Ғасырдың таңдаулы 4 әңгімесі:
Ғимараттан құлаған бозбала
Карден Айваченко (Кеңес Одағы)
Қабырғаны қайыстыратын бұл әңгіме былай басталды.
Биік ғимараттың алтыншы қабатындағы үш адам қатты ұрсысып жатты. Әйел әдемі қолдарымен төсек жапқышты шеңгелдей, құты қаша өзін ақтап отыр: «Жаным, Джон! Ештеңені де қате істемегеніме ант ішемін! Ол мені аздырды, мені зорлады, мен қарсылық көрсеттім...»
Араларындағы ұзын пальто киген еркек қолдарын ербеңдетіп үшінші біреуді шыжғырып жатты: «Арсыз! Қазір-ақ көкеңді көзіңе көрсетемін, сен мына әлжуаз әйел үшін көретінді көретін боласың!»
Бөлмедегі үшінші адам – өрімдей бозбала. Дәл осы сәтте оның киім-кешегі алқам-салқам болып тұрса да, өршелене түсіп: «Мен бе? Не болды, мен ештеңе де істегем жоқ, мен...» деп қарсыласады, сырлы жанарына мұң толып үй ішіне тінте қарады.
Ұзын пальто киген еркек көшеге қараған терезені ашты да, киімінің ұйқы-тұйқысы шыққан бозбаланы қолтығына қыса көтеріп апарып, терезеден тастап жіберді.
Бозбала өзін кеңістікте ұшып бара жатқандай сезінді. Ол шалбарын түймелеп, іштей: «Оқасы жоқ! Сәтсіздік тек қана адамды жігерлендіреді!» деп өзін жұбатты.
Алтыншы қабаттан құлап бара жатқан ол қыстыға ауыр күрсінді. «Тәңірім-ау! – бозбала ойға шомды, – мен оны сүйген едім ғой! Ал, оның күйеуіне ашық айтуға да батылы жеткен жоқ! Қазір мен оны өзімнен тым жырақта, маған түк қатысы жоқ адам сияқты сезініп тұрмын».
Үмітсіздене осыны ойлаған сәтте, ол бесінші қабатқа жеткен еді. Терезеден ұшып өтіп бара жатып, үй ішіне үңілді.
Бір оқушы үстел шетіне шынтақтай кітап оқып отыр екен.
Ол өзінің бұрын ойын – тамашаға беріліп, оқымай қойғанын ойлады. Дәл қазір ол білімге ынтыға қалды. «Ей, сүйікті оқушы!» деп айғайламақ болды ол балаға, -сен менің көңіл түкпірімде көміліп қалған арманымды ояттың. Мені қияли өмірге деген мағынасыз ынтызарлықтан арылттың. Дәл қазір сол ынтызарлық жаңағы алтыншы қабаттағы өкінішті нәтижеге мұрындық болған еді-ау!
Алайда, бозбала өзін тежеп алды, айғайлаған жоқ. Керісінше, ол төртінші қабатқа қарай қалықтай берді. Төртінші қабаттағы терезе алдында үріп ауызға салғандай әдемі бойжеткен отыр. Ұзаққа тігілген көгілдір көздерінен әлдеқандай мұң көрінеді.
Бозбала бойжеткеннен көз айырмай қарап қалды. Дәл осы сәтте ғана, ілгеріде өзінің әйелдермен әуейеленуі тек алдамшы сезім ғана екенін шындап сезінді, әрі, осы сәтте ғана қастерлі де сырлы махаббатты шанайы түйсінгендей болды.
Ол осындай қарапайым жанұя тұрмысын, осындай тіл жеткісіз сүю құдіретін, осынау көңілді, тату-тәтті өмір кешу тәсілін ұната бастады.
Осыдан кейінгі көріністер оның бұл ойын бекемдей түсті.
Үшінші қабаттың терезесінен ол бір ананың тәтті жымиыспен баяу ғана бесік жырын айтып, балпанақтай бөпешін тербетіп отырғанын көрді. Әйелдің көзінен анаға тән мақтанышты сезім ұшқындап тұрды.
«Мен де төртінші қабатта көрген бойжеткен сияқты қызбен үйленіп, үшінші қабатта көрген сүйкімді бөпетайдай ұл тудырсам, - деп ойлады бозбала, - жанұямдағылар үшін барымды арнасам, олар үшін берген қиындығымды бақытым деп білер едім».
Бозбала ұшып отырып екінші қабаттың терезесіне жетті. Бұл арадағы көрініс бозбаланың жүрегін өткір қанжармен тіліп-тіліп жібергендей-ақ ашытты.
Кереметтей безендірілген бөлмедегі қымбат бағалы жазу үстелінің шетінде шаштары ұйпа-тұйпа бір еркек отыр, оның қыбырсыз қос жанары үстелдегі суретке қадалып қалыпты. Оң қолымен әлденелерді жазып отыр, сол қолындағы тапаншасын самайына кезей берді.
«Тарт қолыңды, есуас! Өмір қандай тамаша екенін білмейсің бе?!» бозбала айғай салып, оны райынан қайтармақ болды, бірақ, әлдеқандай бір қуатты күш оның үнін шығармай қойды.
Бөлменің іші бейне хан сарайындай сәулетті еді. Бозбала осындай байлық, жан рахатынан өмірдегі әлдебір нәрсенің, барлық жарасымдылық пен қанағаттың күлін көкке ұшыратынын ойлады. «Бұл, сірә, не нәрсе?» бозбала ойлаған сайын жүрегіндегі жүктің салмағы ауырлап бара жатқандай сезінді. Осы кезде, ол бірінші қабаттың терезесіне жеткен еді. Тағдыр оны тәлкек етіп, әжуалы жауап қайтарған сияқты. Ол бірінші қабаттың терезесінен өз сұрағының жауабын көрді.
Терезенің алдында бір жас жігіт отыр, жартылай жалаңаш денесін терезе пердесі жасыра алмапты, жігіттің тізесінде кеудесінде лыпасы жоқ әйел отыр. Бұл әйелді ілгеріде көргені бозбаланың есіне түсті, ол кезде, салауатты киінген бұл әйел күйеуімен бірге серуендеп жүрген. Ал, мынау басқа еркек.
Осы сәтте, бозбала өзінің әлгіндегі оқушы сияқты құлшына білім үйреніп, төртінші қабаттағыдай әдемі қызбен үйленіп, үшінші қабатта көргендей бақытты отбасы құру жоспарын есіне алды. Жүрегі тағы бір рет қан жылады.
Бозбала бағанадан көз алдынан сағымдай жалт етіп өткен барлық болмыстың тәтті түстей бақыттың мәнсіз елесі екенін сезінді. Ақырында ол тәтті қиялынан бүкілдей арылды.
«Қанша айтқанмен, мен бұл өмірдің мән-мағынасыз екенін өз көзіммен көрдім ғой! Тірі жүру ақымақтық, әрі, азап» бозбала осыны ойлағанда, жүзінен мысқыл күлкі білінді. Ең ақырында, ол адамдар қайшыласып жатқан жолда өзінің ұшу сапарын тәмәмдауға бекіді.
Үймелеген жұртшылық бозбаланың қыбырсыз жатқан денесін қаумалап тұрған сәтте, оның бірер минуттың алдында, шырма-шату, күрделі ойынды бастан кешіргенін ешкім де сезген жоқ.
Аударған: Шолпан Қазез
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Қабірстандағы ғажайып кездесу #2
Мофашат (Франция)
Мен оған өлердей ғашық болдым. Онымен танысқаннан кейін, оның жібектей мінезі, оттай ыстық махаббаты жүрегімді мүлдемге жаулап алды. Есіл-дертім соған ауып, көрмесем тұра алмайтын күйге түстім. Уақыт мен жөнінен мәнін жойды, жүрегімді кернеген махаббат мені тіленшіге айналдырды, атқан таң, батқан күнімен санаспайтын, қыс пен жаздың алмасуын парықтамайтын болдым.
Бірақ, көп өтпей, ол бақиға аттанып кетті. Аһ, сол мұңлы күндердің буалдыр елесі де өшкіндеді. Есімде қалғаны тек қана нөсерлі дауыл тұрған бір кеште, оның үсті-басы малмандай су болып үйге оралғаны, төсекте жатып қатты жөтелгені, оның үстіне, қызуы өрлеп басылмай қойғаны, сонан кейін шипагер шақырғаным, укол салдырғаным, дәрі ішкізгенім... Менің миым айналып кетті, ештеңені де есіме ала алмайтын болдым, мұның бәрі өтіп кетті, мәңгілікке өтіп кетті.
Жұрт оның мүрдесін ағаш табытқа салды. Табыттың қақпағын шегелегендегі тақылдаған үн миымда тынбай қайталанып өшер емес. Мен оның қара жер қойнында мәңгілік ұйқыға кеткеніне мүлде сенбедім. Жерлеу рәсімінен кейін, екеуміздің бірге тұрған үйіміз, екеуміздің ортақ достарымыз бәрі-бәрі көзіме оттай басылып, еріксізден жүрегім қан жылады, содан ақыры Парижден басқа жерге кетпекші болдым.
Мен көз жасымды көлдете жатын бөлмеден сүйретіле шығып, кіре беріс ұзын залға орнатылған айнаның алдына келгенде еріксізден тоқтадым. Бұл айнаны әдейі ол үшін сатып алып, осы араға орнатқан болатынмын. Ол қаншама рет осы айнаның алдында тұрып жасанып-таранған еді десеңші. Ал, мен оның ту сыртында тұрып, оның айнадағы сұлу сымбатына көзім тоймай қараушы едім. Бұл айнадағы оның сол бір елесі әлі де тұрған жоқ па екен? Мен еріксіз қолымды создым, бірақ, алақаныма тиген мұздай суық ағыс жан-дүниемді мұздатып жібергендей, көз жасым моншақтап кетті. Сүйген жардан айрылудың удай ащы қасіреті бүкіл жүрегімнің парша-паршасын шығарды.
Мен есінен айрылған пендедей көшені кезіп кете бердім, ойда жоқта жын айдағандай қабірстанға келіп қалғанымды бірақ білдім. Мен оның тап-тақыр төмпешікке айналған қабірін, қабірдің алдына тұрғызылған тас ескерткішті «Ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгі ұйқыға кетті» деген жазуды көрдім.
Ол дәл осы жерге, табанымның астына көмілген. Бұған мүлде сенгім келмейді, мен екі алақаныммен жүзімді басып егіле жыладым. Оның сезімді қытықтайтын ақ сазандай жұмыр, толық денесі, жүрегімді жаулап алған айдай әсем жүзі, бәрі-бәрі де ағаш табытпен бірге шіріді. Ойлап осы араға келгенде, қасіреттен қабырғам қайысып кетті, көз жасым көл болып, тұтас денемде жан қалмағандай қабірдің алдына сылқ етіп отыра кеттім. Тосаттан, үрейлі де қатаң бір ой мені билеп алды, мен қабірдің қасына түнемекші болдым. Төрт төңірегімді айнала шолып, ешкім көрінбеген соң, дереу жасырынып алдым. Өстісем кеште қабірстанның қақпасын жабарда мені ешкім де байқамай қалады, күзетші де қуып шықпайды. Қас қарайып, қақпа жабылды. Мінеки, ат шаптырым қабірстанда тек мен ғана қалдым, мен ғана тірімін.
Қап-қараңғы түн шымылдығы төңіректі жапқанда, мен де жасырынған жерімнен шықтым. Мен әлі құрыған аяқтарымды әзерге сүйретіп, осынау өлілер мекенінде үн-түнсіз ілбіп келемін. Мен оның қабіріне қарай жүрдім, бірақ, қою қара түн торлаған бұл жерде, ештеңені де анық көре алмадым.
Мен ештеңені де елең құрлы көрмей, ескерткіштерді сипалай алға ілгерледім, сонда да, оның қабірін таба алмай келемін. Денені тоңазытар суық желемікті қараңғы түнде, мен, бейне, соқыр адам сияқты жан-жағымды бей-берекет сипалап еңбектеп жүрмін, қолыма бірде тас ескерткіш, темір немесе қоршаудың шегесі ілінсе, бірде шалғын шөп немесе әлдеқашан қураған гүлдер ілінеді!
Айналам толы қабір, қалай қарасам да қарауытқан қабір көрінеді. Өзімнің жападан-жалғыз қабірлер арасындағы тар жолда еңбектеп келе жатқанымды ойлағанда, көңілімді үрей билеп, тітіреп кеттім. Жан-жағыма жалтақтап, қолыма ілінген ескерткіштегі жазуларды сипалап, саусағыммен онда не жазылғанын парықтауға құлшынып келемін, қара бояу жаққандай қою қараңғы көзімді көлегейлеп, ештеңені де көре алмаймын. Тұңғиық түнде қабірстанды тек қана қараңғылық тұмшалап тұр. Мен отыра қалып аз-кем дем алдым. «Осында несіне қалдым? – деп ойладым мен, - тірі пенденің өлілер арасында несі бар еді?»
Төңіректі өлі тыныштық жайлаған, тек өз жүрегімнің дүрс-дүрс соққаны ғана анық естіліп тұр. Кенет, қатты дауыс естілді, бұл не екен, ә? Құйрық басып отырған тасым қозғалғандай болды, ол шынымен де қозғалды, әуелі көтеріліп келеді. Аза бойым қаза болып, отырған орнымнан ұшып тұрдым. Осы кезде, көтерілген тас тақтайшаның астындағы жанақымнан етінен арылған қу сүйек адам түрегелді. Іле-шала, тақ қасымнан сұсты да сүйкімсіз дауыс естілді. Жаңағы қу сүйек әруақ осы сүйкімсіз дауыспен тас ескерткішке жазылған: «Мұнда жатқан адамның аты Оливер Джакус, биыл елу бір жаста. Ол жанұясын сүйетін, бауырмал, салауатты жан еді. Ол өскелең, абыройлы өмір кешті» деген сөздерді оқып тұр. Кенет ол қатты шыңғырып жіберді де, жерден тастық жарқашын ала салып, жаңағы жазуларды өшіріп тастады. Содан соң, біздиген сүйектері ғана қалған сұқ саусағымен жарқырап, нұр шашқан бір жол жазу жазды: «Мұнда жатқан адам Оливер, биыл елу бір жаста. Ол опа қылмағандықтан әкесі қасіретпен көз жұмды, ол дөрекі, қара ниет болатын, әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін; Оның үстіне, қолынан келген жамандықтың бәрін істеп, көрші-қолаңын қақсататын, өзгелерді өсімқорлықпен қанайтын. Ақыры азаппен көз жұмды». Қу сүйек әруақ осыларды жазып болып, жазғанына масаттана қарап тұр, бейне бір игілікті шаруаны тындырған сыңайлы. Осы кезде, тас тақтайшалардың сатыр-күтір көтерілген үні мен сүйектердің шақ-шұқ соқтығысқан үні ішінде қабірлер іркес-тіркес ашылды, қурап қалған ақсөңке сүйектер бірінен кейін бірі түрегеліп, өздерінің тірі кезіндегі ойлағандарын қаз-қалпында ескерткішке жазып жатыр. Әсілінде, бұлардың көбі тірі кезінде іші толған әзәзілдік, қаныпезер, іскерлерге іші күйетін сұмырайлар екен. Олардың жазғандарынан мен айтылмыш қамқор әке, опалы әйел, қайырымды ұрпақ, пәк бойжеткен дегендердің, шындығында, түгелдей бұзақы, ұры, алдамшы, суайт жандар екенін білдім! Шындығында осылай екен-ау!
Ойпырмай-ау, жер әлемінде не кереметтің бәрі бар екен ғой! Көз алдымдағы ғажайып көріністерден үрейім ұшып, дірілдеп, тыныс ала алмай қалдым. Ендеше, ол да жазып жатқан болар. Менің күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей аңсаған аяулы ғашығым не жазып жатыр екен деші? Қалай болмасын, барып өз көзіммен көруім керек. Ойлап осы араға келгенде, әлгіндегі қорқыныш зым-зия болды. Мен адымдай басып, ашылып жатқан қабірлер мен жын-шайтандай елбеңдеген қу сүйек әруақтар арасынан кесіп өтіп, оның қабіріне жеттім. Сол бір жанымды жаулап, көзімді арбаған сұлу бейне көз алдымнан тағы бір рет жарқ етіп сөнді. Мен еппен басып оның қасына барып, үн шығармай қарап тұрмын. Ол бар ықыласымен ескерткіштегі «Ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгі ұйқыда жатыр» деген сөздерді өшіріп жатыр, содан соң, ол сұқ саусағымен: «Бір күні, ол сүйген жарын алдап, жаңбырға қарамай сыртқа шығып, біреумен зина жасады, содан ауыр науқасқа кіріптар болып, сауыға алмай өлді» деп жазды.
Таң сөгіле, адамдар мені қабірстаннан тауып алды, мен сол арада жығылыппын, жансыз денем мұздап қалыпты.
Аударған: Шолпан Қазез
Чемпион да қаралық істейді #3
В.Ковакс (Руминия)
Бір телефон шалып, бірнеше жұдырық жұмсаса болғаны, қалтасы ақшаға сықап шыға келер еді. Осындай да қарапайым әрі сенімді амалды ертерек неге ойламағанына Сам қайран қалды.
- Алло, бұл Дот мырза ма? Мен Саммын.
Дот пен Сам жиырма жылдың алдында бокс майданында алаулаған жұлдыздар еді. Отыз жасқа шыққанда, Дот үздіксіз екі жыл чемпион болды. Самның есесін қайтаруға орай да болған жоқ. Осылайша олардың боксерлік ғұмырлары аяқталды.
- Не шаруа, Сам? Сен сен маған тегіннен-тегін телефон шалмаушы едің ғой.
- Біз ертең кешке «Шыны салдауыр» шарапханасында бас қоссақ қайтеді?
- Жарайды.
Бокс саласынан шегінгенде, Самның қолында үш миллион АҚШ доллары бар еді, қазір қалтасында соқыр жармақ та қалмады. Ертесі кеште екеуі кезіккенде, ол Дотқа:
- Меніңше, сенің күн көрісің менен асып тұрмаған шығар. Біз сияқты кейіпкерлер басқалардың көңіл көтеруіне бола туғанбыз. Ал, көңіл сергіту біздің маңдайымызға жазылмаған, - деді.
- Мен қазір саудамен айналысамын. Автотұрақты да басқарып отырмын. Айтар шаруаң болса тезірек айт, мен өте қарбаласпын.
- Сенімен бір майдан сайысқа түссем деймін, бәске жиырма мың доллар тігемін.
Егер Сам әлі де баяғыдай жеңімпаздықты ұнатады десек, Дот та өзгермеген, ол да баяғыдай шөгел де айлакер еді.
- Жиырма мың тым аз екен, мұншалық тиын-тебен мен үшін масқаралық қой.
- Бізде ешқандай дос-жаран қалмағанын, қасымызда тек ғана қарыз иелері қалғанын сен неге мойындамайсың? Әсілі бұл сайыста жеңіліп, ақшаңды ұттырудан қорқып отырған шығарсың? Сайысқа түсуден жүрексініп тұрсың ба?
- Жүрексініп тұрғаным жоқ, мені жеңе алмайсың. Біздің тағы бір майдан сайысуымыздың не мәнісі бар? Елге күлкі боламыз.
- Жас кезімізде, біз атақ-абырой үшін сайысқанбыз, қазір біз өмір сүру үшін сайысамыз. Екеуміз де жер ортадан аудық, көп өтпей, жоқшылық пен науқас бізді тығырыққа тірейтіні хақ... Екеуміздің арамыздағы бірімізді қиыншылықтан құтқарудың бір ғана жолы бар.
- Ол қандай жол?
- Біз бір спорт сарайын немесе қамбаны табамыз да, есікті бекітіп алып, екеуіміз ғана өліспей-беріспейтін сайысқа түсеміз. Осылай істегенде, біз сайыс майданын жалдау қаражатынан басқа шығындарды үнемдеп қаламыз, ақшаны үстелге қойып қоямыз да, кім жеңсе, сол адам ақшаны алып кетеді.
- Тәуір-ақ ойлағансың. Бірақ, бұл ақшаны қарызға алуымыз керек. Жеңілгеніміз қайтеміз?
- Елу мың АҚШ доллары болсын.
- Болса болсын!
Үш күннен кейін, Сам мен Дот қаланың шетіндегі иесіз қалған көне ғимараттың қасында жолықты. Олар өздерінің кәсіпқой спортшы салауатын сақтау үшін, келісім бойынша бір сағат пен бір даңғара ала келді.
Біреуі даңғараны соққанда, біреуі сағат басты. Содан кейін, екеуі бір уақытта үлкен алаңның дәл ортасына келді.
- Қағидаға қайшы болатын жерлерге ұруға болмайды!
- Өнері асқан біріміз жеңеміз!
Сөз аяқтамастан, Сам Дотты иектен көтере періп жіберді, ол жерге ұшып түсті. Бірақ, Дот осы бір жұдырықтың қуатынан құламаған немесе қорғана алмай қалмаған, қайта Сам қаралық істеген еді. Сам былғары қолғаптың ішіне құм толтырып алған болатын, мұнымен өгізді де ұрып жығуға болар еді.
Сам жан-жақты жоспар жасағандықтан, ойлағанына жетті. Ол былғары қолғабын шешті де, тоқыма қолғап киді. Одан сөмкесінің ішінен жіп алып шығып, бір ұшын асылған ілгек темірге іліп, мойыншақ жасады. Содан кейін бір орындықты әкеліп қойып, әзер дегенде Дотты көтеріп орындыққа шығарды да, мойыншақты мойынына ілді. Ақырында Дотты асылып өлген қияпатқа келтірді. Доттың денесінде ешқандай да жарақат жоқ, соққының да ізі жоқ. Ешкім де у ішкізбеген. Сондықтан, оның өзін-өзі өлтіргенінен ешкім де күмәнданбайтын-ды.
Кетерде, Сам Доттың алдына келіп қинала тіл қатты.
- Мені кешіргейсің, Дот, мен қаралық істедім, әрі, саған қол қайтаратын орай бермедім, бірақ, мен бұл сайыста, сөз жоқ, жеңіуім керек. Оның үстіне, қалай дегенмен де даңқ әлі де саған тән. Енді сенің суретіңді газет-журналдың барлығы басады, адамдар сендей бір ұлы чемпионды сағына еске алады, әсіресе, сенің мені жеңген жарыстардағы тамаша бейнеңді еске алатын болады... Кешір Дот, мен қаралық істедім, саған қарымжы ретінде айтарым, менің өкінетінім сен менің өзіңді құшағыма алғандағы көріністі көре алмай кеттің. Екеуміз өмір бойы былғары қолғап түйістіріп келдік. Бірақ, бүгін тағдыр біздің арамыздағы біріміздің ең ақырында жеңілуіміз керектігін білгілеген шақта, сен менің өмірімде жалғыз рет сені құшақтағанымды көре алмадың... Бақұл бол, Дот!
Самның көне ғимараттан шығып, көшенің айланбасынан шыға келгені сол еді, бір автокөлік алдынан кес-кестей тоқтап, ішінен бірнеше сақшы түсті.
- Қолыңдағы қалтаны таста, қозғалма Сам, сен қолға алындың!
- Не үшін?
- Біз бәрін біліп болдық! Сен Дотқа сайыс жарияладың, әрі, оны өлтіріп, ақшасын тартып алдың, сен қаралық істедің, чемпион... Бірақ, сен білмедің, Дот та қаралық істеді.
- Сендер киімдеріңді ауыстырып сайысқа дайындалған кездеріңде, Дот саған байқатпай ол араға бір кескін аппаратын орнатып қойды, телевизия бұл сайысты тікелей эфирден таратып, құқығын Доттан бір миллион АҚШ долларына сатып алуға келіскен. Осылайша, бүкіл арна көрермендері жарыс емес, қылмыс барысын телеэкраннан көріп отырды! Түсіндің бе? Ол жаңылып қалса да, табатын пайдасы сенікінен әлдеқайда көп болатын еді.
Шеше #4
Б.Кравченко(Ресей)
Кешқұрым тарта жолым түсіп досымның үйіне бардым. Екеуміз әңгіменің қызығында отырғанда, есік ашылып кетті де, оның кіші ұлы есіктен жылай кіріп: «Шеше, шеше...» деп айғайлай бастады.
«Шешең үйде жоқ, жұмысқа кетті. Саған не болды? Жығылып қалдың ба? Өзің сүрініп кеткен боларсың? Жігіт адам бұған жылай ма екен? – деп сөйлей жүріп, баласын уатқан болды, - бар, енді ойнай ғой!» деді.
Баласы шығып кеткен соң, досым қатты кейіген бейнеде: «Қашан көрсең шеше, шеше деп жүргені! Сен білесің бе, мен кейде, шынымен-ақ қорынып қаламын, ол мені шешесін жақсы көрген сияқты жақсы көрмейтіндей сезінеді, тіпті, осы әке болған біздер, баланың ойында тек оларды ұрып-соғуға ғана жаралғандай көрінеміз ғой деймін. Шындығында, мен оған ойыншық сатып әперемін, еркелетемін ғой. Ал, ол тағы да мені шешесі ғұрлы көрмейді. Өзің айтшы, бұл не үшін?»
Мен иығымды қиқаң еткіздім де: «Егер үйде шешесі жоқ болса, ұлың сөз жоқ әкелеп жүгірер еді» дедім мен.
«Солай, - деді досым мені қостай сөйлеп, - өзім жасымнан шеше көрмей өстім. Сондықтан, менің есімде тек әке деген атау бар».
Мен досыммен қоштасып, кетуге жиналып жатқанда, әйелі жұмыстан қайтып келді. Кіші шешесіне барып сап ете қалып, жіберер емес. Ол шешесіне жаңағы болған істерді, өзінің қалайдан-қалай жығылып қалғанын, қалай ауырғанын, өзінің қайтып жылағанын бір-бірлеп айтып шықты. Шешесі баласының басынан сипап, жығылғанда жер сүріп кеткен қолын үрлеп-үрлеп қойды және оны сүйді. Досым қабағын түйе оларға қарап тұрды да: «Қарашы, шешелі-балалы екеуінің жайы жараса қалды...» деп қомпылдады.
Біраз күннен кейін досым жұмыс үстінде сатыдан құлап жараланды. Біз оны көтеріп, демалыс бөлмесіне әкеліп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Досым сол сәттерде ауыз жаппай «Шеше, шеше!» деп зарлап жатты.