Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ТАҢЖАРЫҚТЫҢ БІЛІМ БЕРУ-АҒАРТУ ИДЕЯСЫ

$
0
0

 

 Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ

 

ТАҢЖАРЫҚТЫҢ

БІЛІМ БЕРУ-АҒАРТУ ИДЕЯСЫ

(Ж.Таңжарықтың 110 жылдығы жиынында)

1

 

Он бес жылдың алдындағы бір мақаламда, «Таңжарық – әйгілі ақын, біртуар тұлға, халқымыздың замани перзенті, дәуіри жаршысы, мүддейі жоқшысы. Ол кісі – сөз патшасының асқан шебері, қаламынан да, тамағынан да асыл жыр маржандарын лақылдатқан поезиялық құдіретті дарынның мықты иесі, тұла бойын нәзік сезім мен терең сыр, асыл дәстүр мен шалқар шабыт, шынайы дарын мен шығармашылық қуат кернеген керемет поетик, өз әлеуметтік болмысының ең өзекті мәселелері – адам, адамгершілік, ар, ұждан, ахлақ, ... табиғат, болмыс, ... таным, ақыл, санат, т.б. жөнінде күрделі де озық көзқарас ұстанған терең ойшыл, ақылды дейст[1], айқын материялист, демократиялық және рационализмдік[2] философиялық назарлардың иегері, бойы замандастарының қызу ортасында, ал, ойы заманынан озық тұрған асыл жанды, сырлы көкіректі, тұнық милы идеолог, елі үшін басын бәй тігіп, өрен үшін, өмір үшін, ұлыс үшін жанды да жалынды туындыларын батыл шығарған мейлінше халықшыл, нағыз отаншыл, абзал азамат ақын, өз халқына шынайы жылатып айтар жанашырлықпен қараған, ұнамсыз жақтарын батыл сөге алған, халқының еңсесін жаншитын сыртқы күштерді де – көне түзімді, феодал деспотизмді[3], ұлттық езгіні, ағат діншілдікті де қасқайып пере алған, поезия өңіріне өзіндік сонылықтарын әкелген жаңашыл арыс, тозақ қоғамның түнек заманында елі үшін, ұрпақ үшін азабы мол ерлікке бара алған қаһарман қайраткер. ... » деген екенмін.

Мен бүгін ол мақаламдағы осы сөздерім арқылы Таңжарықтың биігіне шыға алмағандай сезініп тұрмын. Асқар тау алыстаған сайын аласарса, асқар арыс алыстаған сайын биіктейді. Сондықтан болар.

Әр ұлттың өз тарихында тарихи тұлғалар деген болады. Тұлға дегеніміз өзіне тәуелді емес ортадағы қажеттілікті (ол экономикалық та, ғылыми да, саяси да, мәдени де, өндірістік те, т.б. да болуы ықтимал) ырықты, саналы, белсенді сезінген, соны шешуге жанын салған адамдар. Бұлар қашан да артындағылардың алғысына кенеліп қана қалмай, олардың үйрену үлгісіне де айналады. Өзі кетсе де рухы елінің тарих доңгелегін дамылсыз итеретін болады.

Таңжарық біздің әне сондай тарихи тұлғамыз.

Мұндай тұлғаларды еске алу – жәй іс-шара да, құр рәсімшілік те, әншейін еске түсіру ғана да емес, өзі бір мектеп, өзі бір мағыналы дәріс. Мұндай істер арқылы біз қоғамға қатысуы енжарларды, өзімшілдерді, үріпұрттағыштарды азайтатын, идеясын азат қылушыларды, ел арманын өз арманы ете алатындарды, қателіктер мен жемқорлық сықылдыларға батыл қарсы тұратындарды көбейтетін, көркем әдебиетті ел кәдесіне жаратуға талпынатындарды, оны көркемдік биікке шындап көтеруге ұмтылатындарды демейтін боламыз.

Биыл осы тұлғамыз, яғни өткен ғасырдың алғы жарымындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын, елі үшін еңіреген қайсар күрескер Таңжарық Жолдыұлының туғанына 110 жыл толып отыр.

   Өткен ғасырдың алғы жарымындағы қаламгерлердің саналы тобы ұлттық ағартушылық пен ұлттық азаттық бағытын мықты ұстады. Халықты сонымен оятты, өздері сол ійгі істеріне бола кертартпа үкіметтен қорлық көрді, бірақ халықтың алқауына бөленді, халқы ұмытпайтын, қайта мәңгі қастерлейтін тұлғаға айналды. Таңжарық – осы топтың ішіндегі жарық жұлдыз. Таңжарық – сан қырлы дарын иесі. Мен оның тек бір қырына ғана – ағарту идеясына ғана кідіргелі отырмын. Шағын мақаламда ол да толық баяндалмақ емес. Ақынның білімге құштарлығын, тума дарынына мол білім қосып жетілгенін, халқын да сол білімге шақырып, оятып жүріп дүниеден өткенін ғана айтуға үлгеретін сықылдымын. Бұл рух бүгінде қазақ үшін тіпті қажет болып отыр.

 

 2

 

Алдымен айтарым – Таңжарық Жолдыұлы – аса күшті тума дарын иесі. Сол тума қасиеттің бір белгісі оның өмірге інкәрлігі, айналаға қызығуы, білуге құмарлығы, оқуға құлшынуы болатын. Сол тума дарынның салдарынан Таңжарық бала жастан білімге қатты құштар болды да, өз дәуірінің ең жоғарғы білімін алған оқымыстыға айналды.

Таңжарық шынында да жастайынан білімге қатты құмар болды. Бұл болар баланың басты белгісі еді.

Мысалы, 7 жас шамасындағы Таңжарық молдадан, яғни қазактың ескі әдебиет үлгілері мен ислам құндылықтарына жетік, араб, парсы әдебиетін білетін Мыңбай атты ұстаздан үш қыс дін ілімі мен шағатай жазуын үйреніп сауат ашқанда-ақ тумысынан зирек, сұңғыла, білім алуға құштар екенін әйгілеп, молдакеңнің  коңілінен шығады.

Бәләғатқа енді тоған Таңжарық Қазақстаннан қашып келген Әбділхамит әпендіден, шариғат сабағынан тыс, есеп, тарих, жағрапия пәндерін екі жылдай оқығанда да аса алғырлығын танытып үлгереді.

Оқуға құлай жығылған жас Таңжарық 1918 жылы, өз еркімен  Шақпыдан ашылған мектептің жоғарғы сыныбына барады.

Келесі жылы сол кездегі Іледегі ең жоғарғы оқу орны саналатын «Күре шуетаңына» окуға түседі. Бұл шуетаңда үш жыл оқыған Таңжарық ханзу тілі мен мәдениетін меңгере түседі.

Бұған да місе тұтпаған Таңжарық, 1923 жылы салт атпен Қалжат арқылы Нарынқол асып барып, бір жағынан орыс-қазақ мектебінде үш жыл білім алады, енді бір жағынан отаршылдыққа қарсы алаш идеясымен сусындап, ондағы ел жақсыларының сөзінен нәр алып, отаншылдық пен ұлтжандылық санасын өсіре түседі.

1925 жылы қараша айында, туған жеріне оралған оның екі қоржын кітап ала қайтуы да – асқан білім құмарлықтың айғағы. Қазір кітапқа қарап та қоймайтындағарға жақсы үлгі.

Менің бұларды тізбелеудегі мақсатым – әрі Таңжарықтың тек жаттамалы сөз шебері емес, кішкентайынан білім қуған, білім жиған тіл мен ойдың парасатты шебері екенін, сылдыраған сөз байлығына ғана сүйенумен тамаша ақын да, жазушы да бола алмайтындықты, сөз терең де кең ойға жүкті болса ғана көркемдік көгіне көтерілу мүмкн екенін еске түсіру, әрі кітаптан гөрі экранға, мектептен гөрі базарға, білімнен гөрі ақшаға жүгіретін бүгінгі кей жастарды Таңжарықтан үйренуге шақыру. Мұндай жастар білімнің экрандағы ойында ғана емесін, білімсіздің базарда ұтыларын біле алмай жүр.

 

  3

 

Құлшына оқыған, ұмтыла білім жиған Таңжарық осыдан соң халқын оятуды, ағартуды көздеп, оларды білім алуға, өнер игеруге шақыруға кіріседі. Текес, Мұңғұлкүре, Шапшал, Құлжа, Қорғас, Сүйдің, Нылқы өңірлерін түгел аралап, үгіт-насихат жүргізіп, оң да озық идеяларды таратады, өзіне ниеттес серіктерді көбейтеді. Таңжарықтың халықты ағартуға бастауы, дұрыс та озық  үгіт-насихаттары ол тұстағы керітартпа үкімет пен қазақ ішіндегі керібаққандарға әрине жақпайды. Тебінді қайраткерге, белсенді ағартушыға айналып, ықпалын күшейте бастаған Таңжарықтың жаламен қамалып, артынан халықтың күшімен босап шығатыны осы тұс (1926-жыл).

Алайда Таңжарық керітартпа үкіметтің мұндай қоқайынан жасқанбайды. Игілікті ісі мен жасампаздығын жалғастыра жүріп, 1935 жылы, Шинжяң өңіріне танымал ірі саяси тұлға Махсұт Сасанұлы Құлжа каласында құрған «Қазак-қырғыз мәдени-ағарту ұйышымасының» белді ұйымдастырушысы қатарына кіреді, оның  әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту істеріне жауаптысы болады. Ұйымның хатшысы Сейітжан Жайнақовпен тізе қоса отырып, қазақ ауылдарында жаппай ауылдық мектептер, аудан орталықтарында орталау мектептер ашуға үгітшілік, қозғаушылық, бұйдагерлік рөл атқарады. Құлжа қаласында, мұғалімдер дайындау үшін курс ашуды өзі бас болып колға алады (Осы курска оқуға келген орысша сауатты, Бәти атты келіншекпен некелі болатыны сол кез).

Қазақстаннан басылымдарды алдыртып, ағартуға пайдалы үгітті тіпті күшейтеді.

Мақсұт тәйжі бастаған қазақ зиялыларының қаржылай көмегімен жекеменшік баспахана сатып алуға мұрындық болып, 1935 жылы Жұңго қазақтарының тұңғыш баспасөзінің бірі - «Іле өзенін» шығаруды ұйымдастырады. 1940-жылдың басына шейін өзі басредактор болған «Қазақ» газетінде «оқып көр газетімді» деген өлеңін жариялап,

Қалың ел – қазақ енді аш көзіңді,

Оқып көр газетіңді – өз сөзіңді.

Әділет, шындық жолын үйретеді,

Ашады ащы шайдай аң сезімді. –

деп жар салады.

Залым әкімдердің 1940-жылдың екінші ақпанында Таңжарықты тұтқындағандағы оның «жазығы» осы еді. Демек Таңжарық кері кеткен заманның үрейлі сиқынан жасқанбай, басына келген қатерден қорықпай, халқын өрге бастыру үшін жанкештілікпен еңбек ете берді, жұртын білім алуға жетектеуден жалықпады.

 

  4

 

Түрмеде төрт жылдан астам көрген жан төзгісіз азаптау мен қинаулар акын рухын тіпті ширықтырады. Таңжарық Жолдыұлының ең айтулы туындыларын – темір қапасты жарып шыққан жырларын дәл осы түрмеде жазуы соған айғақ.

Жұртқа оралған Таңжарық түрме азабынан зақымданған денсаулығына қарамастан, тағы да халық ісі үшін атқа қонады. Таңжарық содан Үш аймақ Ұлттық үкіметі тағайындаған, туған жері Күнес ауданының жер-су мекемесінің басшылығында жүріп, 1947 жылы 6 тамызда, сырлы да тұтқиыл қайтыс болғанға шейін осы арынынан қайтып көрмепті. Ақынның өзі айтқандай,

Өлсек те өлмес біздің атағымыз,

Белгілі істеп түскен шатағымыз.

Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,

Болғанмен қазір түнек жатағымыз.

Алатын құнды қуып иеміз бар,

Біз де елміз шөберелі, аталымыз. –

дегеніндей, бүгін міне атының өлмейтінін, үлесінің өшпейтінін, ол кезде түнек болған өңірде таң атқанын, құн алатын иесі барын дәлелдеп отырмыз.

Елуге жетпей елінен айрылған ақын, сазгер, әнші, күрескер, ағартушы Таңжарық артына көп мұра қалтырды. Соның талайы – өз халқын оятуға, білім алуға, өнер иелеуге, ағартуға, көзін ашуға, өзге ұлттармен теңесуге жар салған жалынды жырлар, шыбын жанына жалмауыз тағдырдың жезтырнағы кірген төтенше мүшкіл жағдайда өмір кеше тұра, елі үшін еңіреген поезиялық бірегей туындылар.

Мына қысқа уақытта  мен бұған да тек мысалдар келтуге ғана әрең үлгеремін.

Ақын,

Жарамай сойыл, шоқпар қарулыққа,

Балуанды айла, сиқыр, өнер жықты.

Өнерлі құстай ұшып жүр биікте,

Өнерсіз төмен қарап жерге бұқты. ( «Ой толғау» )

деген бір шумағы арқылы-ақ, халқына білім заманының келе жатқанын аңғартады. Бұл шумақ қазіргі жастарымызға да ащы айғайдай. Базар экономикасындағы жарыста талайлар білімдінің ұтып жатқанын сезе алмай жүр емес пе.

Кісілігіне кішіпейілдігі жарасқан ақын өзінің халқын мүлде надан санаған да емес. Оның:

Әрине білімділер толып жатыр,

Олардың сөзі естіге қонып жатыр.

Егерде бәрі білмес есептелсе,

Таңжарық саған келген қайдан ақыл. -

(«Ой толғауы»)

деуі бұған айғақ.

Алайда ақын өзге халықтарға салыстырғанда, заман талабымен есептескенде халқының әлі де артта екенін әбден біледі.

Порымдап киім кисек, шашты кесіп,

Үйренсек оқып білім, ашылды есік.

Тыңдамай соның бәрін біздің қазақ,

Бөктерлеп тау жағалап, жүрсің көшіп.

(«Кеңес»)

деуі әне содан.

Таңжарық ұлтымызды құртатын кейіп-кеспірлерді де ерте сезіп, ерте сақтық сигналын шалған. Мысалы,

 

Шабасың айдалаға бос далақтап,
Еліңді көрмегендей босқа мақтап.
Арақтың апиыннан қай жері кем,
Болмаса жүргендерін сандалақтап… –

дейді ақын Қойдыммен айтысқанда. Мен осы арақ апаты жайлы мақала жазған 1990-жылдарда, мақтаған көптің үнін ғана емес, даттаған аздың күңкілін де естіген едім. Кей жандардың, мені ғой мейлі, Таңжарықтай ұлының да сөзін құлағына қыстырмай келеатқанын бүгінгі өмір де дәлелдеп жүр.

Таңжарық білім берушілерге, бағбандарға зор құрметпен қарайды. Оның,

Ұйқысын ашар жастардың

мұғалімдер жасасын!

(«Оқы жастар, қалам ал»)

деген сықылды шумақтары осыған дәлел.

Таңжарық халқын оқуға, білім алуға, мәдениетте көркеюге, өзге ұлттардан қалыспауға дамылсыз шақырумен болды. Оның,

Дәмін алсаң ғылымның

Тағы аузыңды ашасың.

Надан қалсаң өмірде,

Өзіңді өзің басасың.

(«Оқы жастар, қалам ал»)

 

Садыбай сәлем жаздым інімізге,

ерінбей осы күнде білім ізде. ...

Жігітке әуел керек білім деген,

Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.

(«Жігіттерге»)

 

Оқы жастар, қалам ал,

Талпынар күнің туылды.

Біліммен шыққан даналар,

Босатпай оқы буынды.

(«Оқы жастар, қалам ал»)

Бөспелеу, босқа кеткен күніңе өкін,

болсаң да бұдан бұрын елемеген.

Талаптың шарығына ұста өзіңді,

семсер де өтпей қалар білемеген. –

 

сияқты көп өлеңдері бар.

Амал не уақыт тар болғасын, оның бәрін оқып отыру мүмкін емес. Сондықтан мен Таңжарықтың бұл идеяларының бүгінде – кей ата-аналар мен бүлдіршіндеріміздің, базар шаруашылығындағы ішінара жәйіттердің (мысалы, бастауышты бітіре салып сауда қуған кей жандардың мыңғырған бай болып кете қалуының) кері ықпалынан оқудан суныуыны туылған күндерде маңызы тіпті зор деп қана сөзімді доғарайын.

Ықыластарыңызға рахмет!

 

 




[1] Дін мен ғылымды қайшыламайтын жолдың бірін қуушы.

[2] 理性主义

[3] Зорекерлік, 暴有暗香盈袖政.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>