
Басқосу академик Мұрат Жұрыновтың кіріспе сөзінен кейін еліміздің Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасына орай ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы, оған қоса ғылым мен жоғары білім тарихы» атты конференциямен басталды. Атап айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Ханкелді Әбжанов «Отандық тарих ғылымы: межелер мен міндеттер», ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі, ҰҒА-ның құрметті мүшесі Қалқаман Жұмағұлов «Қазақтың ерте тарихы және батысеуропа дереккөздері», ЕҰУ проректоры, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы «Мәңгі ел» журналы және тарих тағылымын насихаттау», Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді «ҚазКСР Ғылым академиясы сталиндік қуғын-сүргін жылдарында», Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова «Шығыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», ҚазҰУ-дің тарих факультетінің деканы, ҰҒА-ның корреспондет-мүшесі Жәкен Таймағамбетов «Отандық археология саласындағы инновациялар» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Ұлттық Ғылым академиясының 1946 жылы ресми түрде ашылғаны белгілі. Тұңғыш президенті академик Қаныш Сәтбаев. Қазір Ұлттық Ғылым академиясының 150 академик пен 109 корреспондет мүшесі бар екен. Бұл аз ба, көп пе? Салыстыру үшін айтсақ, 1945 жылы қазақ елінде 25 ғылым докторы (оның 7-еуі қазақ) мен 155 ғылым кандидаты (оның 34-і қазақ) болыпты. Ал 1951 жылы 98 ғылым докторы (16-сы қазақ) мен 780 ғылым кандидаты (145-і қазақ) болыпты. Қаншалықты жетістікке жеткенімізді өзіңіз шамалай беріңіз. Соңғы екі-үш жылда Елбасы Н.Назарбаевтың келісімімен 110 дарынды жас ғалым корреспондент мүшелікке қабылдандыпты. Осылайша ҰҒА мүшелерінің орташа жас шамасы 75 жастан 65 жасқа дейін азайып, ТМД ғылым академияларының арасында ең жасы болып есептелетін көрінеді.
– 2003 жылы ҰҒА республикалық қоғамдық бірлестік болып құрылғаны белгілі. Батыс Еуропа елдерінің тәуелсіз академияларының мәртебесіне сәйкес қазіргі уақытта ҰҒА-ның алдында үш маңызды міндет тұр. Оның ішінде: жыл сайын ғылым туралы Ұлттық баяндаманы дайындап басып шығару; әлемнің 73 елінің ұлттық кітапханаларына жіберілетін, ғылыми жетістіктерді насихаттайтын 8 академиялық журналды басып шығаруды жалғастыру (1946 жылдан бастап шығарылады); ғылыми жобалар мен бағдарламалардың тәуелсіз сараптамасын іске асыру.
Қазақстан ғалымдары форумы аясында Елбасымыз Ғылым туралы ұлттық баяндаманың халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келетін жаңа үлгісінің дайындалуы қажеттігі туралы атап көрсетті. Биылғы жылдан бастап Ұлттық ғылымдар академиясы Ұлттық баяндамасын ҚР Президентінің бекітілген Жарлығының жаңа ережелеріне сәйкес дайындайды, - деген ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің жай-күйін сараптап өтті.
Академик Мұрат Жұрыновтың 2003 жылдан бастап ҰҒА-ның президенті болып сайланғаны белгілі. Одан бері де он жыл заулап өте шығыпты. М.Жұрыновтың президенттік өкілеттігі 31 қыркүйекте аяқталатын болғандықтан, ҰҒА-ның Төралқасы сайлау туралы хабарландыру жариялап, М.Жұрыновты ҰҒА-ның президенті етіп қайта сайлауды бірауыздан ұсынған. Содан бері сайлауға бір ғана өтініш тіркеліпті. Сол өтініш бойынша ҰҒА-ның президенттігіне кандидатты талқылау басталды. Академик Сұлтан Сартаев бастаған жарыссөзге шығушылар президенттікке жалғыз кандидат Мұрат Жұрыновтың мықты ұйымдастырушы ретіндегі беделіне тоқталып, оны тағы бір мерзімге сайлауды қолдау керектігін ұсынды. Осылайша бірауыздан ҰҒА-ның президенті болып Мұрат Жұрынов қайта сайланды. Сондай-ақ ҰҒА Төралқасының жаңа құрамына (мүшелеріне) сайлау жүргізіліп, жаңадан жасақталды.