С. ШАЙМАРДАНҰЛЫ: ЭЛЕКТРОНДЫ БЕСІК ЖАСАП, АНАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТТІМ

– Серікбол, сіздің электронды бесікті жасап шыққаныңызды естігенде бүкіл БАҚ өкілдері, ғалымдар да үн қатып үлгерді. Жалпы бұл идея қашан туды?
– Бесік туралы ой бала кезімнен бар. 2007 жылы Қытайда физикадан үлкен жарыс болды. Сол жылдары бесікті тоқпен жалғап, өзі тербелетін бесіктің макетін жасадым. Астанаға оқуға түскеннен кейін бастаған жобамды қолға алып, оның толық нұсқасын жасап шықтым.
– Енді қазақ балалары бұл бесікте қашан тербетіледі?
– Белгілі кәсіпкерлерөндіріске шығаруға ұсыныс білдіріп жатыр. Әзірге тапсырысты кімге беретінімді шеше қойған жоқпын.«Жүз жаңалықтың біреуі өндіріске енсе, үлкен олжа» деген бар. Патентті Қытайдан алдым, бірақ өнім Қазақстанда жасалса деймін.
– Тал бесіктен бұл бесіктің қандай айырмашылығы бар?
– Бала жыласа болды, ол өздігінен тербетіле бастайды, баланың түбегі толып кетсе белгі береді, сүтті де жылыта алады.
– Бесіктен басқа қандай идеяларыңыз бар?
– Бұдан басқа циркуль, ауадан су алатын құрылғы жасап шығардым. Бірақ бұл құрылғының негізгі идеясы академик Мұхтарбай Өтелбаевқа тиесілі. Бұлар қолдағы азғантай қаражаттың көмегімен пайда болған дүниелер. Ойымда жүздеген идея жатыр. Оларды жасап шығару үшін уақыт пен қаражат керек. Алтыншы сыныпта әмбебап циркульді жасағаным үшін Қытай қазақтарынан алғаш рет патент алған мен едім. Сол патент әкемнің екі айлық жалақысымен тең. Негізі мені танытқан да сол циркуль.
– Қазақстандағы инвестициялық бастамалар мен өндірістің өркендеу қарқынына көңіліңіз тола ма?
– Әрине. Мен негізі үкіметке алақан жайып, қарап отырғанды ұната қоймаймын. Жігіт үшін біреудің үстінен күн көру масылдық. Еркелік сәби мен жас әйелге ғана жарасады. Қолымнан келгенше өз жобаларымды өзім жасап шықсам деймін. Болашақта ата жұртыма қызмет етіп, елдің атын әлемге танытуды мақсат етіп отырмын.
– Серікбол, сіздің бүгінгі танымалдылығыңыз өзіңізге қызмет ететін кез болып тұра ма?
– Кейде болады. Онда да университтеттегі шаруаларымды бітіретін кезде.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Балаларды өнертапқыштыққа баулитын тележоба дайындап жатырмын. Бұл да сонау ертеректе ойға алған мақсаттарымның бірі. «Өнертапқыштық – амал мен әдіс» деген кітабымның желісі бойынша сол жобаны дайындасам деймін. «Білім» арнасы да қызығушылық білдіріп отыр.
– Қоғамнан не күтесіз? Көңіліңізге қаяу түсірген жағдай бар ма?
– Жастарда бөлінушілік бар. Ауыл қазағымен қала қазағының бастары бір қазанға сыймай жатқаны жасырын емес. Ру мен жүзді айтпағанның өзінде жер-жерге бөлініп, өзі аз қазақты алатайдай ететін сыңай байқалады.
– Әңгімеңізге рахмет!