ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ ЭЛЕГИЯ
Кіргенде керемет үйлерге еңселі,
Кезгенде бастықтар бас бұққан кеңсені.
Көңілім маңырап ашқарақ қозыдай,
Сағынам мен Сені, іздеймін мен Сені...
Күңгірлеп қу басым бөшкедей қаңсыған,
Күн сайын мен солай... күйінем, таусылам.
Ойларым ойран боп, мен Сені аңсаймын,
Ойыншық сүйреткен сәбидің даусынан...
Сыңсыған сырымды сездірмей өзгеге,
Мән беріп әр түрлі үнге де, сөзге де.
Мен Сені тосамын, балалар у-шу боп,
Мектепте қоңырау соғылған кезде де...
Сан рет сағынып, жабығып, қамығып,
Жүректі жұлқылап әр лүпіл – әр үміт.
Әкімдер сөйлесе, әкемді көргендей,
Мен Сені күтемін, күтемін зарығып...
Қазақтың қыздары орысша қуанып,
Жанымның жапырағы барады қуарып!
Қара көз арудың оймақтай аузынан,
Мен Сені күтемін аузымның суы ағып...
Аузымның суы ағып... аңсаймын, сүйемін,
Сүйемін, шашылып қалғанша сүйегім.
О, менің атамның күшіндей – қуаттым,
О, менің анамның сүтіндей – киелім!
Қазақы көзімді сықситып түнімен,
Қырық екі әріптің алдына жүгінем...
Қазбалап әр сөзді, қазына ақтарып,
«Түсіндірме сөздікке» жүрекпен үңілем...
Дерт болдың Сен маған сезіммен жабысқан,
Серт болдың сезімнен өлеңге ауысқан.
Сен үшін ұлы Ахмет көз жасын тия алмай,
Сен үшін ұлы Абай көз майын тауысқан...
Оралса деймін-ау, дәуренің кешегі,
Екі есе қайтарар едік-ау есені.
Табанда тапталған бір теңге секілді,
Заманның өкшесі төбемді теседі...
Білмеймін, бұ қазақ сенеді несіне?
Біздерді жас ұрпақ алмайды-ау кешіре!
Кешегі билердің ақылы, о, неге,
Бүгінгі биліктің кірмейді-ай есіне?!
Мен Сенің мұңыңды, зарыңды түсінем,
Үміттің үлкенін күтесің кішіден.
Президент қазақша сөйлеп тұр... тағы да
Парламент орысша ойлап тұр ішінен...
Қырсық бір мінезім қысады денені,
Кеудемде киелі кегім бар, себебі.
Өшіңді алғандай, қазақша сөйлетіп,
Орыстың қызына үйленгім келеді...
Осындай ой арбап, шошытар, о, мені,
Арман ғой, әншейін, арманым көп еді...
Бір шала қазақ тұр көшеде шүлдірлеп,
Жылағым келеді, күлгім де келеді...
Көшеде жүре алмай, күйініп күнде мен,
Үйіме асығам, шыққандай түрмеден.
Көпіріп сөйлейді үйдегі көк жәшік,
Ресейге еліктеп ресми тілменен...
Мақтаныш сезіммен керіліп кең кеудем,
Маңдайым жарқырап, тілдесіп өзге елмен!
...Мен сені армансыз тыңдайтын күн бар ма,
Қазақтың иісі шығатын жерлерден?!.
...Шіркін-ай...
Алмас ТЕМІРБАЙ
Көкшетау қаласы.
Өмірбаян
Ақын Алмас ТЕМІРБАЙ 1979 жылы 22 қаңтарда бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Ортақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде және Көкшетау мемлекеттік университетінің саясаттану факультетінде білім алған. «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Автопортрет», «Мың бір мұң» атты өлең кітаптарының авторы. Белгілі әдебиетші-ғалым Нұртас Ахатұлының А.Темірбай шығармашылығы туралы жазған «Алаштың Алмас ақыны» атты монографиясы жеке кітап болып 2008 жылы жарық көрген.
Отыз шақты облыстық, республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы, жүлдегері.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері.
Халықаралық «Түрік поэзиясы» фестивалінің лауреаты.
Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты.
«ҚР Тұңғыш Президенті» сыйлығының лауреаты,
ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі.
Ақын өлеңіне жазылған әндер бүгінде әр түрлі Қазақстан эстрада жұлдыздарының орындауында айтылып жүр.