Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ҚЫТАЙ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС, ТАТУ КӨРШІ

$
0
0
ҚЫТАЙ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС, ТАТУ КӨРШІ
09.09.2013 18:20 Айхан ШӘРІП, Советбек МАҒЗҰМОВ (Фото)
0106
Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпин Қазақ еліне үлкен сапарын жасады.
Биылғы сәуір айында сайланып, бір жарым миллиардқа жуық жанның көшінің басына тұрған «аспанасты елінің» төрағасы, жаңа мәртебесінде бұған дейін тек АҚШ, Ресей сынды державаларға ресми сапармен барыпты. Солардан кейін Қазақстанға келуге шешім қабылданған. Бұл ретте ҚХР-дың республикамызға айрықша назар аударып отырғандығын Си Цзиньпиннің өзі айтып қалды. Оның мәлімдеуінше, Қазақ елі – Қытай мол қаржы салып отырған ел екен!Қазақстанға үш күндік мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді Елбасы әуежайдан қарсы алды. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Астанадағы «Жасыл-сулы бульварды» аралап, Есілдің сол жағалауындағы сәулет өнерінің туындысына баланған жаңа кешендердің бірінен кешкі елорданы қызықтаған. Ертесіне, Ақордадағы кездесу кезінде Қытай компартиясының жаңа бас хатшысы Қазақстан Көшбасшысына осындай достық ықыласы, қонақжай қабылдауы үшін алғысын білдірді.

Қазақстан Президенті Ақордадағы жеке жүздесу кезінде Си Цзиньпиннің «тарихи сапарына» зор мән беріліп отырғандығын атап көрсетті:

– Мен сізді алда келе жатқан мерекемен – Қытай Халық Республикасының құрылған күнімен құттықтаймын! – деді әріптесіне қайырылған Н.Назарбаев. – Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап сіздің еліңізбен арада дамып келе жатқан тату қарым-қатынасымыз біз үшін басымдық болып саналады. Біздің сізбен жүргізген келіссөздеріміз елдеріміздің достығын, халықтарымыз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді мүлде жаңа биікке көтереріне сенемін!

– Мен бұл сапарды көптен армандаған едім, бүгін сол арманым орындалды деуге болады, – деді Си Цзиньпин. – Әуежайға өзіңіз келіп, қарсы алғаныңызды мақтан етемін! Осы орайда, жылы қабылдауыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздің көрікті қалаңызды кеше бірге аралап көрдік. Біздер сондай-ақ ұлттық сипат пен нақыштағы заманауи ғимараттарды тамашаладық. Шынында да, он жылдан сәл астам ғана уақытта «дала жауһарындай» жаңа шаһар тұрғызылыпты! Мұның бәрі терең символдық мәнге ие, өйткені Астана – жас республикаларыңыздың дамуының көрінісі!

Ақордада өткен келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету перспективаларын қарастырды. Екі ел басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, шекаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқыға салды.

Кездесу кезінде Елбасы Қазақстан үшін Қытайдың басымдықты әріптес, әрі стратегиялық серіктес болып табылатындығын нықтады. Бұл ретте Н.Назарбаевтың айтуынша, «бірінші орында экономикалық ынтымақтастық тұр».

2012 жылы екі ел арасындағы тауар айналым 24 миллиард долларға жеткен. Сөйтіп, 2011 жылмен салыстырғанда, 12,5%-ға артты. Қос мемлекет басшылығы бұл сауда көлемін бұдан да ұлғайтпақ ниетте: осы көрсеткішті 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылған. Қазақстан басшысы бұған қол жеткізуге болатындығына сенімді екендігін мәлімдеді.

Осы сапары кезінде Қазақ елі үшін көкейтесті болып табылатын мәселеге қатысты мәлімдеме жасалды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі ел арасындағы трансшекаралық өзендер айналасындағы мәселелердің үлкен шиеленіске әкелмейтіндігіне сендірді: «Мен бірлескен іс-қимылдардың есебінен біздің елдеріміз арасындағы трансшекаралақ өзендер міндетті түрде «достық пен ынтымақтастық өзендеріне» айналатындығына сенімдімін» деді «аспанасты елінің» басшысы, Ақордадағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында.

Қазақ мұнайы, қытай қаржысы...

Қытай жағы осы сапарға үлкен мән берді. Олар Қазақстандағы ең ірі кен орнынан үлес алуды мұрат тұтты, әрі сол мақсаттарына жетті де. Нәтижесінде, Қытай «Қашағанға» құрық салды: Си Цзиньпиннің сапары аясында Қазақстан мен ҚХР еліміздегі мұнай мен газдың мол қоры сақталған осы алып кен орнын игерушілер қатарына «аспанасты елінің» энергетикалық алпауыты – «CNPC» корпорациясының енуіне түпкілікті уағдаласты.

– Қазақстан мен Қытай арасында Қашаған кен орнын игеруге Қытайдың үлестік қатысатындығы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, – деп мәлімдеді екі елдің журналистеріне, Ақордадағы Н.Назарбаевпен келіссөздерден кейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин. – Бұл уағдаластықты қос үкімет қолдайды және қуаттайды!

Осылайша, Қашағанды игерушілер қатарына «Eni», «KMG Kashagan B.V.» («ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны), «Total», «ExxonMobil», «Royal Dutch Shell» (бұлардың үлесі – 16,81%) және «Inpex» (үлесі – 7,56%) компанияларымен бірге, Қытайдың «CNPC» корпорациясы қосылып отыр.

Бұл жерде айта кетер жайт, Қашаған – Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігінде орналасқан, бүкіл әлемде соңғы жылдары ашылған ең алып мұнай-газ кен орны болып табылады. Оның геологиялық мұнай қоры – 4,8 миллиард тонна! Онда дүниежүзіндегі ең бір ірі табиғи газ қоры – 1 триллион текше метрден астам «көгілдір отыр» сақтаулы.

Қазақстан мен Қытай арасында жасалған, «CNPC» мен «ҚазМұнайГаз» қол қойған осы келісімнің елімізге нендей экономикалық пайда беретіндігін біз «ҚазМұнайГаз» басшысы Сауат Мыңбаевтан сұрағанбыз.

– ҚХР төрағасының мемлекеттік сапары аясында екі құжатқа қол қойылды, – деді С.Мыңбаев. – Оның біріншісі – «CNPC» мен «ҚазМұнайГаз» арасындағы ынтымақтасу бағдарламасы, ол мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Ал, екіншісі – Қашаған бойынша мәміле. Қашаған бойынша – барлық бекіту процедуралары аяқталған соң, қытайлық тарап 8,33% көлемінде оның акционері болады.

«ҚазМұнайГаз» басшысы мәміле құнының шамамен 5 миллиард доллар екендігін жеткізді. «Бірақ осы үлесті сату-сатып алу сыртында, бұл мәміледе тағы басқа бірқатар шарттар бар, – деді С.Мыңбаев. – Атап айтқанда, қытайлық тарап «ҚазМұнайГаздың» Қашағанның екінші кезеңіндегі үлесін қаржыландырады. Бұл жерде олар бізге сол үлесті сатып әпермейді, олар сол кезеңдегі инвестицияларды қаржыландыру бөлігінде міндеттемелер қабылдап отыр. Нақтылай айтқанда, екінші кезеңдегі бұл бөлік – шамамен 3 миллиард долларды құрайды. Осынша инвестицияны «ҚазМұнайГаз» салуға тиісті».

Әрине, қарапайым халық үшін экономистер мен заңгерлер тіліндегі бұл түсініктеме – түсініксіздеу. Сондықтан журналистер «ҚазМұнайГаз» басшысынан нақтылай түсуді сұрады. «Қараңыз: біріншіден, CNPC 5 миллиард долларға Қашағандағы үлесті сатып алады. Бұл – түсінікті! Екіншіден, «ҚазМұнайГаздың» өзі Қашағанда 16,81% үлеске ие. Сол үлесіне сәйкес, Қазақстан «ҚазМұнайГаз» арқылы жобаға мол инвестиция салуға міндетті. Міне, сол инвестициялардың жартысын, егер сондай қажеттілік туындаған жағдайда, CNPC қаржыландыратын болады» деді ол.

– Қарыз бере ме, әлде біздің орнымызға солар инвестиция сала ма?–деп нақтылады ақпарат құралдарының өкілдері. «Солар қаржы салады» деді ҚМГ басшысы.

Бұған қоса, ҚХР еліміздегі бірқатар ірі жобаларға инвестиция құятын болады: «Тұрба-құбыр зауыты, Ақтауда мұнай құрал-жабдықтарын шығаратын индустриалды кешен және Астанада бірқатар әлеуметтік нысандар салынуда» деді Сауат Мыңбаев.

Айтқандай, кеше «ҚазМұнайГаз» басшысының мәліметінше, Қашағанның тұңғыш мұнайы алынды. Осылайша, Каспийдің алып кен орнынан «қара алтын» өндіру тарихы бастау алды!

– Бұл, атап айтқанда, бірінші сынақтық мұнай, – деді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы, – Оны өндіру белгілі бір деңгейге дейін жетуге тиіс. Сонда жер-жаһанға Қашағанда коммерциялық өндірудің басталғандығы туралы жариялауға болады.

Сауат Мыңбаев коммерциялық өндіруге бір ай ішінде қол жеткізілетіндігін нақтылады: «Одан да аз болуы мүмкін: шамамен, үш апта».

Қашағанның «қара алтыны» Қазақстан мен Ресей арасындағы «Каспий тұрба-құбыр консорциумы» арқылы тасымалданатын көрінеді. Оған қажетті орын құбырда ендігі сайланып қойылыпты. «Қазақстан өз үлесін КТК арқылы тасымалдайтын болады, бұл – әбден нақты жайт. Бұған квотамыз бар, мұндай квота «Эксонда», «Шеллда» бар. Кейбірінде мұндай квота жоқ, олар өз үлестерін тасымалдаудың басқа жолдарын іздейтін болады» деп түсіндірді ҚМГ басшысы.

Бұған дейін хабарланғанындай, биылғы жылдың өзінде Қашаған кен орнынан 1,5-3 миллион тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарланып отыр.

Тағы бір жаңалық: Қазақстан мен Қытай басшылары елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу туралы уағдаласқан. Әзірге елімізде 3 МӨЗ бар. Оларды жаңғыртуға да Қытай тарапы тартылған.

Кәсіпкерлерін қорғайтын құрылым

Қазақ елі мен «аспанасты елі» арасындағы ынтымақтастықты тығыз етуге әрі тереңдетуге Қазақстан-қытай Іскерлік кеңесі үлес қоспақ. Осы жаңа тұрпатты Кеңестің тұңғыш отырысына Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин арнайы қатысты.

Алдымен, Қазақстан-қытай Іскерлік кеңесінің құрылтайшылық отырысы өтіп, оның аясында Қазақстан мен ҚХР мемлекеттік компаниялары экономикалық әріптестікті тереңдету мүмкіндіктерін талқыға салды. Бұл ретте «Сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті дамыту және инвестициялық мүмкіндіктерді әртараптандыру», «Ғылыми-техникалық және индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты арттыру», «Энергетикалық өзара әрекеттестікті әртараптандыру» тақырыптарындағы үш панелдік сессияда бірлескен жобалар қаралған.

Ал пленарлық сессияда қос мемлекет басшысы сөз сөйледі. Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қытайды сенімді серіктес және тату көрші ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті:

– Дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап біздің елдеріміз екіжақты экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге жетті. Өткен жылы өзара сауда көлемі 24 миллиард доллар болды. Екі жақтан күш салуымыздың арқасында соңғы жылдары өзара іс-қимылдың түрлі тетіктері қалыптастырылды және табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі мен тұрақты өткізіліп тұратын үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер – анағұрлым маңыздысы болып саналады.

Н.Назарбаевтың мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасында ендігі 170-тен астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжат бекітіліпті! Осылайша, «қазақ-қытай ынтымақтастығын одан әрі дамытуды реттейтін байыпты шарттық-құқықтық база құрылды».

Елбасы қытайлық және басқа да барлық инвесторларға «жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын» баса айтты: «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының, «Сарыбұлақ-Зимұнай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырларының құрылысы табысты инвестициялық өзара іс-қимылдың тағы бір мысалына айналды. Қазіргі уақытта біз жаңа «Жібек жолын» жаңғыртудамыз. Бүкіл еліміз бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральді көлік дәлізін, жаңа автомобиль жолдарын және теміржолдарды, теңіз терминалы мен логистикалық орталықтарды іске қосудамыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан көшбасшысы ақпараттық ағындар үшін Қытайға ең қысқа бағытты ұсынуға әзір екендігімізді мәлімдеді. Оны қабылдаса, Шың елінің Еуропамен тек жердегі ғана емес, ғаламтордағы байланысы да Қазақстан арқылы жүрер еді.

– Ұлы Жібек жолының тағы бір көрінісі – ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті дамыту болып табылады, – деді Н.Назарбаев. – Азия мен Еуропа арасындағы телекоммуникациялық арналарға деген сұраныстың өсіп отырғанын ескере келе, Қазақстан ақпараттар ағыны үшін мейлінше қолайлы және барынша қысқа бағытты ұсынуға дайын! Елімізде бар дата-орталықтардың қуатын тиімді пайдалануды бірлесіп ойластыруды ұсынамын.

Ал екі ел арасындағы Іскерлік кеңеске Елбасы қазақ-қытай бизнесінің арасындағы байланыстарды кеңейту міндетін жүктеп отыр. «Менің ойымша, онда елеулі экономикалық әлеует бар. Бұл құрылым қызметтің ашық форматына ие болуға және екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету бағытында пәрменді шараларды қабылдауға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаңа бастамамен шықты: ол Іскерлік кеңестің аясында жыл сайын салалар мен өндірістерді дамыту жобаларын жүзеге асыруға арналған «инвестициялық және жол карталарын» әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

– Сондай-ақ Кеңестің тиімді жұмыс істеуі үшін оның аясында Астанада тұрақты жұмыс істейтін органын құру қажет деп есептеймін. Бұған қоса, екі жақ үшін басым бағыттарды нысанаға алатын салалық жұмыс топтарын ұйымдастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Іскерлік кеңеске тапсырма берді: бұл құрылым Қазақстанда – қытайлық, ал, Қытайда – қазақстандық «кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға», бар күш-жігерін соған бағыттауға тиіс!

Осы жиында Елбасы тағы бір идеясымен елді елең еткізді: оған сәйкес, қазақ-қытай бірлескен басылымдары, тіпті телеарнасы ашылуы мүмкін.

– Көрмелерді, сауда жәрмеңкелерін, семинарларды, конференциялар мен екі елдің таныстырылымдарын тұрақты түрде өткізіп тұру қажет, олар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, тиімді пікір және іскерлік ақпараттар алмасуды жолға қою мақсатында Іскерлік кеңеске мерзімді баспа және электронды басылымдар шығаруды қамтамасыз ету ұсынылады,–деді Нұрсұлтан Назарбаев.

– Қытай мен Қазақстан – жақын көрші, шешуші стратегиялық әріптестер, – деді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. – Біздің саналуан салалардағы ынтымақтастығымыз бұрын-соңды болмаған биіктерге жетті! Мен Қазақстан Президентінің шақыруымен келіп отырмын. Біз бұл сапарды бұрыннан күттік. Нұрсұлтан Назарбаевпен арамызда, бізде өзара түсіністік орнаған. Мен Президент мырзаға екіжақты қатынастарымыздың дамуына зор үлес қосқаны үшін алғысымды білдіремін! Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайдың әртүрлі буындағы басшыларымен өте тығыз жеке қатынастармен байланысқанын білемін. Олар қазақ-қытай қарым-қатынастарының бірлесе берік іргесін қалады.

Си Цзиньпин «аспанасты елінің» жаңа төрағасы ретінде «ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында қазақ-қытай қатынастарын жаңа ірі межелерге жеткізу міндетін» жүзеге асыруға күш салатынын хабарлады.

– Қытай Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі. Қазақстан ТМД-дағы қытайлық инвестицияларды ең көп тартқан ел болып табылады. Қазақстанмен бірге біз Қытай тарихындағы тұңғыш құрлықтағы мұнай құбырын және жердегі шебімізде бірінші шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын салдық. Қытай Қазақстанға, тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі бірінші ірі ГЭС тұрғызуға көмектесті. Шын мәнінде мұндай мысалдар өте көп, – деді Си Цзиньпин.

Еліміздің оңтүстігі газдандырылады

Отырыс соңында «Бозой-Шымкент» учаскесіндегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырын іске қосу салтанаты өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин сенсорлы панелге қолдарын қойып, тікелей телекөпір арқылы осы газ құбырын «көгілдір отынмен» толтыруды бастауға жол ашты.

«Бозой-Шымкент» құбырын газбен толтыру – бірлескен ірі жобаның технологиялық үдерістерінің бірі болып табылады. Осы рәсім кезінде хабарланғанындай, бұдан кейін, құрылыс кестесіне сәйкес, «Бозой» және «Ақбұлақ» газөлшеу стансалары қолданысқа берілмек. Бұл келешекте Қазақстанның оңтүстігін еліміздің батыс өңірлеріндегі кен орындарынан шығарылатын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.

«ББШ» магистралды газ құбыры құрылысының аяқталуы Қазақстанның оңтүстігін «көгілдір отынмен» тұрақты қамтуға мүмкіндік береді» деп сендіреді «Қазтрансгаз» ҰК-ы. Бұл газ құбыры Манғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жерімен өтеді. Жалпы ұзындығы – 1 мың 477 шақырым. Жоба аясында «Бозой» және «Қараөзек» кенттерінде екі компрессорлық станса салу қарастырылған. Оның біріншісі іске қосылысымен, газ құбырының қуаттылығы жылына 6 миллиард текше метрге дейін жетпек. Ұлттық компанияның дерегінше, «бірінші кезеңде жаңа магистралмен тасымалданатын газ елдің ішкі тұтынысына жұмсалады: құбыр бойында орын тепкен 500-ден астам елді мекен газдандырылады». Құрылысты толық аяқтау және 10 миллиард текше метрлік жобалық қуаттылыққа шығу 2015 жылға жоспарлануда.

Осы газ құбырымен Қазақстан бірнеше мемлекеттік міндетті шешпек ниетте: біріншіден, қазақ газын елдің оңтүстігіне беру, екіншіден, республиканың магистралді газ құбырларын Бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіру. Ақыр соңында, ол Қытайдың алып нарығына «көгілдір отын» экспорттауға мүмкіндік береді екен.

Қазақ пен қытай жаңа мәміле жасасты

Іскерлік кеңес отырысының барысында экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен қытайлық «СИТИК» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэминь Қазақ-қытай Іскерлік кеңесінің «Инвестициялық картасын» жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.

– Бүгін панелдік сессиялар қорытындысында, біз Іскерлік кеңесіміздің «Инвестициялық картасын» түздік, – деді Өмірзақ Естайұлы. – Ол біз үшін негізгі құжат болады. Оның аясында жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 21 бірлескен жобаға мониторинг жүргізіледі. Бұл жобалардың барлығы 2020 жылға дейін іске асырылуға тиісті.

Бұған қоса, осында «Павлодар» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Қытай Даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Қытай-Агро холдинг» арасында өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ «Біріккен химия компаниясы» мен «Чайна Хуанку Конткратинг Инжиниринг» корпорациясы арасында бірлескен қызмет туралы келісім бекітілді.

Осында жасалған мәмілелерге сәйкес, Қазақстан мен Қытай Шыны зауытын және Көмірді кешенді өңдеу кешенін салатын болды.

Қытай басшысының сапары не қорытынды берді?

«Аспанасты елінің» жаңа басшысының елімізге тұңғыш сапарының аясында Астана мен Бейжің Жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту туралы Бірлескен декларация бекітті. Бұл құжатқа Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин қолдарын қойды. Бұл ретте дәл осындай құжаттың әлемдегі бір де бір елмен арамызда жоқтығын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, бұдан өзге де бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасында дипломатиялық өкілдіктерге ғимараттар салу үшін жер учаскелерін өзара беру келісімі жасалды. Келесі келісімге сәйкес, Қазақстан мен Қытай ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану және зерттеу саласында ынтымақтасатын болды.

Сондай-ақ 2020 жылға дейінгі Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын орта мерзімді және ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасына, Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚХР Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы көмірді кешенді терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, «Қазақстан темір жолы» мен Ляньюньган қаласының халықтық Үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Ақордада қол қойылған, екі елдің үкіметтері деңгейінде бекітілген тағы бір құжатқа сәйкес, Қазақстан және ҚХР Қорғас өзеніндегі «Достық» ортақ су торабын бірлесіп пайдалануға және басқаруға келісті.

Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 30 миллиардтан асатын 22 келісімшартқа қол қойылған.

– Біз келесі мұнай өңдеу зауытын бірлесе салуға уағдаластық, – деді екі елдің журналистеріне Елбасы Н.Назарбаев. – Біз ондай зауытқа мұқтажбыз. Біз ауыл шаруашылығында ынтымақтасуға келістік: осы тұрғыда үлгілі, көрнекті шаруашылық салынады. Көлік және коммуникациялар саласындағы жобалар жалғасады. Гуманитарлық салада біздің студенттер ҚХР-да, қытай студенттері «Назарбаев университетінде» оқитын болады.

Қазақстан көшбасшысы көрші елдің «ізгі ерік» танытып отырғанын айтты: «ҚХР-дың ізгі еркі – оның бізге алып нарығын ашуында. Біз енді Тынық мұхитқа шығамыз! Тынық мұхит жақтан тауарлар Қазақстан арқылы Еуропаға жетеді, ал бұл – қазіргі тасымал жолынан 3,5 есе қысқа. Осының барлығы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі! Осы жоспарлардың барлығы тату көршілік, бауырлық, тең құқылық, бір-біріміздің ішкі ісімізге араласпау жағдайында жүзеге асырылатын болады! – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>