс табатын болсын. Сондықтан, менің тарихшыларға айтар қолқам: тарихты айна ретінде тұжырымдап, ондағы халықтың да, тұлғаның да еңбегін айшықтап көрсете білуіміз керек қой деп ойлаймын.
Х.ӘБЖАНОВ: – Шынында да, біз мына тарихты зерттеу методологиясы дегенде бұрын тап күресін, қоғамдық формацияларды айтатынбыз. Сұлтекеңнің жаңағы сөзіне қарағанда, жаңа методологияның іргесі, негізі, түп тегі, біріншіден, халық, екіншіден, көшбасшы, көсемдер болса, одан әрі тағы сондай діңгектерін анықтасақ, тарихымыз толық ашыла түсер еді деп ойлаймын.
С.САРТАЕВ: – Қазіргі методология дегеніміз – ол марксизм-ленинизм классиктері емес, ол халықтың өзі, халықтың жан-дүниесі, халықтың қалаулы тұжырымдауы. Жаңағы грузиндер сияқты, халықтың өз тарихын өзінің ұлтжанды, адал тарихшыларының жазуы.
Т.ОМАРБЕКОВ: – Мемлекеттік хатшымыз М.Тәжин көтеріп отырған Ұлттық тарихты зерделеу бағдары тарихымызды өркендетуге мүдделі көптің көңілінен шықты. Онда тарихымыздағы толғағы жеткен ең басты мәселелерді шешудің тыйымды да практикалық жолы айқын көрініс тапты. Бұрын «жартасқа барып күнде айқай салсақ та», тарихшылар, өз даусымыздың жаңғырығынан басқаны ести қоймаушы едік. Шүкіршілік. Біздің ойымызша, күні бүгінге дейін тарихымызды зерттеудегі көптеген олқылықтар мен тиянақсыздық мемлекет құрушы қазақ халқының өзінің тегі мен оның этникалық аумағының қалыптасу тарихына жете назар аудармауынан орын алып келді. Біз халықтың тарихын зерттеудің орнына оның саяси-потестарлы құрылымындағы жеке тұлғалардың, нақтырақ айтар болсақ, қағандардың, билер мен хандардың, батырлардың, саяси элитаның, ұлт-азаттық қозғалыс және мемлекет қайраткерлерінің тарихын зерттеуге баса көңіл бөлуді әдетке айналдырып алдық. Әрине, бұл тарих та бізге аса қажет. Алайда, кешіріңіз, бірақ бұл халықтың өзінің емес, оның ортасынан шығарған жеке тұлғаларының ғана тарихы ғой. Амал қанша, кеңестік жүйеде санамызға берік орныққан интернационалдық сезім әлі күнге дейін бізді халқымыздың этносаяси тарихын белсенді де жүйелі қарастыруға және бұл салада көрініс берген ғылыми-зерттеулерді назардан тыс қалдыруға алып келгені рас. Башқұрт зерттеушісі Кузеев өзінің «Происхождение башкирского народа» атты көлемді еңбегін 1974 жылдың өзінде-ақ тоталитарлық жүйенің астанасы Мәскеуден шығарғанын бәріміз білеміз. Ғафуровтың «Таджики» деген іргелі еңбегі ше? Бұған не дерсіз. Халқымыздың рулық-тайпалық құрылымын айтудан үркіп, мұндай еңбектерді, тіптен, тәуелсіздік тұсында да шығара алмағанымызды кімнен көреміз? Бәлкім, бұл олқылықтан арылуға Мемлекеттік хатшының ұсынысымен таяуда ғана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Көшпелілер өркениетін зерттеу орталығы көмектесер. Мұндайда мынаны да ұмыта алмаймыз: орталықты ұйымдастыру оңай, ал оның жүйелі де тындырымды жұмыс жасауы Білім және ғылым министрлігінің қамқорлығына тікелей тәуелді. Осы жай ескерілсе дейміз.
Мынадай мәселеге де назар аударғым келеді: зерттеле қоймаған маңызды мәселелерге бет бұрудың орнына, біздер, тарихшылар, соңғы жылдары жақсы зерттелген мәселелерді әлі жеткілікті зерттелген жоқ деп сендіруден бір жалықпаймыз. Мысал ретінде өзім көп жылдар айналысқан ұжымдастыру тарихын айтайын. Біліп отырсыздар, бұл әрі аштықтың да тарихы ғой. Бұл тақырып, менің ойымша, жеріне жеткізіле зерттелді. Өйткені, тек менің өзімнің ғылыми жетекшілігіммен осы тақырыптан жиырмаға тарта кандидаттық диссертациялар қорғалыпты. Осы кезеңнен ұстазымыз Кеңес Нұрпейісовтың жетекшілігімен де бірталай адамдар тәуелсіздік тұсында диссертациялар қорғады. Академик М.Асылбековтің, әріптесіміз Қ.Алдажұмановтың да шәкірттері бұл мәселенің демографиялық жақтарын зерттеді. Мәселенің әбден зерттелгені сондай, 2000-жылдардың орта шенінде бұл кезеңнен аспиранттарға беретін тақырып таппай таласатын болғанбыз. Ал енді тәуелсіздік тұсында өмірге келген сол диссертацияларды ешкім оқымай, ғылыми кітапханалар сөресінде шаң басып жатыр. Солай болса да, өкінішке қарай, жақсы зерттелген мәселені әлі де зерттеле қойған жоқ деп көрсету біреулерге қажет болып отырса, қалай қынжылмассың. Мұндайға не деу керек? Менің ұсынысым: тарихшылар хронологиялық тұрғыдан қысқа кезеңдерді зерттеп болған соң ауқымды тақырыптарды зерттеуге көшулері керек. Біздің басты міндетіміз барлық деректерді, мұрағат құжаттарын айналымға шығару емес, нақты деректер негізінде халқымыздың тиянақты тарихын жазу екенін ұмытпайық.
Тағы бір айтпауға болмайтын мәселе – тарихнама деген ғылым саласының кенже қалып келе жатқаны. Бүгінде тарихнамашыларымыз бірінің еңбегін бірі мадақтаудан арыға бара алмай отыр. Сондықтан да бізде тарихи сын өркендемей қалды. Осының салдарынан кәсіби тарихшылардың еңбектерін әріптестері емес, әуесқойлар сынға алатын болып алды. Таяуда ғана белгілі тарихшымыз Зардыхан Қинаятұлының тарихи зерттеулеріне әуесқой тарихшылар еңбектерін қарсы қойған мақаланың жарық көруі осының нақты көрінісі. Ал енді тарихнама неге дамымай отыр десек, ең алдымен, бүгінгі тарихшы кім? – деген маңызды сауалға жауап іздегеніміз жөн болар еді. Біздіңше, бүгінгі тарихшы ең алдымен зерттеуші емес, оқытушы болып қалыптасуда. Күнкөріс қамымен олардың бәрі бүгінде тарихтан сабақ беріп, нан табу жолына түсіп кетті. Мұндай кемшілікті салиқалы мемлекеттік саясат қана дұрыстай алатынын айтпасқа тағы болмас.
Тағы бір айтарымыз, тарихи зерттеулер ғылыми қолданбалы сипатта болуы тиіс. Егер біздің зерттеулеріміз білім беру жүйесінен өзінің нақты орнын таба алмаса, олар жаңа оқулықтар мен оқу құралдарына арқау болмаса, мұндай көп томды немесе көлемді еңбектерді ешкім оқымай, олардың кітапханалар сөресінде шаң қауып жататынын бәріміз де білеміз. Олай болса, ең алдымен, жақсы оқылатын, ұғымға жеңіл және тартымды еңбектер жазуға баса ден қоюға тиіспіз.
Қ.АЛДАЖҰМАНОВ: – Бүгінгі тәуелсіздік жағдайында ұлттық тарихымыз қалай зерделенуі керек, кеңестік кезеңге деген көзқарас пен сана қалай қалыптасуы керек – осының бәрі, сайып келгенде, зерттеушілерге де, тарихты насихаттаушыларға да бағыт беретін, ой салатын жаңа тұжырымдама қажет екеніне меңзейді.
Өздеріне халықты біріктіретін, объективті тарих жазу міндеті жүктелгенін ғалымдар қауымы барынша түсінеді және қолдайды. ХХ ғасыр тарихы тек ақ немесе қара түспен емес, барлық бояу-реңімен, бүкіл оқиғалар жиынтығы және кейіпкерлерімен толық қамтылып көрсетілуі қажет. Мұнда кеңестік кезеңдегі тұлғалар мен оқиғаларға дұрыс баға беріп, түсіндіруге, бір жақтылыққа ұрындыратын субъективті пайымдарсыз, «баррикаданың» екі жағындағылардың да іс-қимылын, неліктен олар әртүрлі қадамдарға барды, оның тағылымы қандай деген ұстаныммен түсіндіруге талпыныс жасалуы керек.
Қазақ жеріндегі 20-30-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, оның қиындықтары (ашаршылық тарихы, шаруа көтерілістері, дәстүрлі халық тыныс-тіршілігіне күштеп енгізілген өзгерістер) бүгінде объективті бағасын алып, жан-жақты зерделенуі қажет. 30-жылдар трагедиясын бірыңғай «жауыз Сталин» мен «жауыз Голощекиннен» ғана көре бермей, жаттанды айыптаулардан арылып, сол кездегі оқиғалардың бәрінің себептері, жергілікті өкімет органдары мен жоғары биліктің, ауылдағы «шолақ белсенділер» мен большевиктердің іс-әрекеттері, КСРО-ның халықаралық қатынастары, олардың 30-жылдар трагедиясына ықпалы жан-жақты талдануы тиіс. Осы жағдаяттарды синхрондық және диахрондық зерттеу әдістерін басшылыққа ала отырып, жаңа методологиялық аспап пен көзқарас тұрғысынан пайымдау керек.
Кеңестік идеологияның 30-жылдардағы қазақ трагедиясына сылтау еткен «көшпелі шаруалар» ұғымын теориялық тұрғыдан зерттеп, жоққа шығаратын уақыт жетті. Мұны өзіміздің арамызда жүрген кейбір тарихшылар әлі күнге дейін уағыздайды. Ашаршылық трагедиясының себептері – көшпелі шаруашылықта емес, кеңес өкіметі мен большевиктер партиясының теріс саясатының жемісі.
Осыған байланысты тағы бір мәселе: қазақ халқының басынан өткерген қайғылы 30-жылдар тарихы да бүгін саудаға түсуде, аяққа тапталуда. Мысалы, «Central Asia Monitor» газетінің биылғы 26-27 санында саясаттанушы Ю.Булуктаев деген біреу ашаршылық трагедиясын, қуғын-сүргін нәубетін зерттеуді мазақ етіп, енді репрессия құрбандарын еске алу күні Ұлы Жеңіс күнін жоқ етеді деген пікірін жариялапты. Қазақ рухына жат көзбен қарайтын мұндай ғалым-сымақтардың ұлттық тарих туралы пікір айтуының өзі әдепке жатпайды. Сондықтан, ұлттық тарихты ұлттық рухы бар ғалымдар жазуы керек.
2007 жылы «Дайк пресс» баспасынан Н.Масанов, Ж.Әбілғожин, И.Ерофееваның «Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана» деген кітабы шықты. Кітап дұрыс мақсатқа арналғанымен, авторлардың қазақ тарихына, оны зерттеушілерге деген жат көзқарасы шектен шығып тұрғаны бірден байқалады. Онда қазақ тілінен мақұрым авторлар қазақ тілінде шыққан зерттеулер мен кітаптардың бәрін аңыздан құралған деп жоққа шығарады. Өздері орыс тіліндегі, кезінде отаршылардың көзқарасымен жазылған басылымдарды басшылыққа ала отырып, қазақ тарихын сол қалыптан шығармауға тырысады. Осындай келеңсіздікке тойтарыс берілуі қажет. Оған жоғары деңгейдегі зерттеулер ғана тосқауыл қоя алады.
1941-1945 жж. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан тарихы ұлттық тұрғыдан жаңа көзқараспен жазылуы тиіс. Соғыс жылдарындағы еңбек армиясы, қазақ жауынгерлерінің, ұлттық құрамалардың ерлігі мен майдан жолдары зерделенуі тиіс.
Бүгінде соғыс тарихымен, жалпы әскери тарихпен санаулы ғана ғалымдар болмаса, Қазақстанда жүйелі түрде ешқандай мекеме айналыспайды. Қорғаныс министрлігінде отырған жауапты адамдар, мысалы, 106-шы қазақ атты әскер дивизиясы туралы «Ол Қазақстанда белгісіз, ешкім оны білмейді», деп Президент Әкімшілігіне жаңсақ ақпарат ұсынып, Харьков қаласының «жоғалып кеткен» 106-дивизияны біз таптық деген екі тұрғынының дақпыртына дем беруі осының айғағы. Бұл дивизия ғана емес, барлық ұлттық құрамалар туралы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында зерттеулер бұрыннан жүргізілген. Мәселе – осындай жұмыстарды оқырманға ғана емес, тиісті билік органдарына да таныстыруда. Ол үшін дұрыс бағыттағы ғылыми-зерттеу мен оны үйлестіру шаралары қажет.
Соғыстан кейінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, өнеркәсіп кешендері мен олардың сипаты, билік органдарының қызметіндегі қиғаштықтар мен кемшіліктер объективті тұрғыдан қарастырылуы қажет. Себебі, осындай теріс басқару әдістерінің салдарынан 1954-1989 жылдары Қазақстанда орын алған Жетіқара, Риддер, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Жаңаөзен (1989 ж.), Ұзынағаштағы әлеуметтік және этностық жанжалдар мен кикілжіңдер бүкпесіз жазылуы керек. Бұл тарих тағылымы, ұлтаралық қатынастардағы келеңсіздіктердің алдын алу үшін қажет.
Жалпы, кеңестік кезең тарихын пайымдауда оның тарихи тағылымдары тұрғысынан жеке бір тұлғаны, немесе бір оқиғаны әсірелеп көрсетуден аулақ болған жөн. Бұл Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің де баяндамасында нақты айтылған. Кеңестік кезең тарихы Отан тарихының құрамдас бөлігі ретінде бүгінгі және келер ұрпаққа өзінің шынайы тарихымен қызмет етуі қажет.
Ә.ҒАЛИ: – Соңғы жылдары тарих саласында бірқатар дағдарыстық келеңсіздік байқалды. Ең алдымен, жаңа Қайдекең айтқандай, Қазақстан тарихы тарихнамасында бірқатар әттеген-ай баршылық. Қазақстан тарихын кезеңдеу сын көтермейді. Көне заман тарихының айқындалмаған тақырыптары әлі де көп. Мәселен, ғұн, арийлер, тіпті, үйсін және қаңлы тақырыбы, олардың қазақ халқының этногенезіне әсері. Сол тұстағы ғұн, үйсін, қаңлы, аландар төл тарихымыздан әлі кеңірек орын табуы керек. Бұл жағдай Отан тарихын байыта түсері сөзсіз. Әлі де аз қамтылған тақырыптардың бірі – қазақ топырағындағы Хазар қағанатының тарихы.
Мұсылман дінінің Қазақстанда таралу тарихы, жахил заман аталып келген кезең тарихы да кеңірек зерттеуді қажет етеді. Қазақ хандығының пайда болу тарихы да солай. Біз Жошының трагикалық өмірі мен өлімі туралы тарихи баян жасаған жоқпыз. Орыс хан тарихы, қазақ билеуші династиясы тарихы ертеден көтерілген тақырып еді, бірақ аяқсыз қалды. Мәселен, Батыс және Шығыс Еуропа династиялары туралы әулеттер тарихы тәуір ашылған, жүздеген романдар жазылған. Қазақ хандары билеуші династиясының мемлекеттік идеологиясы мен сыртқы және ішкі саясаты туралы тарихнамасы аса қажет. Қазақ хандарының сыртқы саясаты, экономикалық және сауда саясаты. Сол сияқты Қазақ мемлекетінің экономикалық мүдделері туралы тарихи сараптама жоқтың қасы. Қазақ хандығының саяси жүйесінің дамуы, билер мен уәзірлердің рөлі, сөз еркіндігі, хан сайлау дәстүрі, ханды биліктен кетіру дәстүрі, ашылуы кезек күттірген басқа да мәселелер аз емес.
Демографиялық мәселелер тәуір қамтылуда. Бірақ біз сыртқы миграциялар туралы көбірек жазып, ішкі миграцияларды назардан тыс қалдырыппыз. Қазақстанда жаңа тұрғындардың географиясы қалыптасып келеді. Кейбір өлкелерде орыс жұртшылығы қалған жоқ, кейбір өлкелер қайтадан қазақтанып келеді. Ал кейбір аймақтарда қазақтың да, орыстың да саны азайып, үлкен өлкелер бос қалуда. Қазір қазақ – қала тұрғыны. Біз ұлттық қауіпсіздік мәселелерін қарастырғанда Ресей, Қытай, Орталық Азия тарапынан болатын миграциялық экспансия каупін атаймыз, бірақ Үндістан, Пәкстан, Бенгалияның да үлкен демографиялық әлеуетін қаперде ұстағанымыз жөн.
Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы біраз қаузалған, бірақ соның салдары тағы да талдауды қажет етеді. Орыс тілді баспасөз «Қазақстан Ресейдің отары болған жоқ, Ресей қалалар салды, тек миссионерлік, цивилизаторлық миссиясын орындады» деп жазып жүр. Сол сияқты, “қазақ колобрационизм” тарихы. Жәңгір хан, Шаяхметов, Қонаевтың тұлғалығын қалай бағалаймыз? Осы ескі мәселелерге жаңаша жауап беру керек, ал сол жауапқа дерек керек.
Ресей тарихнамашылары Ұлы Отан соғысы тарихын жекешелендіріп алды. Қоңыр фашизм мен Қызыл тоталитаризмнің адамзат алдындағы қылмысы қазір де қатар аталатынын есептен шығармайық. Егер біз «Ұлы Отан соғысы тарихы» деп атай берсек, онда егеменді мемлекетіміздің қадірін түсіріп алмаймыз ба? Сол сияқты, қазақтар Шығыс Түркістанда (1944 жыл), Еуропаның партизан жасақтарында, Иранда (Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары), Жапонияға қарсы операциясына қатысты. Мұстафа Шоқайдың қилы тағдыры оқулықтарға кіруі керек.
Тарихты құлдырату идеологиялық желісіздікке әкеледі. Сол жұмыс біраздан істеліп келеді. Қайта құрудан бері тарих ғылымының дамуына көп ақша жұмсалды. Көптеген құжаттар алыс және жақын шетелдерден әкелінді. Бірақ тарихнама кері тартты. Тарих оқулықтарын қазақша білмейтіндер жаза бастады (Біз, мысалы, С.В.Канның, И.В.Ерофееваның, Н.Е.Масановтың, т.б. кітаптарын атаймыз). Сөйтіп, тарихтың беделін түсіреміз.
Соңғы жиырма жылда тарихтан кандидат, доктор болғандарда қисап жоқ. Ал солардың сапасы қандай? Біраз тарихшылар қазақша білмейді, бірсыпырасы әлі ескі тарихнама стереотиптерінің жаттанды шылауында жүр. Біздің тарихшылар ағылшын тілін білмейді, яғни дүниетанымын шектеп келеді. Сондықтан, ғылыми қатынастар да тежеледі. Қазіргі ғаламтор заманында кітаптар ebook версиясында кеше баспаға берілсе, бүгін жарияланады да, дереу өз оқырманын табады. Қазақ тарихшылары заманның осындай жаңашыл талаптарына сай болса екен деймін.
Ұлттық тарихымызды зерделеудегі бетбұрыс дер кезінде жасалды деп есептеймін. Әйтпесе, тарих пәнінің емтиханында Абылай ханның атының тісін санатып, тарих ғылымын әбден ойыншыққа айналдырып болып едік. Тіпті, Қазақстан тарихын мемлекеттік емтихандардан алып тастау жөнінде де айта бастап еді кейбір білгіштер. Ең ғажабы, осындай дүмшеліктен құтылуға жол ашылды. Ендігі жерде ақиқат тарихты жазу ұлтшылдық деп саналмайды. Демек, осы мүмкіндікті молынан қамтып пайдаланайық, әріптестер, дегім келеді.
Ғ.КЕНЖЕБАЕВ: – Қазақ тарихын оқыту арқылы ұлтымыздың өткен зарлы күндерін, қайғысы мен мұңын білгізіп, қасіретін санасымен түйсіндіріп, бүгінімен салыстыра отырып ертеңіне нық сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу тарихшылардың негізгі міндеті болса керек.
Қазақстан тарихы мәселелерін Президент Н.Ә.Назарбаев та өз назарынан тыс қалдырған емес. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында басты бағыттардың бірі ретінде «Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізіп, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде» іс-шаралар жүргізуді тапсырған болатын. Яғни, тарих ғылымына бұған дейін де сан мәрте көңіл аударылып, оның даму бағыты мен жағдайына деген алаңдаушылық болған еді.
Жаңа Талас Омарбекұлы: «Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің баяндамасынан кейін сең бұзылды», деді. Мен айтар едім: «Осы бұзылған сеңнің ағысы енді қалай жүреді?» – деп. Тарихшылар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Қазақстан тарихының қоғамдағы орнын асқақтатып, жұртшылықтың отандық тарихқа деген ықыласын арттырып, жаңа бағдарламалар тұрғысында жазылған оқулықтар мен ғылыми еңбектерді жарыққа шығарып, осы пәнге деген қызығушылықты арттыра ала ма? Жоқ, әлде, бұрынғы сарында қалып, «ауызды құр шөппен сүрте береміз бе?» Бұлай деуге де негіз жоқ емес, себебі, жиыннан кейінгі баспасөзде шығып жатқан материалдарды оқып отырсаңыз: «Қазақстан тарихында бұған дейін зерттеу жұмыстары жүргізілмеген бе?» – деп қаласыз. Көпшілік тарихшылар «анау зерттелмеді, мынау зерттелмеді» деп проблемаларды тізбектей жөнеледі. Ал, шындығында, бұлай «жылауға» ешқандай негіз жоқ.
Тәуелсіз елімізде кейінгі жылдары кең өріс алған қоғамдық өмірді жаңарту үдерісі тарихи ой-сана, жаңаша ойлау мәдениетінің қалыптасуына қолайлы жағдай жасап, тарихшылар қазақ халқы тарихының шешуші проблемаларын жан-жақты шынайы талдап жатқандығы қөзі қырағы көпшілік кауымға аян. Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін нақтылау, бұрындары ғылыми айналымға енгізілмеген түпнұсқалар мен құжаттарды қолға алу, қазақ халқының бай мәдени мұраларын қайтаруға үлес қосқан тарихшыларымыз да аз емес. Істеліп жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмайды.
Меніңше, мәселені басқаша қою керек. Ең алдымен, бізде зерттелген еңбектерді насихаттау, онымен көпшілікті таныстыру жағы дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан, еліміздің өткені мен қазіргі тарихына терең де байыпты ғылыми талдау жасай отырып, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды түсіндіруде озық әдістер мен тиімді технологияларды қолдану және халқымыздың тарихын жалпы адамзат құндылықтары деңгейіне көтеру мәселесін шешіп алғанымыз дұрыс болар еді. Қалыптасқан жағдайға орай, Қазақстан тарихының әрбір дәуірлерге сай нақты жүйесі жасалып, материалдарды іріктеудің, оларды баяндаудың және оқытудың әртүрлі тәсілдерін үйлестіретін жаңа дидактикалық жүйе қажет. Мұның өзі, түптеп келгенде, Қазақстан тарихын зерделеуде, оқып-үйренуде сандық және сапалық жағынан мәнді өзгерістерге әкеледі деп ойлаймын.
Бұдан соң, екінші мәселеге – білім беру жүйесіндегі Отан тарихын оқыту ісіне жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне көңіл аударуымыз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы тарихтың танымдық-тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп: «Өте ұғынықты жазылған, шыншыл, баланың отаншылдығын оятатын оқулықтарға қоса, Қазақ елінің тарихы туралы әңгімелер кітаптарын да жазу керек. Көршімізде «История России для детей» деген сияқты кітаптар шығаратын жақсы дәстүр бар. Үйрену керек», – деп тарихтың жас жеткіншектер өмірінен алатын орнын дәл көрсетіп өткен болатын. Ал біз осы межеден шыға алдық па? Өкінішке қарай, мұнда да ұялатындай жағдайымыз бар. Кезінде «Аруна» баспасы жас ұрпақтың тарихи танымын арттыруға үлес қосатындай, жеткіншектерге арналған, өте жақсы безендірілген Қазақ мемлекеттігі, хандар мен батырларға арналған кітаптар сериясын шығаруды тым жақсы қолға алып еді, соңғы кездері бұдан да көз жазып қалдық.
Үшіншіден, оқыту үрдісіндегі тарих пәнінің оқулық мәселесін қолға алып, дұрыстау керек. Шындық сол, бүгінде мектепте де, жоғары оқу орындарында да тарихты оқыту ескі әдіспен жүріп жатыр. Жаңа көзқарас, жаңа талаптарға сай оқулықтар дайындап алмай әрі қолжетімді ақпараттық технологиялар мүмкіндігін дұрыс, тиімді игеріп алмай-ақ біздің барлық ойымыз Қазақстан тарихының сағат көлемін көбейту және Мемлекеттік сынақтан айырылып қалмауға келіп тіреліп жатады. Бұдан басқа Қазақстан тарихында проблема жоқ сияқты, осыған қол жеткізсек, басқа проблемалардың барлығы өзінен-өзі шешілетіндей көреміз. Қазақстан тарихының сағат көлеміне келетін болсақ, мұның барлығы Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының 2013 жылғы 5 маусымдағы хаттамасында қарастырылған. Яғни, 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тарих емес, соның ішінде техникалық мамандықтарда Қазақстан тарихының сағат жүктемесін көбейту мәселесіне нақты көңіл аударылған. Осы хаттамаға сәйкес 2014-2015 оқу жылынан бастап тарихшы мамандар дайындауға мемлекеттік білім тапсырыстарының көбейетіндігі де қуантады. Ал біз алдымен сапалы оқулықтар дайындамай, электронды оқыту жүйесін жолға қойып алмай, базалық оқулықтарға қосымша нақты материалдармен негізделген хрестоматиялар шығармай жатып-ақ «арбаның алдына түсіп алып», Қазақстан тарихының сағат көлемін көбейтіп, мемлекеттік сынақтар алу арқылы өскелең ұрпақтың бойында елі мен жеріне, тілі мен дініне, салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарға деген құрмет пен ұлтжандылық сезімін оята аламыз ба? Осыны ойлайық.
Сөзімнің соңында жалпы еліміздің тарихшылар қауымының бүгінгі білім бәсекесіндегі алар асуларының биік болатындығына күмән келтіргім келмейді. Олардың ел игілігіне еңбек етіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен дәстүрлерді, өркениетті әлем дамуының озық сипаттарын сіңірудегі жалғасып келе жатқан даңқты дағдыларынан танбайтындығына кәміл сенімдімін.
С.СМАҒҰЛОВА: – Бүгінгі дөңгелек үстелде көтеріліп жатқан мәселелер тарихшыларға жүктелген маңызды міндеттерді жүзеге асыруды және ұлттық тарихтың деңгейін көтеруді мақсат етіп отырғаны өте орынды. Ханкелді Махмұтұлы өз сөзінде үш негізгі мақсатты атап өтті. Ол тарихты насихаттау, тарихты зерттеу және тарихты оқыту. Біз өз тарихымызды жете насихаттап жүрміз бе? Бұл мәселеге аса көңіл бөлу қажет сияқты. Тарихшылардың жазғаны тарихты оқитындарға, қызығатындарға жетпей жатады. Әсіресе, ауылдық жерлердегі оқырмандарға тарихшы ғалымдардың мақалаларын алып оқуға мүмкіндіктер жоқ. Оның басты себебі, БАҚ-тың тарихи мазмұндағы мақалаларды жарияламауы. БАҚ өкілдері айтулы мереке немесе бір тұлғаның туған күніне байланысты, оның өзінде көбіне-көп кәсіби тарихшылар емес, әуесқой зерттеушілердің жазғандарын жариялаумен шектелетін жәйттерді жиі кездестіреміз. Тарихи мақалаларды жариялауға ақылы негізде дейтінін де атап өту керек.
Ұлттық тарихты зерделеу мәселесі мемлекет тарапынан қолға алынғаннан бері ғана мерзімді баспасөз тарихқа бет бұра бастады. Арнайы тарихи газет шығару да қажет пе деген ой туындайды. Сондай-ақ, тарихи құндылықтарымызды телеарна аясында кеңірек насихаттау керек. Ол үшін арнайы телеарна ашудың маңызы зор. Телеарналарға ғалымдарымыз жиі сұхбат береді, деректі фильмдерге түседі. Өкінішке қарай, сол ғалымдарымыздың тарихи оқиғаларға қатысты айтқан жақсы ой-тұжырымдарын соны түсірген журналистер «жиендікпен» пайдаланып кетіп, майын тамызып тұрып өздері қайталап айтқанда таңғаласың. Тарихшыға – қиянат, плагиаттың бір түрі осы болар.
Тағы бір айтарым, деректі тарихи фильмдерге байланысты. Телеарналардан көрсетіліп жатқан деректі фильмдердің сюжеттері де, бағыты да бір. Мәселен, бір зиялыға байланысты түсірілген фильмді алайық. Фильмде мұрағаттан алынған бір-екі хроникалық үзінділер немесе фотоға түсірілген деректі материалдар беріліп, сол зиялы туралы екі-үш тарихшыны, кейде әуесқойларды (сол тақырыпты білсін-білмесін) сөйлетеді. Әсерлі болу үшін мұңды әуенмен көмкереді. Мұндай жолмен тұлғаның тарихы ашылды деп айтуға болмайды. Фильмге мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Оның сценарийін тарихтан мүлдем хабары жоқ, ғаламтор материалдарына сүйенген қоюшы-режиссер жасайды. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Қандай да деректі не тарихи мазмұндағы көркем фильмдер түсірілсе де қоюшы-режиссер сол тақырыпты жақсы білетін маман тарихшыны кеңесшілікке алуы керек. Асығыстықпен жасалған іс шала шығады.
Енді тарихи зерттеу мәселесіне келсек, қазірде БАҚ-тарда Қазақстан тарихын қайтадан жазу керек деп жарыса айтып, жазып жатыр. Жаңа тарихты жаз дегенде бұл жерде бұрынғыларды жоққа шығаруға болмайды. Мемлекеттік хатшы сол бұрындары жазылған тарихты екшеп, жаңа табылған құжаттар негізінде, жаңаша көзқараста жазуды нұсқап отыр. Яғни, кемшін тұстарымызды толықтыру мәселесін көтеріп отыр. Тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын қаншама құжаттық материалдар жақын және алыс шетелдердегі мұрағат және кітапхана қорларында сақтаулы. Осы тарихи материалдардың барлығын жинай отырып, елімізге әкелу маңызды. Қазірде бұл мәселе мемлекет тарапынан қолға алынып, ғалымдарымыз шетелдерге жіберіліп, сол жақта жұмыс жүргізіп жатыр. Енді осы әкелген құжаттар мен материалдардың мұрағат сөресінде жинақталып жатып қалмауын қадағалау керек сияқты. Әкелген материалдар тарихшыларға қолжетімді болу үшін оларды жариялау аса маңызды деп санаймын. Бұл рухани құндылықтарымызды елімізге әкелуге, екіншіден, тарихтағы көптеген проблемалық мәселелерге жаңа көзқараспен қарауға, жаңа тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Ал тарихты оқыту мәселесіне келсек, қазірде тарихты жазуға тарихшы мамандармен бірге әуесқойлардың араласуы үлкен қиыншылықтар туғызуда. Қаншама халықты шатастыруға әкелетін кітаптар шығып жатыр. Осы кітаптарды жоғары оқу орындарында студенттер қолданып жүр. Тарихты нағыз маманданған кәсіби тарихшы жазу керек. Ол үшін тарихшы мамандарды даярлауды жақсарта түскен жөн.
Х.ӘБЖАНОВ: – 5 маусым Қазақстан тарихшылары үшін ақ түйенің қарны жарылған күнге айналды десек, артық айтқандық емес. Мемлекеттік хатшы М.Тәжин бас болып, Білім және ғылым министрлігінің басшылығы қолдау көрсетіп, салиқалы жағдайда өткен алқалы жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ойлар саналуан. Солардың ішінде айрықша айдарланғаны – тарихи зерттеулер методологиясын жаңа сапалы биікке көтеру.
Жаңа кіріспе сөзімде де айттым, методология ежелден өзекті мән-мағынаға ие. Бұл түсінікті де. Ғалымның қарымы, ақиқатқа қол жеткізуі бірінші кезекте оның методологиялық ұстанымымен анықталады. Табиғаттың, қоғамның, адамдар қауымдастығы мен сананың болмыс-бітімін, өзгерістерін және беймәлім құпияларын ашу үшін әрқашан қатпары қалың деректер мен қисапсыз ақпарат қажет бола бермеуі мүмкін. Есесіне олардың шығу тегін, өзара байланысын, ықпалдастығын, ілгерілеу мен іркілісті бейнелеуін жазбай тану зерттеушіден биік кәсіби даярлыққа қоса, миқазанында қайнату үстіндегі құбылыстың әрбір «клеткасына» сергектікпен, тіпті күдікпен қарауды талап етеді. Бұл – озық методология арқылы қол жететін нәтиже. Методология – ғылыми ақиқатқа жол бастайтын, ізденісті тиімді ұйымдастыратын, зерттеу нысаны мен пәніне тән заңдылықтарды, қисынды, қайшылықтарды сан-салалы диалектикалық байланыс пен өзгеріс динамикасында дәйектейтін ақыл-ой әрекетінің әдіс-тәсіл жиынтығы. Маркстік-лениндік ілім тарихты халық жасайды деп үйретті. Негізінен, дұрыс қағида. Бірақ толық емес. Тарихты, біздің ойымызша, халық, тұлғалар және геосаяси факторлар түзеді. Осынау үштағанның шешуші рөлі Қазақстан тарихының ұзына бойынан, әсіресе, тәуелсіздік тұсындағы тарихымыздан тайға таңба басқандай көзге түседі.
Біз тарихқа материалистік, идеалистік, формациялық, өркениеттік, т.б. с.с. көзқарастарды жоққа шығармаймыз. Дегенмен, өткеннің барысын, тағылымы мен тәлімін тұлға, халық, геосаяси фактор аясында, солардың ықпалдастығына орайластыра зерттесек, Отан тарихының жаңа мазмұны мен келбетін дұрыс әрі тартымды қалыптастырамыз деген ойдамыз. Біздің халықтың болмысы ізгілікке толы, қашанда ертеңнен күткені жақсылық. Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған қазақ бодандықта да, тоталитарлық қыспақта да нағыз тұлғаны құрмет тұтты, төбесіне көтерді. Байлықтың негізі жер деп білгендіктен, Қаздауысты Қазыбек би айтқандай, найзаға үкі тақты, досты сақтай білді, табысқанды, танысқанды ұлықтады. Қазір де осы құндылықтар президенттік ішкі және сыртқы саясаттың іргесін қалап тұр.
Түйіп айтар болсақ, ұлттық тарихтың ақиқатын ашуға кілт ұстататын методологияның өзі де ұлттың құндылықтарынан және ұстанымдарынан туындағаны абзал. Осыған орай менің нақты айтатын ұсыныстарым мынадай:
– алдағы 2-3 жыл ішінде зерттелуге тиісті аса өзекті жобаларды анықтау;
– нақты жобаны зерттеу аяқталысымен нәтижені жариялау әрі оның кәсіби ортадағы бағалануын тиянақтау;
– аса өзекті жобаны, мәселен, тарихты зерттеу методологиясы туралы жобаны, эксперимент ретінде, 2-3 шығармашылық топқа тапсыру;
– тарих бойынша жобаны атқарушылар ішінде 5-10 пайызы басқа ғылым саласынан болуын қолдау;
– Отан тарихынан басымдыққа ие бағыттарды, жобаларды, тұжырымдарды түзу.
Алда қыруар іс күтіп тұр. Осыған қатысты барша ғалымдар қауымын Ұлттық тарихымызды ақтаңдақтардан арылтып, бұрмалаулардан басын аршып, тұтас та ақиқат шежіре жасау жолында қажыр-қайрат пен ілкімді ізденіс танытуға шақырамын.
Дөңгелек үстел
материалдарын әзірлеген
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген
Берсінбек СӘРСЕНОВ.