ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?
25.12.2013 20:55 Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ 0121
Енді бес күннен соң жұмыр жер бетіндегі барлық тіршілік иесі Жаңа жыл – 2014 жыл – Жылқы жылының табалдырығын аттайды.
Әрине, жұмыр басты әр пенденің жыл он екі айда бір айналып келетін жаңа жылды асыға күтіп, одан бақыт пен ұлан-асыр қуаныш күтетіні ақиқат. Әсілінде, адам үшін әрбір жылдың тек өзіне ғана тән берер несібесі бар . Бұған қоса, сонау ғасырлардан күні бүгінге дейін жер шарындағы әр тұрғын бұл күнге айрықша дайындықпен, үкілі үмітпен келетіні тағы анық. Жалпы, әр жылдың өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Бүгін біз Жылқы жылының ерекшелігі, сондай-ақ осы жылы өмірге келген адамдардың өмір жолы қандай болатындығы тәрізді тағы басқа бірқатар сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.
Әдетте көпшілік қауым Жаңа жылды отбасылық мейрам ретінде қабылдайды. Мәселен, 2014 жылдың Жылқы жылы – екендігінің өзі біздің бұл пікірімізді дәлелдей түскендей. Өйткені жылқы үй жануары, сондай-ақ ол иесінен шуаққа толы жылы сезім мен қамқорлықты, ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан ең алдымен, Жылқы жылында тәуелсіз Қазақ елінің әрбір шаңырағы күн шуағындай ерекше жылылыққа толы болсын деп тілейік! Жалпы, халық арасында «жаңа жылды кімде-кім тамаша қуаныш пен шаттыққа толы жағдайда қарсы алса, сол адам жыл бойы қуаныш пен шаттықта болады» дейтін фәлсафа бар. Егер осы сөзге мән беріп, әр жаңа жылды қалай қарсы алғаныңызға және сол жылы оның нәтижесі қалай болғанын аз-кем зерделесеңіз, онда халық айтқан бұл сөздің шынайылықпен үйлесетінін аңғара-
сыз. Олай болса, әрбір адамның Жаңа жылды сергек сезіммен, есте қаларлықтай өткізгені абзал.
Биыл табалдырық аттағалы отыр-
ған Жылқы жылы қандай болуы мүм-кін деген мәселеге келсек, осы мәселені індете зерттеп жүрген зерттеуші-ғалымдар Жылқы жылының қалай болатындығын сөз жоқ, жылқының асыл қасиетімен, өзіне ғана тән ерекшеліктерімен байланыстырады. Ал Шығыс елдерінің жылнамасы бойынша алдағы Жылқы жылында тұрғындардың ешқандай қауіп-қатерсіз, мамыражай тірлік кешетіндігін және мұны жылқы малының тамаша қасиетімен, әсіресе, иесін жанындай жақсы көретіндігімен байланыстырады. Реті келгенде айта кетсек, ежелден мал бағудың қыры мен сырын терең меңгерген, жылқының қасиет-қадірін оның түр-тұрпатына қарап айыра білген қазақ халқы үшін жылқының да, Жылқы жылының мән-маңызы ерекше. Содан да болар, ата-бабаларымыз Жылқы жылынан зор үміт күткен. Тіпті осы жылы өмірге келген немере-шөберелеріне жылқы сөзі қосарланған (Жылқыбек, Жылқыбай, т.б.) деген есімді беруді жөн көрген. Мұның сәби ержеткенде оның бойынан жылқыға тән айрықша қасиеттер, жайдары жылылық есіп тұрсын деген ниеттен туған ой-пайым екені даусыз. Өмірдің өзі мұны нақты дәлелдеп отыр. Қайсыбір зерттеуші-ғалымдар, жылқының бостандық сүйгіш, кез келген адамның қолға үйретуіне тез көнетіндігін жаңа жылда адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің, жылы ықыласының анағұрлым арта түсетіндігін айғақтайтындығымен түсіндіреді. Жалпы, жылқы малын байлық пен бақ-берекенің бастауы деп түйсінген де жөн. Өйткені төрт аяқты жануарлардың арасында дәл жылқыдай таза, әдемі де көрікті, сұлу жаратылғаны жоқ десек еш қателеспейміз. Ал мұның өзі Жылқы жылында өмірге келген бүлдіршіндер жастайынан тазалыққа құмар, әсемдікті жаны сүйетін адам болып өсетінін айқындайды. Жылқының тағы бір ерекшелігі, ол кез келген нәрсені аузына алмайды. Әсілінде, жылқы арпа мен сұлыны ерекше ұнатады. Халқымыздың «арпа берсең атқа бер, күтір-күтір шайнасын...» деуі осының дәлелі болса керек-ті. Оның үстіне арпа мен сұлының ағзаға тигізер пайдасы өте зор әрі ол өте таза қоректік зат екені белгілі. Демек, жылқының қайсыбір мал тәрізді көди-сө-диді емес, ең таза жем-шөпті қорек етуі, бұл – оның шынайы тазалығы! Ал қайсыбіреулердің «жылқы жылында жылқы етін пайдалануға болмайды» дейтіні бар. Бұл бәлкім, қазы-қартаға қолы жетпей жүрген қайсыбіреулердің ойдан шығарған тәмсілі болар. Өйткені басқа жұртты қайдам, бір күнін қазы-қартасыз елестете алмайтын қазекең үшін мұндай «ультиматум» әрине, қиын нәрсе. Бәлкім, бұл – әлгі адамдардың жылқыға деген құрметі мен шынайы сезімі болар.
Дерек-дәйек:
Жаңа жыл қарсаңында Алматыдағы бірқатар мейрамханаларды аралап, бір адамға немесе корпоративтік отырыстың құны қанша екендігін анықтадық. Сонда байқағанымыз, жаңажылдық шоу бағдарламаны жаюлы дастарқанда тамашалаудың құны бір адам үшін 25 мың, ал банкет жасайтындар үшін бір адамға шаққанда орта есеппен 7 – 10 мың теңгені құрайды. Ал егер үйге Аяз ата мен Ақша қарды немерелеріңіз үшін шақыра қалсаңыз, онда 10 мыңнан 25 мыңға дейінгі қаржыңызды дайындай беріңіз. Себебі олардың қызмет көрсету құны күндіз анағұрлым арзан, ал түнге қарай көтеріледі екен. Мысалы, дәл осы қос кейіпкердің корпоративтік отырыстардағы құны 25 мыңнан 70 мың теңгеге жетіп жығылады. Егер балаңыз немесе немереңіз жаңажылдық шырша думанын тамашаласын десеңіз, онда мұның құны – 800 теңгеден 13500 теңге аралығында. Таңдау жасау еркі өзіңізде!
Ал енді Жылқы жылында дастарқанға қандай ас немесе тамақтарды қоюға болады дегенге келсек, диетаны жөн көретін қайсыбіреулер жылқы жылында алуан түрлі көкөніс пен жеміс жидектерді, сондай-ақ арпа мен сұлыдан бұқтырылған ботқа дайындап дастарқанға қойған жөн екенін айтуда. Тағы бір құптарлық жайт, Жылқы жылында дастарқан мәзіріне арақ-шарапты жолатпай, оның орнына шұбат пен қымызды қойған әлдеқайда тиімді екені бүгінде нақты дәлелденіп отыр. Ал жылнамашылар бұл жағдайды жылқының арақ ішіп алған адам түгілі, арақтың иісіне төзбейтінімен байланыстырады. Бұл орайда менің ойыма бір оқиға түсіп отыр. Осыдан шамамен 15-20 жыл бұрын елге барғанда сыныптастардың ұлан-асыр той жасағаны бар. Міне, сол тойда алыстан ат арылтып келген бір жігіттің баласына нағашысы екі-үш жасар тайды бәсіреге берді. Бәсіре деген неге жаман болсын, әлгі баланың арақ-шараптың буына бөртіп алған әкесі ұлына берілген тайды жайдақ мініп алғанда, сәйгүліктің жер тарпып, әлсін-әлсін аспанға атырылып, бір кез-де алпамсадай жігітті әудім жерге лақтырып жібергені бар. Сонда мұны байқап тұрған атбегі ақсақал: – Қарағым, жылқы деген өте киелі де қасиетті жануар. Ол сенің «ақмағамбетті» ұрттап алғаныңды жақтырмай тұр. Сенбесең қара да тұр, –деп әлгі кісі жаңағы арғымақтың үстіне жеті жастағы жиенін мінгізіп еді, желмен жарысқан сәйгүлік баяу жорта жөнелді. – Міне, бұл жылқының қасиеті, киелігі, – деп атбегі ақсақал мәселенің мәнісін түсіндірген-ді.
Дерек-дәйек:
Психолог-ғалымдардың зерттеуінше, жылқы жылы туғандар алған бетінен қайтпайтын қайсар және қолға алған ісін аяқтамайынша дем алу дегенді білмейтін еңбекқор болып келеді. Тағы бір ерекшелігі, олар өмірде кездескен қиындықты шешпей тынбайды екен. Бұған қоса, жылқы жылының «төлдері» уәдені орындауға келгенде алдына жан салмайды. Ең бастысы, олар елгезек, орақтілді шешен болып келеді. Қиындықтан тиімді жол таба білетіндер де жылқы жылы туғандар. Қонақ күтуден жалықпайтындар да дәл осы жылы туғандар. Әдетте жылқы жылы туғандар жүрген жерін думанға айналдырып, өмірін қызықты өткізуге бейім келеді. Есте сақтайтын жайт, 2014 жыл жылқы жылғылар үшін нағыз шығармашылық жыл болмақ. Әсіресе, көктем мен күз олар үшін нағыз шабытқа бөленетін шақ.
Жұлдызнамашылардың пікірінше, әдетте адамның мінез-құлқы мен қайсыбір қылықтары қай жылы туғанына, нақты айтқанда, мінез-құлқы сол жылдың атауын алған жануардың мінез-құлқына көп жағдайда өте ұқсас келеді екен. Демек, жылқы жылы туғандардың мінез-құлқы жылқыға ұқсайды. Әсілінде, жылқы жылында туғандардың алғыр және өте талантты болып келетінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мұны ғалымдар да қуаттап, туған жылы мен өмірге келген айының адамның ағзасы мен психологиясына, әлеуметтік жағдайына барынша ықпал ететінін дәлелдеуде. Мұның қаншалықты шындық екендігін кім-кімнің де күнделікті өмірде пайымдап көруіне әбден болады. Мысалы, еліміздің кең байтақ жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғай білген ер жүрек батыр Қаракерей Қабанбай, абыз ақын-жырау Жамбыл Жабаев, қазақ халқының Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тәрізді біртуар классик ақын-жазушылары жылқы жылы өмірге келген. Осы адамдардың еліміз тарихында биіктен орын алғандығы және барлығының да тума талант иелері екендігі шын мәнінде, жылқы жылы өмірге өте талантты да дарынды тұлғалар келетіндігін айқындай түседі. Бұған қоса, қазақ үшін киелі де қасиетті жануар жылқының өте таза болып келетіні тәрізді бұл жылы туғандар ең алдымен, әр нәрседе тазалықты жанындай жақ-сы көреді екен. Мысалы, басқаны бы-лай қойғанда, Сәкен мен Ілиястың отты жырларынан тазалыққа деген мәңгі іңкәрлікті, әділдікті байқайтынымыз, осы сөзіміздің дәлелі! Демек, жаңа 2014 Жылқы жылы да тәуелсіз елімізді бүкіл әлем алдында тағы да сан мәрте мойындата алатын ұландар өмірге келеді деген үміттеміз. Ал жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт 2014 жыл Қазақстан үшін береке-бірлік пен ынтымақ-қа, жарасымды шаттық пен қуанышқа толы жыл болатынын айтады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жұмыр жер бетіне келіп жеткен Жаңа жыл – Жылқы жылы елтаңбамызда бейнеленген қос арғымақ – тәуелсіз Қазақ елін тарихи жетістіктер мен толайым табыстардың шырқау биігіне шығара берсін! – деп тілейік.
Дерек-дәйек:
Жылқы жылы өмір есігін ашқан танымал адамдар: Қаракерей Қабанбай батыр, Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ленин, Петр Капица, Нельсон Мандела, Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Александр Куприн, Фредерик Шопен, Майк Тайсон, т.б.